Жетісу облысында түрлі этнос жастарының қатысуымен «Үздік жас домбырашы» облыстық байқауы өтті. Жалпы, өңірдің аудан-қалаларында Ұлттық домбыра күніне арналған 50-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Соның ішінде шығармашылық байқаулар, көрмелер, әдеби-музыкалық кештер, танымдық және тәрбиелік сынып сағаттары, челленджер, флешмобтар, мерекелік концерттер бар, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Талдықорғанда өткен домбырашылар байқауын «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды. Байқаудың негізгі мақсаты – түрлі этнос өкілдері арасында қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүрлі музыка өнерін насихаттау, өңірдің мәдени имиджін арттыруға ықпал ету, домбырада шебер орындайтын дарынды жас орындаушыларды анықтап, олардың шығармашылық әлеуетін қолдау.
Байқау барысында қатысушылар халық күйлері мен қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің туындыларын орындап, өз өнерлерін паш етті.
Байқауға қатысушы Ершат Байқаданұлы:
– Мен Қаратал ауданынан келдім. Үштөбе қаласындағы Балалар шығармашылығы орталығында домбыра сыныбы бойынша білім алдым. Домбыраны алғаш рет бала күнімде көріп, осы ұлттық аспапқа деген қызығушылығым оянды. Кейін атам маған домбыра сыйлаған соң, тегін үйірмелерге қатыса бастадым. Одан кейін музыка мектебіне түсіп, ұстазым Жанар Тұтқабековадан тәлім алдым. Бүгінгі байқауда Құрманғазының «Адай» және Нұрғиса Тілендиевтің «Жекпе-жек» күйлерін орындадым. Бұған дейін де Шымкент, Атырау қалаларында және еліміздің өзге өңірлерінде өткен домбырашылар байқауларына қатыстым, – деді ол.
Қатысушылардың тағы бірі Сарқан ауданынан келген Анастасия Банахович байқауға бір айға жуық уақыт дайындалғанын айтады.
— Бүгін атақты күйші-композиторлар Дәулеткерейдің «Қос алқа», Құрманғазының «Балбырауын» күйлерін шертемін. Музыкалық байқауларға қатысқанда оны ең бастысы тәжірибе алмасу деп қабылдаймын, мен үшін жеңу емес, қатысу маңызды. Сарқан қаласындағы Шығармашылық үйінде сабақ алған соң қазір төрт жылдай домбыра тартуды үзбей жалғастырып, шеберлігімді жетілдіріп келемін, — деді жас домбырашы.
Байқау қорытындысы бойынша үздік орындаушылар домбыра бейнесіндегі статуэткамен, дипломдармен, бағалы сыйлықтармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Еске салсақ, облыс орталығы Талдықорғанда 3 шілде күні Ұлттық домбыра күніне арналған Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияның мәдени-көпшілік бағдарламасы ұйымдастырылады. Осы мерекелік шарада көрермендерге қазақтың дәстүрлі күй өнері кеңінен насихатталды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов





























