Жетісуда су шаруашылығында 9 жоба толық іске асырылғанда 34,3 мың га жерді суару жақсарып, 3,2 мың га жаңа жер айналымға қосылады

Жетісу облысында вегетациялық кезең үздіксіз жүргізіліп, өңірдегі суармалы егістік жерлер сумен тұрақты қамтылуда. Мәселен, бекітілген кестеге ауыл шаруашылығы дақылдарына бірінші және екінші суы беріліп, бүгінгі күні 44 мың гектарға үшінші суы жеткізілуде, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде суармалы судың шығынын азайту мақсатында 9 су шаруашылығы нысанына қайта жаңғырту жәнен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, бұл жобалар Ислам даму банкі арқылы, республикалық және жергілікті бюджет есебінен Ақсу, Көксу, Қаратал, Сарқан, Ескелді аудандары мен Талдықорған қаласында жүзеге асырылуда. Осы жобалар аяқталғанда 34,3 мың га жердің суаруы жақсартылып, 3,2 мың га жаңа жер айналымға қосылады.

Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандардың бірі – «ҚазСуШар» РМК филиалының Ескелді өндірістік учаскесіне қарасты «Алмалы» су қоймасы. Мұндағы құрылыс жұмыстарын атқарып жатқан мердігер ұйым жалпы ұзындығы 2,6 км магистралды арнаның темір бетон латоктарын ауыстыруда. Бүгінге дейін 1 км арнада жұмыстар жүргізілді, қалғаны жыл соңына дейін аяқталады. Нысанда жеті жұмысшы мен бес арнайы техника жұмылдырылған.

— Жаңа темірбетон латоктар сүзгіленуден болатын су шығынын едәуір азайтып, суды ауыл шаруашылығы алқаптарына шығынсыз, ысырапсыз жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта магистралды канал қайта жаңғыртылып жатқанына қарамастан, су қолданыстағы жүйе арқылы үздіксіз беріліп отыр. Бұл су қоймасының жалпы сыйымдылығы – 5,5 млн текше метр. Осы жылы су қоймасына 3,8 млн текше метр су жиналды, бүгінгі таңда онда 2,184 млн т.м. су қоры бар. Бұл көлем су пайдаланушылар алдындағы барлық міндеттемелерді толық орындауға жеткілікті. Биылға 23 шаруа қожалығымен келісімшарт рәсімделіп, 223 гектар жерге су берілуде. Басты міндет – суару маусымының қызған кезеңінде су жеткізуде ешқандай іркіліске жол бермеу. Бұл ретте су көлемі тұрақты, суармалы су  жеткілікті, шаруашылықтарға үздіксіз берілуде, — деді Ескелді аудандық өндірістік учаскесі басшысының орынбасары Шыңғыс Мұқатов.

Атап өтсек, бүгінгі күні бұл су қоймасы 312 га суармалы жерді сумен қамтып отырса, алдағы уақытта оның көлемін 600 га жеткізуге мүмкіндік тумақ.

Шаруа қожалықтарының бірінде сушы болып еңбек ететін Жананұр Қыдырғали қазіргі уақытта суару өз деңгейінде жүріп жатқанын айтады. «Су дер кезінде, қажетті мөлшерде беріліп жатыр. Ешқандай іркіліс жоқ, сондықтан дақылдар жақсы өсіп келеді. Егер ауа райы қолайлы болса, биыл мол өнім аламыз деген үміттеміз», – дейді ол.

Жалпы, биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 511,8 мың гектарға себілді, оның 200,2 мың гектары суармалы егістікте өсіріледі. Ал суармалы су облыстағы 6 су қоймасы және 12 жер үсті су көздері (өзендер) арқылы қамтамасыз етіледі.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз