Ұлттық домбыра күні: Жетісуда домбырашылар әлемнің 10 елінің музыканттарымен тікелей эфирде бірге «Алқиса» күйін бір мезетте орындады

Ұлттық домбыра күніне орай Жетісу облысында Мұқан Төлебаев атындағы оркестрдің музыканттары тікелей эфирде әлемнің 10 елі мен республикаларынан домбырашыларымен бірге Нұрғиса Тілендиевтің «Алқиса» күйін бір мезетте орындады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мерекелік шара Талдықорған қаласында өтті. Тікелей эфир арқылы оған Қытай, АҚШ, Түркия, Бельгия, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Башқұртстан және Алтай өлкесінен домбырашылар қатысып, осылайша қазақтың күй өнерінің шеберлері мен жанашырларын бір арнаға тоғыстырды.

Көрерменге ерекше әсер қалдырған театрландырылған пролог барысында ақсақалдың домбыраны алдымен жас буынға, кейін бүлдіршінге символдық түрде табыстауы ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық мұраның мәңгілік өміршеңдігін көркем бейнеледі. Жас өнерпаз орындаған алғашқы күйді Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі жалғастырып, концерттік бағдарламаның шымылдығын ашты.

Мерекелік концерт аясында халық аспаптар оркестрі, дәстүрлі ән орындаушылары мен танымал күйшілер қазақ музыка өнерінің таңдаулы шығармаларын орындады. Құрманғазының «Адай», «Махамбет» күйлері, халық әндері мен термелер көрерменнің көңілінен шықты. Ұлттық би ансамбльдерінің жарқын қойылымдары мерекенің ұлттық нақышын айшықтай түсті.

Шараның ең қызықты бөлімдерінің бірі көрермендерге арналған интерактивті ойындар болды. Қатысушылар домбыра тарихы мен қазақтың күй орындаушылық өнеріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, өздерінің мол білімі мен мәдени мұраға деген шынайы қызығушылығын көрсетті.

Мерекенің арнайы қонағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақберген Асқарбеков Ұлттық домбыра күнінің маңыздылығына ерекше тоқталды.

— Домбыра – халқымыздың тарихын, дүниетанымын және өмір салтын сақтап келген қасиетті мұра. Осындай мерекелер арқылы жас ұрпақ ұлттық өнердің қадір-қасиетін тереңірек түсінеді. Жетісудың шығармашылық дәстүрін жалғастырып жүрген өнерпаздардың, белгілі күйшілер мен жас орындаушылардың шеберлігі әрбір тыңдарманның жүрегінен орын тапты, – деді ол.

Қала тұрғыны Айнагүл Сәрсенбайқызы да өз әсерімен бөлісті.

— Бұл кеш бізге тамаша музыка сыйлады. Домбыраның қоңыр үні Қаратал өзенінің жағасында ерекше әсермен қалықтады. Осындай мазмұнды мәдени шаралар қоғамның рухани әлемін байытып, ұлттық өнеріміздің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдейді, – деді ол.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Фототілші: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз