Жетісу облысы Сарқан ауданының Екіаша ауылында «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Бұл – облыста осы бағдарламамен 9-шы өрт сөндіру посты.
Жаңа өрт сөндіру пункті Тополевка, Аманбөктер және Баянбай ауылдарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған елді мекендерде жалпы саны 3 мыңға жуық адам тұрады.
Іс-шараға Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Алтынбеков, Сарқан ауданының әкімінің орынбасары Алмас Байгунысов және ауыл тұрғындары қатысты.
Өрт сөндіру пункті жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ашылды. Мұнда диспетчерлік бөлме, жеке құрамның демалыс және тұру бөлмелері, тұрмыстық үй-жайлар, сондай-ақ арнайы техникаларға арналған бокс қарастырылған. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан өрт сөндіру техникасы, байланыс құралдары мен жабдықтар берілді. Жетісу облысы ТЖД қызметкерлері еріктілерді оқытып, олардың практикалық дағдылары мен төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дайындығын жетілдіретін болады. Бөлімше қажетті жеке құраммен толық жасақталған, бұл төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өрт сөндіру пунктінің аумағында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жасыл желектер отырғызылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Жетісу облыстық ТЖД ұсынды.





























