Жетісу облысы: биыл Панфилов ауданында 190 мың тонна жүгері алынады деп күтілуде

Панфилов ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарынан жүгері себуге басымдық беріледі. Өткен жылы ауданда жүгері 23 мың гектардан астам жерге егіліп, одан 182 мың тонна өнім жиналды. Ал биыл бұл дақылдың егіс көлемі тағы 2 мың гектарға ұлғайтылып, 190 мың тоннадан астам өнім алу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы биыл аудандағы егіс алқабы 43,7 мың гектар болады. Сонымен қатар бау-бақша шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, «Жаркент фрукт» ЖШС 55 мың жас көшет отырғызып, 500 гектар бақты жаңартты. Сондай-ақ «Агромир» ЖШС 55 мың жаңа алма ағашын отырғызды. Биыл шаруашылықта 5 мың тонна алма және 2 мың тонна шие өнімін алу күтілуде.

Сонымен қатар аудан әкімі Марат Сағымбектің айтуынша, өткен жылы тоқтап тұрған жылыжайдың жұмысы қайта жанданып, 4 гектар жерге қияр егілді. Нәтижесінде 750 тонна өнім алынады деген жоспар бар. Ал тағы бір жылыжайдың 1 гектар алқабынан 120 тонна қияр жинау көзделуде. Жалпы биыл ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін өнім көлемі 67 млрд теңгеден асады деп күтіліп отыр.

Атап өтсек, соңғы төрт жылда ауданда мемлекет меншігіне жалпы көлемі 60 300 гектар жер қайтарылды. Оның ішінде 58 мың гектар жер конкурс арқылы жаңа жер пайдаланушыларға беріліп, қоғамдық жайылымдарға бекітілді және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. 

Ауданның экономикалық дамуы жайында сөз қозғаған М. Сағымбек ауданда 12 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейтінін, онда шамамен 21 мың адам жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Сонымен қатар аудан дамуының маңызды бағыттарының бірі – туризм саласына тоқталды.

– Ауданда 25 туристік нысан бар. Өткен жылы оларда 38,9 мың келушіге қызмет көрсетілді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 11,9%-ға ұлғайды. Ал биылдың өзінде шамамен 45 мың келушіге қызмет көрсетілді. Биыл «Жаркент-Арасан» шипажайы жоғары санаттағы 50 орындық жаңа ғимаратты пайдалануға беріп, қосымша 50 жұмыс орнын ашты. Сондай-ақ осы айда Жаркент қаласында жалпы сыйымдылығы 95 орын болатын 4 және 5 жұлдызды қонақ үйлер іске қосылып, тағы 68 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылды, – деді аудан әкімі.

Ауданды дамытудағы өзекті мәселелердің бірі – халықты тұрғын үймен қамту. Өткен жылы Жаркент қаласында 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 203 жеке тұрғын үй сатып алынды. Қазіргі таңда бұл баспаналарды кезекте тұрған азаматтарға «Отбасы банк» арқылы бөлу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Нұркент ауылында 2022 жылдан бері құрылысы созылып келген 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің мәселесі де шешімін тапты. Құрылысы толық аяқталған бұл үйлерді маусым айында кезекте тұрған азаматтарға бөлу үшін «Отбасы банкке» тапсырылады. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрған азаматтар үшін 424 тұрғын үй сатып алуға қаржы бөлінді. Сонымен қатар Шолақай ауылында жеке тұрғын үй құрылысына арналған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы аяқталады.

Халықты сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 3 ауылда ұзындығы 76,1 шақырым болатын су жүйелерін салу және қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы Қырыққұдық ауылы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, биыл Шолақай және Керімағаш ауылдарында осындай жұмыстар аяқталады. Соның нәтижесінде 6 мыңнан астам тұрғын таза ауыз сумен қамтылады. Өткен жылы халықпен кездесуде көтерілген Сарыбел ауылындағы ауыз су сапасына қатысты мәселе де шешімін тапты. Жоба әзірленіп, оны 2026-2027 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Облыс басшылығының қолдауының арқасында ауданның 26 елді мекені өңірлік газдандыру схемасына енгізіліп, жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жалпы қазіргі таңда Жаркент қаласы 90%-ға газдандырылған, ал жұмыстарды 2027 жылдың соңында толық аяқтау жоспарланған. Ақкент, Нәдек, Ават, Сүптай, Қырыққұдық және Ынтымақ ауылдарына газ тартылғанымен, абоненттерді қосу жұмыстары баяу жүргізілуде. Осыған байланысты облыс әкімі халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар биыл ауданның тағы 19 ауылын газдандыруға қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде осы жылы 61 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізеді. Бұдан бөлек, Тұрпан, Садыр, Сарыбел, Басқұншы, Диқанқайрат, Жаркент-Арасан және Көктал-Арасан ауылдарын газдандыру жобасы әзірленуде.

Аудан әкімі әлеуметтік саланы дамыту, өнеркәсіп, «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру, абаттандыру және жалпы инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне де жан-жақты тоқталды.

Бейбіт Исабаев аудан әкіміне бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, «Жаркент мешіті», «Әулиеағаш» табиғи ескерткіші, «Керімағаш» және «Жаркент-Арасан» шипажайларының әлеуетін тиімді пайдаланып, туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты. Сондай-ақ ауданның шекарада орналасудың инвестициялық мүмкіндіктерін иескеріп, өңдеу өнеркәсібінің көлемін арттыруға ерекше назар аудару, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жылыжай шаруашылықтарын, жеміс-жидек сақтау қоймаларын ашу жұмысын күшейту, заманауи агротехнологиялар мен ылғал үнемдеу тәсілдерін енгізу, мал бордақылау алаңдарын, тауарлы сүт фермаларын, құс фабрикаларын, ет комбинаттарын салу үшін инвесторлар тартуды тапсырды.

— Сонымен қатар аудан тұрғындарын күн сайын алаңдататын бірқатар мәселелер бар. Олардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына, санитарлық нормалардың сақталуына және елді мекендерді дамыту мәселелеріне қатысты. Сондай-ақ медициналық қызмет көрсету сапасына, медицина қызметкерлерінің жұмысына байланысты шағымдар мен Аққұдық, Көктал ауылдарындағы интернет желісінің тұрақсыз жұмысы жөнінде де мәселелер көтерілуде. Соңғы бірнеше жыл ішінде аудандағы көптеген ірі проблемалық мәселелер өз шешімін тапты. Магистралды жолдар жөнделді, ауданға газ тартылды, ауыз судың сапасы жақсарды. Алдағы 4-5 жылда ауылдардың ішкі көшелерін де толық ретке келтіреміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Панфилов ауданы облыста әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері бойынша бірінші орын алды. Барлық оң өзгерістер – ортақ еңбектің нәтижесі, оған аудан тұрғындары ретінде сіздер күн сайын өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Әрине, өмір болған соң жаңа мәселелер туындайды, біз өз тарапымыздан оларды заман талаптарына сай шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Аудан әкімі халық арасында туындаған барлық мәселелерге дер кезінде назар аударып, жедел әрекет етуі қажет. Халықтың әл-ауқатын жақсарту және тұрақты дамуды қамтамасыз ету — біздің ортақ міндетіміз, – деп атап өтті Б. Исабаев.

Мұнан соң облыс әкімі аудан тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Мәселен, Үлкеншыған ауылының тұрғыны ауылға мәдениет үйін салып беру туралы өтініш білдірді. Аудан әкімінің айтуынша, аталған ауылдық округте шамамен 7500 адам тұрады, қазіргі таңда 400 орындық мәдениет үйінің құрылысына арналған жоба дайын. Өңір басшысы бұл бастамаға қолдау көрсетілетінін айтып, келесі жылға бюджеттік өтінім беруді тапсырды. Жаркент қаласындағы көпқабатты үйдің тұрғыны олардың үйі не себепті газдандыру жобасына енбей қалғанын сұрап, бұл мәселе шешіле ме деген сауалын қойды. М. Сағымбектің мәліметінше, Жаркент қаласын газдандыру жұмыстары 2027 жылдың соңына дейін толық аяқталады. Сонымен қатар газдандыру жоспарына енгізілген «Өсек» шағын ауданындағы қалған үйлер де көгілдір отынға қосылады. Тұрғындарды мектептерді жөндеу, жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөлу, ағын суға сараланған тариф енгізу, минералды тыңайтқыштар алу, жаңа электр бағаналарын орнату мәселелері де алаңдатты. Барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беріліп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.

Осы күні Бейбіт Исабаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға кірген екі азамат жол жөндеу және жылумен қамту мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, жыл соңына дейін Ынтымақ ауылына дейінгі облыстық маңызы бар кіреберіс жолдың жалпы ұзындығы 3,28 шақырымды құрайтын қалған бөлігі жөнделеді. Сонымен қатар Жаркент қаласындағы Белалов көшесіндегі №85 көп қабатты тұрғын үйін блокты-модульді қазандыққа қосу мәселесі де шешімін табады.

Жалпы, өткен жылдан бері қаладағы көпқабатты үйлерді пешпен жылытудан туындайтын мәселені шешу үшін заманауи блокты-модульді қазандықтарға кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 31 үй қосылып, тағы 11 үйді қосу жоспарланып отыр. Блокты-модульді қазандықтарды орнату және үйлерді қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, келесі жылы толық аяқталады деп жоспарлануда.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз