Зейнеткерлікті оңай рәсімдеңіз

3

Зейнетке шығу – әрбір азаматтың өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Бүгінгі күні Жетісу облысында 98 241 зейнеткер тұрады. Жыл басынан бері өңірде 2 744 азамат жасына байланысты зейнетақы тағайындауға өтініш білдірді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»  Жетісу облысы бойынша филиалы хабарлады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, зейнетке шығу көрсеткіші бойынша Талдықорған қаласы көш бастап тұр – жыл басынан бері мұнда 780 тұрғын зейнеткерлікке рәсімделген.

«Қазіргі уақытта азаматтар үшін мемлекеттік қызмет алу барынша оңтайландырылды. Мәселен,  бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдерді, базалық және ынтымақтастық зейнетақыларды тағайындау композиттік қызмет аясында — яғни, тек бір ғана өтініш негізінде жүзеге асырылады», — деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Абзал Омаров.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, зейнетақы төлемдері (базалық және ынтымақтастық) мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры төлемдері уәкілетті органға жүгінген күннен бастап тағайындалады. Өтініш пен құжаттар топтамасы тіркелген күн зейнетақы тағайындаудың бастапқы мерзімі болып танылады.

Зейнетақыны уақытылы рәсімдеу үшін зейнеткерлік жасқа толуға 10 күн қалғанда жергілікті ХҚКО бөліміне хабарласу қажет.

ХҚКО-ға жолығу кезінде азаматтар келесі құжаттарды ұсынуы тиіс:
· Жеке басын куәландыратын құжат және оның көшірмесі.
· Еңбек өтілін растайтын құжат (еңбек кітапшасы, архивтік анықтамалар).
· Жұмыс беруші тарапынан берілген табысы мен аударылған зейнетақы жарналары туралы анықтама.

Жеке кәсіпкерлер және азаматтық-құқықтық сипаттағы  келісімшарт бойынша қызмет атқарған тұлғалар кіріс туралы құжатты аумақтық мемлекеттік кірістер органынан (салық бөлімінен) алуға міндетті.

Кей жағдайларда құқықтық мәртебені нақтылау үшін білім туралы диплом, әскери билет, неке қию туралы куәлік және балалардың туу туралы куәліктері талап етілуі мүмкін.

Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтар, ұрыс қимылдарының қатысушылары, радиациялық қауіптілігі жоғары аймақтарда тұрған тұлғалар немесе «қандас» мәртебесі бар азаматтар тиісті жеңілдіктерді иелену үшін растаушы құжаттарын өткізуі қажет.

Еске салсақ, 2026 жылы Қазақстанда зейнеткерлік жас ерлер үшін — 63 жасты, әйелдер үшін — 61 жасты құрайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз