Жетісу облысы құрылғалы бері өңірде жалпы саны 276 әлеуметтік нысан жаңартылды. Құрылыс жұмыстары биыл да жалғасады. Солардың бірі Ескелді ауданының Бақтыбай ауылында 2020 жылы басталған мәдениет үйінің құрылысы осы жылдың тамызында аяқталады. Бұл нысанның құрылыс жұмысы облыс әкімінің тұрақты бақылауында. Ұзаққа созылған құрылыстың шешімі жайлы өңір басшысы аудан тұрғындарымен кездесуі барысында айтты, — Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа мәдениет ошағы ауыл тұрғындары үшін заманауи мәдени-спорттық орталыққа айналмақ. Мұнда балалар мен жастар шығармашылықпен айналысып, түрлі үйірмелерге қатыса алады, сондай-ақ кітапханаға, хореография залына барып, спорт секцияларына қатысуға мүмкіндік алады.
Құрылыс учаскесінің бастығы Бірлік Қамытбаевтың айтуынша, қазіргі таңда негізгі құрылыс жұмыстары іс жүзінде толық аяқталды. Келесі аптада құрылысшылар ғимараттың абаттандыру жұмыстарына кіріседі. Сонымен қатар жиһаздар жеткізіліп, қажетті құрал-жабдықтар орнатылады. Қазіргі таңда нысанда шамамен 30 адам еңбек етуде. Айта кетсек, мәдениет үйі 340 орынға арналған.
Ауыл тұрғындары да мәдениет үйінің ашылуын асыға күтуде. Ауыл кітапханасында еңбек ететін Гүлмира Азамбаева жаңа ғимарат елді мекеннің қоғамдық өмірінің нағыз орталығына айналатынына сенімді.
— Бұл өте әдемі әрі қолайлы ғимарат болады. Кітапхана үшін жақсы жағдай жасалмақ, кітап қоры да артады. Қазіргі таңда біздің қорымызда 20 мыңнан астам кітап бар, — дейді ол.
Сонымен қатар Ескелді ауданындағы Ешкіөлмес және Жаңалық ауылдарында мектеп салуға қажетті құжаттар дайындалды.
Айта кетейік, Жетісу облысы құрылғаннан бері жаңадан салуды немесе жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандарды жаңарту деңгейі орта есеппен 55,8%-ды құрап, жалпы 276 нысан жаңартылды. Оның ішінде 2025 жылы 67 денсаулық сақтау нысаны, 3 мектеп салынды, мәдениет және спорт саласында 16 нысан пайдалануға берілді. Сондай-ақ 14 әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Қайтарылған активтер есебінен облыста 2023-2025 жылдары 25 нысан бой көтерді. Биыл тағы 9 нысанды іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен биыл Талдықорған қаласында ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған спорт кешенінің және Қаратал ауданының Үштөбе қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілші: Дмитрий Ерофеев





























