Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында салынған «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының толық жүктемесін қамтамасыз ету мақсатында жеке инвестициялар есебінен Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарындағы 84 елді мекенді газдандыру бойынша 6 жоба әзірленді. Жобаларды іске асыру 2026-2028 жылдарға жоспарланған, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, табиғи газды тұтынудың қарқынды өсуі жағдайында «Алматы – Талдықорған» магистралды газ құбырының өткізу қабілетін арттыру аса маңызды мәселе болып отыр.
Осы мәселені шешу үшін жеке инвестициялар есебінен «Алматы – Талдықорған» магистралды газ құбырының лупингін салудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы келесі жылға жоспарланған
«Бүгінгі күні облысты газдандыру деңгейі 67,2%. 110 елді мекен газдандырылып, 467 мың адам газға қол жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 16 елді мекенді газдандыру жұмыстары жалғасуда. Осы жобалардың аяқталғанда газдандырылған елді мекендер санын 126-ға, ал газдандыру деңгейін 72%-ға дейін жетеді немесе 500 мыңнан астам адамнығ газға қосылуға мүмкіндік жасалады», — деді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.
Еске салсақ, Жетісу облысы құрылғанға дейін небәрі 5 елді мекен немесе облыс халқының 27%-ы газдандырылған болатын.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев.





























