Жыл сайын 15 мамырда әлем жұртшылығы Халықаралық отбасы күнін атап өтеді. Бұл мереке адамзат өміріндегі ең асыл құндылықтардың бірі саналатын отбасының қоғамдағы орнын айқындап, оның маңызын насихаттайтын айтулы күн. «Ұлы жол – отбасы табалдырығынан басталады» деген халық даналығы бекер айтылмаған-ды. «Әр адам, ең алдымен, өзінің қастерлі шаңырағында тұлға ретінде қалыптасады, үлгі-өнеге алып, нағыз азаматқа тән игі қасиеттерді бойына сіңіреді».
Жанұя – мейірім мен махаббаттың, сыйластық пен сенімнің мекені. Әке – тірек, ана – жүрек, бала – болашақ. Халқымыз ежелден «Отан – отбасынан басталады» деп, отбасы тәрбиесіне айрықша мән берген. Мемлекеттің ең басты байлығы да, ең қымбат қазынасы да – бала. Ұрпақ тәрбиесі қашанда мемлекет дамуының негізгі алғышарты болып қала береді. Себебі, тәрбиелі де білімді ұрпақ елдің тұрақты дамуы мен жарқын болашағының кепілі. Осы орайда әрбір ата-ана, мектеп, педагог және қоғам өкілдері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», өзара ынтымақтастықта жұмыс жасауы аса маңызды екені айтылып келеді. Баланың бойына ұлттық құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді, отансүйгіштік пен жауапкершілікті сіңіру отбасы мен мектептің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Ата-ана өнегесі мен тәрбиесі баланың азамат болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Осы мақсатта олардың педагогикалық және психологиялық білімін жетілдіру, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуын арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау бағытында түрлі кездесулер, семинарлар мен тәрбиелік шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда қаламыздағы білім мекемелерінде «Отбасы Vibe» науқаны аясында балалар мен ата-аналар арасындағы өзара түсіністік пен қарым-қатынасты нығайту мақсатында бірқатар тренингтер, шеберлік сағаттары, челлендж өтті. Шара барысында ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлі, эмоционалдық қолдаудың маңыздылығы туралы кеңінен айтылды. Мұндай жиындардың өзегі – ұрпақ тәрбиесіндегі негізгі жауапкершілік ең алдымен ата-анаға жүктелетінін түсіндіру және отбасы институтының маңызын арттыру. Білім беру саласының қызметкерлері «Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен бекітілген аталмыш күн – әрбір адам үшін маңызды мәселелерге назар аударуға, қамқорлық және балаларымыздың жарқын болашағы секілді ізгі құндылықтарды ұлықтауға мүмкіндік береді. Балаларын сүйіспеншілікпен тәрбиелеп отырған, отбасылық дәстүрді сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан әрбір жан құрметке лайықты»-деп атап өтті.
Адам баласына берілген сансыз нығметтердің ең үлкені әрі ең қымбаты – ұрпақ сүю бақыты. Қазақ халқы перзентті өмірдің мәні, шаңырақтың шаттығы деп бағалаған. Шал ақынның: «Босағасын алтыннан соқсаңдағы, перзент сүймей адамның мейірімі қанбас» деген сөзінде терең мағына жатыр. Бүгінгі таңда әрбір ата-ана өзінен: «Мен баламның жүрегінде қандай адам болып қалыптасып жатырмын?» деген сауалды жиі қоюы керек. Балалардың есінде ата-анасы мейірімді, үнемі жанынан табыла білген, әр жетістігіне қуанып, қиын сәтінде қолдау көрсеткен жан ретінде сақтала ма? Әлде, уақыт тапшылығын алға тартып, баланың жан дүниесіне үңілуді ұмыт қалдырған бейне болып қала ма? Бала үшін ең қымбаты – ата-анасының ықыласы мен жылуы. Отбасындағы сыйластық, бірге өткізілген демалыс пен мерекелер, қарапайым әңгіме мен көңіл бөлу, мұның барлығы баланың бақытты балалық шағын қалыптастырады. Сондықтан бала тәрбиесінде материалдық дүниеден бұрын мейірім мен көңілдің маңызы зор екенін ұмытпауымыз қажет-ақ. Баланың балалық шағы – оның болашақ өмірінің іргетасы, өмірлік бағдары. Әр нәрсе өз уақытында бағалы. Балаға дәл қазір қажет болған мейірім мен қолдау ертең кеш болуы мүмкін. «Жұрттың сөзіндегі емес, балалардың көзіндегі адам маңызды». Себебі, жас өркен ата-ананың жасаған ісін, көрсеткен қамқорлығын жүрегіне жазып өседі.





























