Жетісудағы бір ауылда екі бірдей әлеуметтік нысан жаңарды

Ескелді ауданы Елтай ауылында қос бірдей әлеуметтік нысан жаңарды. Атап айтқанда, С. Сейфуллин атындағы мектепке дейінгі шағын орталығы бар орта мектептің күрделі жөндеуі аяқталса, медициналық қызмет көрсетуге арналған дәрігерлік амбулатория жаңадан салынып, қолданысқа берілмек. Ескелді ауданына барған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев аталған нысандарда болды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.   

Елтай ауылындағы С. Сейфуллин атындағы орта мектеп 1986 жылы салынған. Мұндағы құрылыс жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталған болатын. Бүгінгі күнде дайындық деңгейі – 95 %. Қазір жұмысшылар кабинеттерді, дәліз бен фойені тазарту жұмыстарын атқарып жатыр.

Мектеп директоры Венера Толымбекова ғимараттың жөндеуден кейінгі ішкі жағдайымен таныстырып, нысанның алдағы жұмысы туралы баяндады.

— Қазіргі таңда бізде 552 оқушы бар. Әзірге оқушылар көрші ауылдағы мектептерге оқып жатыр. Оқушылар үшін мектеп автобусымен арнайы тасымал ұйымдастырылған. Жаңа оқу жылынан өз мектебімізде оқитын болады, — деді мектеп басшысы.

Облыс әкімі ғимаратты аралап көріп, сыртқы абаттандырылу жұмыстарының жоспары жайлы сұрап білді. Жауапты тұлғаларға аумақты көгалдандыруға, көк шөп, отырғызып, оны суаруда сауатты көзқарас қажет екенін айтты. Алдағы уақытта мұндай үлкен мектептердегі құрылыс жұмыстарын жобалау кезінде жасыл желегін күтіп-баптауға автоматты суару жүйесін жобада бірге  қарастыру керектігін тиісті басқармаларға ескертті. «Жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтап қана қоймай, білім ошағының айналасында балаларға, ата-аналарға, педагогтар үшін ыңғайлы, қауіпсіз әрі әдемі орта қалыптастыру да маңызды», — деді Б. Исабаев.

Мұнан соң облыс әкімі Елтай ауылында жаңадан салынған ауылдық дәрігерлік амбулаторияға барды. Бұған дейін мұндағы медициналық нысан ескі ғимаратта отырған. Сондықтан жаңа нысаның салынуы тұрғындар үшін қуанышты жаңалық болып отыр.

Ғимарат барлық қажетті медициналық құралдармен жабдықталған. Мұнда 1 дәрігер, 5 медбике, 1 акушерка, басқа да мамандарды қосқанда жалпы саны 13 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ күндізгі стационар қарастырылған. Соның арқасында жергілікті халық бұрынғыдай аудан орталығына сабылудың машақатынан құтылмақ.

Ауыл тұрғыны Нұртай Қайырбаев жаңа амбулаторияның жанында тұрады. Ол тұрғындардың атынан ауылдағы мәселелерге көңіл бөлінгеніне ризашылығын білдірді.

— Бұрын біздегі медициналық нысан ескі, шағын ғимаратта болған. Жаңа амбулаториямен оны салыстыруға келмейді. Менің төрт балам, жеті немерем бар. Бізге мектептің, амбулаторияның жақын болғаны жақсы, өйткені бұл ауылда тұратын азаматтар үшін өмір сүруге қолайлы жағдай жасалғаны маңызды. Қазіргі кезде ауылымыз барған сайын жақсы жағына өзгеріп жатыр, оны халық көзімен көріп, сезініп отыр, — деді ол.

Нысандағы жұмыс кабинеттерін аралап көрген облыс әкімі құрылыстың сапасына оң баға берді. Алдағы уақытта ғимаратты табиғи газға қосу қажеттігін, ал қатты отынмен жылыту жүйесі баламалы жылу көзі ретінде сақталып тұрғаны жөн екенін айтты. Сондай-ақ ауланы абаттандыру жұмыстарына ерекше назар аударуды тапсырды. Нысан қолданысқа дайын.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз