Алматы облысында саяси-қуғын сүргін құрбаны болған тағы 10 азаматтың аты-жөні анықталып отыр. Бүгінде олар жайлы толық мәліметтер жиналды. Жазықсыз атылған боздақтардың тізімі 31 мамырда жарияланып, Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы мұражайға ілінеді. Бұл ақпараттарды жинауға ішкі істер министрлігінің мұрағат қоры түркі болған.

Жаңалық – қасіретті жылдардың куәсі болған мекен. Мұнда 4500-ге жуық жазықсыз жапа шеккендер жерленді. Аты аталмаған, құжаттары зерттелмегендер де бар.

Мейіржан Мұсабаев, саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің меңгерушісі:

Кейбір адамдар өзерінің аталары жайында қандайда бір мәлімет бар-жоғын анықтау үшін біздің мұражайға келеді. Егер бар болса, толық деректерді таныстырамыз. Ал, мәлімет табылмаған жағдайда оның іздестіру жолы көрсетіледі. Бүгінде Алматы облысының ішкі істер департаментінің архивімен және Алматы қаласының ІІД архивімен көп жұмыстар жасап отырмыз.

Биыл саяси репрессияға 84 жыл.  Осы мақсатта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» жарлыққа қол қойды. Қуғын-сүргінге ұшыраған әртүрлі топтарды ақтау бағыттарын пысықтау үшін өңірлерде арнайы жұмыс топтары құрылған. Қазір әр облыста құрылған комиссия өз жұмысын бастап кетті. Енді олар жабық қорлардан ақпараттар алып, зерттеп, зерделемек. Жыл соңына дейін тың деректер ұсынылатын болады.

Комиссиялар құрылғанын естіп, қуанғанның бірі – Владимир Гаппаров. Ол әлі күнге атасының сүйегін таппай жүр. Айтуынша, атасы Юсуп Гаппаров Т.Рысқұловпен дос болғаны үшін 1937 жылы «халық жауы» атанып, Алматы қаласында ату жазасына кесіліпті.

«Әкем екеуміз кезінде зираттарды аралап, атамның жерленген жерін таба алмадық. Бірақ 4 жыл бұрын мен осы істі қолға алып, зерттей бастадым. Ішкі істер министрлігінің мұрағатына жүгіндім. Сол жерден атамның құжаттарын, суреттерін таптым. Бар тапқан ақпараттарымды осы музейге әкеліп өткіздім. Атам ерлікпен қаза тапты. Ол елім деп еңбек етті. Бірақ жазықсыз жауыздар қолынан қаза тапты», — дейді В.Гаппаров.

Владимир Гаппаров Жаңалық ауылының тұрғыны. Боздақтар сүйектерін талай тауып алып, табыттарға сап, арулап қайта жерлескен азаматтардың бірі. Тіпті, өзі тұрып жатқан саяжай ауласынан да адам сүйектері шығыпты. Жазықсыз атылғандар, көмусіз қалғандар туралы қандай да бір дерек шықса, елеңдеп ақпарат жинап жүреді. Әкесі өлерінде атаңның сүйегін тап деп аманаттап кетіпті.

В.Гаппаров: Мен әкеме «қайтсем де атамның жатқан жерін табамын» деп уәде берген едім. Мына Жаңалықта әлі де қазылмаған қорымдар бар. Ол жерлерде кімдердің сүйегі жатқаны беймәлім. Бір үмітім Президенттің тарихты түгендеу туралы Жарлығы. Жаңа құрылған комиссиялар архивтерді ақтаруға мүмкіндік береді. Бәлкім, менің де атамның атылған жері анықталар.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының тізімі жылдан жылға толықтырылып келеді. Осыған дейін аты аталмай келе жатқан боздақтар жайлы тың мәліметтер жинақталған. Оларға Жаңалық ауылындағы мұражайда арнайы экспозициялар қойылыпты. Осылайша көрме арқылы музей қонақтарына насихаттау жұмыстары жүргізілуде.

«Бізде қуғын сүргін құрбандарына арналған 5 қор бар. Сол 5 қордың ішінде Алматы облыстық прокуратурасының 408 қоры орналасқан. Ол жерден репрессияға ұшыраған, ақталған азаматтардың құжатын кезіктіруге болады», — дейді облыстық мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Гүлмира Асылханова.

Айта кетейік, Алматы облысында 4125 адам қуғын сүргінге ұшыраған. Олардың есімдері Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы мұражайдың тақтайшасына жазылған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK