Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл қазынасы. Ол ұлттың тарихы мен тағылымын, салт-дәстүрі мен дүниетанымын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін алтын көпір. Әрбір елдің рухани деңгейі мен өркениеті оның мәдениетімен өлшенеді. Өнері өркендеген, мәдениеті дамыған қоғамның болашағы да баянды болмақ. Қазақ халқының мәдени мұрасы мен төл өнерінің бүгінгі күнге дейін сақталып, кеңінен насихатталуында мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің еңбегі зор. Олар ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, жас ұрпақтың бойына рухани тәрбие мен эстетикалық талғам қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты жиында сала ардагерлері мен үздік мамандарға құрмет көрсетіліп, олардың ел руханиятын дамыту жолындағы еңбектері жоғары бағаланды. Мерекелік шара барысында «Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Эльмира Мұқышева Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар «Талдықорған әуендері» халықтық, фольклорлық- этнографиялық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі Жігер Арапов жылдың «Үздік мәдениет қызметкері» номинациясын иеленді. Э.Кенжеғалиқызы «Қай кезеңде де халқымыз ұлттық өнері мен мәдениетін ұлықтап, рухани құндылықтарын жоғары бағалаған. Өнер мен мәдениетке жанашырлық танытып жүрген сала мамандарының еңбегі әрдайым құрметке лайық. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, еңбектеріңіз еселене берсін! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық шабыт пен жаңа жетістіктер тілеймін»-деді.





























