Қазақтың танымал ақыны, марқұм Әбен Дәуренбектің жаратылысы қызық жан еді. Тұлабойы күлкі шақырып тұратын. «Әбекеңнің айтқандары» деген әжуа – мысқыл, бірқақпайлар ел арасына кеңінен тарады. «Мен айтамын, сен іліп алып халыққа таратасың. Тарихта қалуымның төте жолы осы шығар…» деуші еді, жарықтық…

                                         « Өзім ұрсам да…»

Ақын ағамыз Әбенге вокзалдың алдында  бір бұзақы тисе беріпті. Ызаға булығып тұрғанында өзі спортшы, өзі ақын інісі Жұматай келе қалмасы бар ма.

— Ей, бауырым — ей, мынау маған тисіп тұр… — деген ғой.

Сөзге келмеген Жүкең еңгезердей бұзақыны бір періп, қарсыдағы қоқырдың ішіне кіргізіп жіберсе керек. Былай шыға Әбекең:

— Жұматай — ей, ананы өзім ұрсамда құлатқандай екенмін…- депті.

                       « Сәбіз ексем… асқабақ шығады »

   Бір жылдары саяжай салу үшін журналистерге жер берілді. Қуана қимылдап, алдымен жеміс отырғыза бастадық. Жаз ортасында Әбекең келіп:

— Мұндай да қызық болады екен. Картоптың орнына сарымсақ, қызғанақтың орнына қияр, сәбіздің орнына асқабақ өсіп тұр…- деп таңданды.

« Бұл қалай?… » деп барсақ, ақын ағамыз себілген тұқымның аты жазылған тақтайшаларын ауыстырып алыпты.

« Қурай өсірсең болғаны… »

— Таңданатыным,саяжай тұрғызғандардың бәрі құрылысты дәретхана салудан бастайды, — дейді Әбекең кәдімгідей реніш білдіріп. – Басын қатырып қайтеді екен ?…

— Бас қатырмаудың басқа жолы бар ма?…

— Бар болғанда қандай… Дәретхананың орнына қалың қурай өсірсең болғаны. Керек кезінде қалтарысына бара бересің…

                                                      « Екі жүз теңге… »

Әбекең жол тосып тұрса ақын інісі Төлеужан машинасымен келіп тоқтай қалыпты.

— Қайда тарттыңыз, аға?

— Қарабұлақтың бер жағындағы « Мелькобинаттағы » үйіме…

— Отырыңыз, апарып тастайын….

Орта жолға таяп қалғанда Әбекең: « Әй, Төлеужан, екі жүз теңге…» депті. Мұны жолақы деп түсінген інісі:

— Керегі жоқ, аға, ұят емес пе… — деп, қатты ыңғайсызданады.

Үйіне жетіп, машинадан түскелі жатқан Әбекең тағы да: « Екі жүз теңге… » дейді.

— Әбеке — ау сізден ақша сұраған жоқпын ғой, мұныңыз қалай? – дейді Төлеужан түсін суыта.

— Сенің ақша сұрамайтыныңды білем, Төлеш…,- депті ақын ағамыз еркелей. — Ертең қалаға қайтсам… басқалар екі жүз теңгесіз апармайды ғой…

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK