Жетісу облысы – энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту бойынша ұлттық жобаларды жүзеге асыруда көшбасшылар қатарында

Жетісу облысы 2026–2027 жылдарға арналған жобалар пулын қалыптастыру бойынша «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруда көшбасшы өңірлердің қатарында. Жалпы алғанда, 2026–2027 жылдары Жетісу облысында ұлттық жобаны жүзеге асыруға шамамен 79 млрд теңге инвестиция бағытталады. Осы қаражат есебінен 1156,2 шақырым инженерлік желі жөнделіп, жаңғыртылады, сондай-ақ 83,6 мың есепке алу құралы орнатылады. Соның нәтижесінде инженерлік инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 19%-ға төмендейді деп күтілуде, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, биыл өңірде электрмен, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру салаларын қамтитын 23 жоба жүзеге асырылуда. Барлық нысандар бойынша мердігер ұйымдар анықталып, қаржысы қарастырылған, қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша 568 шақырым инженерлік желіні жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл инженерлік инфрақұрылымның орташа тозу деңгейін 15%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Ал 2027 жылы өңірде тағы 34 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың аясында 588,2 шақырым инженерлік желі жаңғыртылып, 83,6 мың есепке алу құралы орнатылады.

Сонымен қатар 2029 жылға дейін өңірде 62 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл шамамен 1,5 мың шақырым инженерлік желіні жаңғыртуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, 1155 шақырым электр беру желісі мен 6 қосалқы станцияны, 310,1 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін, сондай-ақ 10,1 шақырым жылу желілерін жаңғырту көзделген. Соның нәтижесінде электрмен жабдықтау нысандарының тозу деңгейі 78,5%-дан 49,9%-ға дейін, сумен жабдықтау нысандары бойынша 33%-дан 24%-ға дейін, су бұру жүйелерінде 55%-дан 47%-ға дейін, ал жылумен жабдықтау нысандарында 61%-дан 38%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

Осылайша, ұлттық жобаны өңірде тиімді іске асыру облыстың коммуналдық инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартуға, көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сенімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ өңірдің инженерлік инфрақұрылымын одан әрі тұрақты дамытуға негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Иллюстрация ЖИ көмегімен жасалды

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз