Жетісуда 3 млн теңгелік гранттар беріледі

3

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде ауылдық жерде тұратын және жұмыссыз жастарды қолдауға бағытталған жаңа әлеуметтік жоба жөнінде баспасөз мәслихаты өтті. «Талдықорған өңірлік жұмысқа орналасуға жәрдемдесу қоры» қоғамдық қорының президенті Светлана Садуакасова жобаның негізгі бағыттары мен мүмкіндіктеріне тоқталды.

Спикердің айтуынша, «Ауыл жастары – жаңа үміттер, Жетісу жастары – жарқын жол» әлеуметтік жобасы ауылдық жерлердегі жұмыссыз жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға, олардың кәсіпкерлік қабілеттерін дамытуға және тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал етуге бағытталған. Жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Светлана Олеговнаның сөзінше, жоба аясында жастарға арналған ақпараттық кездесулер, тұлғалық даму мен командалық жұмысқа бағытталған тренингтер, кәсіпкерлік негіздері мен қаржылық сауаттылық бойынша оқыту курстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар қатысушылар бизнес-жоспар әзірлеуді үйреніп, тәжірибелі мамандардың тәлімгерлік қолдауына ие болады.

Жоба аясындағы маңызды бастамалардың бірі – жас кәсіпкерлерге арналған гранттық байқау. Үздік деп танылған 10 бизнес-идеяның әрқайсысы 3 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болады. Бұл жастардың өз кәсіптерін ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Көксу, Ескелді, Ақсу, Алакөл аудандары мен Текелі қаласында жастарға арналған ақпараттық сессиялар мен оқу өткізілген. Алдағы уақытта жоба ауқымы кеңейіп, ауыл жастарын қолдау жұмыстары жалғасын табады.

Светлана Садуакасова жастарды ұсынылып отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз болашағын қалыптастыру жолында белсенді болуға шақырды. Оның айтуынша, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының қолдауы жастардың тың бастамаларын жүзеге асыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашады. Сондай-ақ, үміткерлер толық ақпаратты осы байланыс телефондары арқылы хабарласып біле алады:

Анықтама телефондары: (8 747 286 01 21
8 701 432 94 67)

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз