Қазақстанның мемлекеттік театрлары репертуарын толықтырып, жаңа қойылымдарды көрермен назарына ұсынып келеді

4

Биылғы театр маусымында еліміздің сахналарында драма, опера, балет, музыкалық комедия, балалар мен жасөспірімдерге арналған спектакльдерді қамтыған жүздеген премьера өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен өнерді дамытуға, ұлттық болмысты нығайтуға және шығармашылық ұжымдарды қолдауға басымдық береді. Соның нәтижесінде Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына «Ұлттық» мәртебе беру, ал Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына «Академиялық» мәртебе беру жөнінде шешім қабылданды.

Театрлардың мәртебесін арттырумен қатар, мәдени инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ғимараттарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде елімізде опера, балет, драма, музыкалық комедия, қуыршақ, балалар және жасөспірімдер театрларын қоса алғанда, түрлі бағыттағы 59 мемлекеттік театр жұмыс істейді. Театр саласында 8,1 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Маусым басталғалы мемлекеттік театрларда 16 мыңнан астам спектакль мен мәдени бағдарлама көрсетілді. Оларды 2 832 835 көрермен тамашалады. 410 жаңа қойылым мен бағдарлама сахналанды.

Маусымның елеулі премьералары қатарында «Астана Опера» театрындағы «Қыпшақ қызы Аппақ» операсы, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрындағы «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы, сондай-ақ «Астана Балет» театрындағы «Carmina Burana» балеті мен «Қарлығаш», «Болеро Х» хореографиялық миниатюралары бар.

Жаңа қойылымдар драма және музыкалық комедия театрларында да сахналанды. Ғабит Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Гамлет» пен «Қорғансыз» спектакльдерінің премьерасы өтті. Құддыс Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрында «Ревизор», Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрында «Женитьба», ал Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрында «Махаббат бәрін жеңеді» қойылымдары көрерменге жол тартты.

Маусым аяқталғанға дейін де бірқатар жаңа премьера ұсынылады. 26 маусымда «Астана Балет» театры «Алтын гүл» балетін сахналаса, 27 маусымда Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармасы негізінде қойылған «Қан мен тер» спектаклінің премьерасы өтеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз