Жастар – қоғамның қозғаушы күші немесе ел ертеңі жастардың қолында деп жатамыз. Солай делік. Бірақ, жас буын екі қолға бір күрек таба алмаса, қоғам қалай дамымақ? Шыны керек, бойында күш қуаты мен жігері тасып тұрған, алайда бос жүрген жастарды көргенде еріксіз қынжыласың. Қазір олардың нағыз білек сыбанып, іске кірісетін кезеңі емес пе? Мәселен, өткен жылы маргинал жастардың көрсеткіші бойынша Алматы облысы көш басынан көрінді. Сол кезде жергілікті билік шұғыл қарекетке көшіп, өзекті мәселенің шешілу жолдарын қарастыра бастаған. Содан бері сегіз ай өтіпті. Біз осы орайда жастар бастамаларын дамыту және NEET тобымен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Айгерім Серікқызына жолығып, бірнеше сауалымызды қойған едік.

— 2020 жылы Жетісу өңірінде 39 мың маргинал тіркелгенін білеміз. Не оқуда, не жұмыста жоқ жастардың бұл көрсеткіші жақсы емес, әрине. Қазір бұл мәселе қалай шешілуде?

– Сіз атап өткен не оқуы, не жұмысы жоқ, бос жүрген жастарды біз NEET санатына жатқызамыз. Өткен жылдан бері осы санаттағы жастарға 11 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткіздік. Барлығын қосқанда 810 жұмыс орны ұсынылып, нәтижесінде 302 жас жұмыспен қамтылды. Бүгінде елдегі төтенше жағдайға байланысты NEET санатындағы аудан, қала жастарын қоғамдық жұмыстарға ақылы негізде тарту жұмыстары жүргізілуде. Қазір маргинал жастардың саны азайып келеді. Мәселен, облыста 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны 392 855 адам болса (қала жастары 312 668), оның ішінде NEET санатындағы жастар 7,1 пайызды (21 600 адам) құрайды. Бұл 2020 жылдың 4 тоқсанында шыққан қорытынды.

– Енді жұмыссыздық мәселесіне оралсақ. Бүгінде оқу бітірген, бірақ жұмысқа орналаса алмай жүрген жастар баршылық. Жастарға қызмет көрсету орталығы бұл тұста қандай шаруалар атқаруда?

– Бұл мәселені көбіне жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп шешеміз. Бізде жас мамандарға 6 айлық жастар практикасы қарастырылған. Мұнда әр адам өзінің мамандығы бойынша белгілі бір мекемеге жұмысқа орналасып, 6 ай көлемінде іс-тәжірибеден өтеді. Кейін шарт бойынша мекеме басшысы жас маманды жұмысқа қабылдауы керек. Жастар практикасына жолдаманы жұмыспен қамту орталығы береді. Мәселен, биыл жастар практикасына 438 түлек жіберілді.

Негізі, біздің міндетіміз – жастарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсету. Орталықта арнайы дайындалған білікті мамандарымыз бар. Олар «Бизнестің жол картасы», «Еңбек», «Нұрлы жер», «Дипломмен ауылға!», «Серпін – 2050» сынды мемлекеттік бағдарламалар бойынша жастарға «онлайн» режимде және тікелей кеңес береді. Сондай-ақ, «Техникалық және кәсіптік білім беру» бойынша да түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Мұдан бөлек, ғимаратта медициналық, психологиялық кеңес беру жағы да қарастырылған.

– Осының ішінде «Еңбек» бағдарламасына кеңірек тоқталып өтсеңіз.

– Біз осы бағдарлама арқылы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесеміз және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасаймыз. Мәселен, 2021 жылдың 1 сәуіріне «Еңбек» бағдарламасы аясында 4424 жас белсенді жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Оның ішінде 3530 адам жұмысқа,  922 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

– Ал, өз кәсібін дөңгелеткісі келген жастарға мемлекеттен қандай көмек қарастырылған?

– Біз жастардың шағын бизнесіне қан жүгірту үшін олардың грант ұтып алуына жағдай жасаймыз. Айталық, биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша 18 адам қайтарымды қаражаттан шағын несие, 79 адам жаңа бизнес идеяларды дамыту үшін гранттар алды. Қазір сол азаматтар кәсібінен пайда тауып, өзін-өзі жұмыспен қамтуда.

– «Еңбек» бағдарламасының тағы қандай тиімді тұстары бар?

– Осы бағдарламаның үшінші бағытында 29 жасқа дейінгі жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылған. Биылдыққа 2 мыңға жуық адам еріктілер тобына, «Жасыл ел» жасағына және 171 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты. Жалпы, 2021 жылдың 1 тоқсанында жастар жұмыссыздығының деңгейі 3,4 пайызды (9 700 адам) құрады.

– Жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламаларды ауыл жастарына қалай түсіндіресіздер? Шалғай елді мекендегілер бұл жайттан мақұрым қалып жатқан жоқ па?

– Бізде бұрыннан колл орталық қызмет атқарады. Облысымыздың әр азаматы 40-13-43 телефон нөміріне хабарласып, кез келген бағдарлама бойынша сұрағын қоюға мүмкіндігі бар. Мамандарымыз барлығына толыққанды жауап береді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK