Бүгін Жетісу облысында көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, профессор Мұхтар Арынның 90 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қалдырған ізің мәңгілік» атты салтанатты кешке облыс әкімі Бейбіт Исабаев, ғалымның ұрпақтары, М. Арын атындағы № 24 мамандандырылған мектеп-лицейінің ұжымы, жалпы еліміздің әр аймағынан зиялы қауым өкілдері қатысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Осы күні І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының фойесінде республикалық ғылыми жоба байқауларының жеңімпазы болған Талдықорғандағы № 24 лицей оқушылары жетістіктерінің көрмесі қойылды. Сондай-ақ сахнадан ғалымның өмірі мен еңбек жолы туралы баяндайтын «Нар қазақ» атты деректі фильм көрсетілді.
Жиында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Бейбіт Исабаев Жетісу жерінен шыққан танымал тұлғалардың ішінде биыл туғанына 90 жыл толып отырған Мұхтар Ғалиұлы Арынның орны бөлек екенін атап өтті.
— Мұхтар Арын тек қана ардақты ғалым, ұлағатты ұстаз ғана емес, қазақ руханиятының жанашыры, іздеушісі болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдің рухын бекемдеп, еңсесін тіктеуге, мұрасын түгендеп, мәдени-рухани жолын қалыптастыруға елеулі еңбек сіңірді. Қай істе де елдік мүдде тұрғысынан еңбек етті. Бүгінде қаншама буын жас ұрпақ Мұхтар Арынның артына қалдырған шығармашылық еңбектерін өзіне өмірлік бағдар етуде. Ардақты ғалымның кең арналы зерттеулері, тындырған тағылымды істері, өнегелі өмірі әрдайым кейінгілерге үлгі болып қалады, — деді Б. Исабаев.
Мұнан соң Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтан, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан және бірқатар облыс әкімдерінен келіп түскен жеделхаттар лицейдің музейіне тапсырылды.
Өз кезегінде ғалымның ұлы, экономика ғылымдарының докторы, профессор ҚР Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі Ерлан Арын сөз сөйлеп, ұрпақтарының атынан ризашылығын жеткізді:
— Біз үшін, біздің отбасымыз үшін бүгін ерекше қуанышты күн. Әкеміз ғұмыры қысқа болса да, өте маңызды рухани істер, еске алып отырған игі шаралар атқарып кетті. Тұлғаны қалыптастыратын, тұлғалық қасиетін ашатын туған жерінің табиғаты, тауы-суы ғана емес, өскен елі, жүрген ортасы. Сондықтан біз үшін Жетісудың орны бөлек. Әкеміздің барша жерлестеріне, атын иеленген мектеп ұжымына, ұстаздарына ерекше алғысымызды білдіреміз, — деген Е. Арын мектеп-лицейдің түрлі байқауларда жеңімпаз болған оқушылары мен үздік ұстаздарына ғалымның әулеті атынан ақшалай сыйлық сертификаттарын табыстады.
Бұдан әрі лицей оқушылары ғалым өмірінің бір үзігін көрсететін қойылым қойып, әдеби монтаж ұсынды.
Еске салсақ, 1936 жылы Мұхтар Арын бұрынғы Талдықорған облысы Ақсу ауданында туған. Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының проректоры, Қазақ КСР Білім министрлігінің бөлім меңгерушісі,Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры болды. Қазақ ітілінде оқытатын мектептер құруға үлес қосты. Неміс тілін үйретуге арналған оқулықтардың авторы. Оның еңбектерінің ішінде ұлттық философия, дидактикалық, этнографиялық және этнолингвистикалық құжаттар негізінде жазған «Бес анық» кітабының орны ерекше.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























