Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірде жалпы көлемі 1,4 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынған. Бұл ретте өткен жылы облыс орталығында 630-дан астам азамат баспаналы болса, биыл жыл соңына дейін шамамен 1400 адамға баспана беріледі деп жоспарланып отыр. Осы орайда Талдықорғандағы Салтанат сарайында жалпы саны 41 отбасыға жаңа үйлердің кілті берілді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шарада өңір басшысының атынан жаңа қоныс иелерін құттықтаған қала әкімі Ернат Бәзіл халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекет саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Соған сәйкес қалада тұрғын үй құрылысының қарқыны жылдан-жылға артып келе жатқанын және бұл мәселе облыс әкімінің тұрақты бақылауында екенін жеткізіп, әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтарға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға жаңа қоныс кілттерін табыстады. Атап айтқанда, баспана «Береке» коттедж қалашығынан, «Жастар-3» тұрғын үй алабынан, «Шығыс» және «Құлагер» шағын аудандарынан, сондай-ақ Қ.Жалайыр даңғылы бойынан берілді.
Осы күні үйлі болғандардың қатарында көпбалалы ана Назгүл Балабекова да бар. Ол «Жастар-3» тұрғын үй алабынан жаңа баспананың кілтін алды.
— Бүгін біздің отбасымыз үшін ерекше қуанышты күн. Өз баспанамызға қол жеткізу көптен күткен арманымыз еді. Осындай мүмкіндік жасап, әлеуметтік жағынан осал отбасыларға тұрақты қолдау көрсеткен барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Балаларымыздың өз үйінде өсіп, жарқын болашаққа сеніммен қадам басуына барлық жағдай жасалып отыр. Әр шаңыраққа құт-береке ұяласын, – деді көпбалалы ана Н. Балабекова.
Қоныстой қуанышына кенелген тағы бір тұрғын ой бөлісті:
— Бүгін, міне, он алты жылдан кейін баспаналы болдық. Отбасында балаларды бір өзім өсіріп жеткізіп келемін. Сондықтан мен үшін баспаналы болу аса маңызды. Қазір үйдің кілтін қолымызға алдық, енді отбасымызбен бірге үйімізді барып көреміз. Қуанышымызда шек жоқ, — дейді Сәния Мұндаева.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотолар: Дмитрий Ерофеев, Олжас Құрмашев.





























