Талдықорған қаласындағы Қаратал жағалауында Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – дала жүрегі» атты мәдени іс-шара өтті. Шараға 2000-ға жуық тұрғын мен қала қонақтары қатысты.
Іс-шара аясында көрермендердің қатысуымен ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған танымдық-интерактивті ойын ұйымдастырылды. Қатысушылар қазақтың дәстүрлі өнері, күйшілік мұрасы, домбыра тарихы мен ұлттық мәдениетке қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынады.
Ойын қорытындысы бойынша белсенділік танытып, жоғары нәтиже көрсеткен 10 қатысушыға ұлттық өнерді қолдау және насихаттау мақсатында домбыралар салтанатты түрде табысталды.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ халқының рухани мұрасы саналатын қасиетті домбыраны ұлықтау, ұлттық өнерді кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру және ұлттық мәдениетті дәріптеу.





























