Сәрсенбі күні Салтанат сарайында Талдықорған қалалық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңестің күн тәртібіне: қаладағы жылыту маусымының аяқталуы, мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру, фермерлер мен халықты суармалы сумен қамту, қаладағы дәріханалар қызметі туралы мәселе қойылды.
Алдымен Қоғамдық кеңес мүшелерінің назарына ұсынылған қаладағы жылыту маусымының аяқталуы, келесі маусымға қойылатын міндеттер мен мәселелер туралы «Талдықорғанжылусервис» ШЖҚ КМ басшысының міндетін атқарушы Абзал Жағыпаровтың есебі тыңдалды. Талдықорған қаласында жылыту маусымы 2025 жылдың 7 қазанында басталып, ағымдағы жылдың 6 сәуірінде аяқталды. Жалпы 181 күнге созылған жылыту маусымы жоспарға сай өткізіліп, кемшіліктер тіркелмеген. Дегенмен, пайдаланылған жылу үшін қарыз көлемі 1747,8 млн теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда жауапты сала мекемелерінде 2026-2027 қысқы маусымға әзірлік шарасына дайындықтар пысықталуда. Қоғамдық кеңестің отырыстарында бірнеше рет қаралған жылу үшін тарифті өзгерту мәселесі бұрынғы бағамен қалатын болды. Бұл әрине қаламыздың тұрғындары үшін қуанарлық жағдай.

Талдықорғандықтар үшін тағы бір маңызды мәселе қала мектептері оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру және өткізуге дайындықтар туралы «Талдықорған қаласының білім бөлімі» ММ басшысы Шынар Шаріпбаева баяндады. Баяндамашы сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылы 35 116 оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 437 оқушы қала сыртындағы сауықтыру лагерлерінде, 33 679 оқушы мектеп жанындағы жазғы алаңдарда демалатын болды. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 110 590 000 теңге қарастырылып, бір балаға 70 мың теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарланған. Талдықорғандықтар үшін қуанышты тағы бір жаңалық, бұған дейін денсаулық сақтау саласына қарасты болған «Күншуақ» демалыс орны білім саласының құзырына өткізілді. Лайықты жөндеу жұмыстары жүргізілген соң мұнда бір ауысымда 75 баланы демалдырып, сауықтыруға мүмкіндік ашылмақ. Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан оқушылардың демалысын лайықты атқаруға қатысты көптеген сауалдар жолданып, мекеме басшыларының назарына қабылданды. Фермерлер мен халықты суармалы сумен қамтамасыз ету жөніндегі қаланың ирригациялық жүйесінің сындарлы жағдайы және суармалы жерлерді жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның Жетісу филиалының Ескелді өндірістік учаскесі бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Шыңғыс Мұқатов баяндады. Суармалы алқаптарды суғару барысында тиімді әдістерді қолдану мәселесі жүзеге асырылып жатқанымен, жөндеуге жататын 19 суару арнасының жөндеу жұмыстары толықтай аяқталмаған. Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан саяжайларды арық суымен қамту, суды бақылаусыз жіберу кемшіліктеріне қатысты сауалдар қойылып, назарға алынатын болды. Қаладағы дәрілік заттар мен препараттарға бірыңғай баға белгілеуді қамтамасыз ету жөніндегі қала дәріханаларының қызметі туралы Жетісу облысы бойынша ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті жетекшісінің орынбасары Жаннат Самалованың баяндамасы тыңдалды. Бүгінде облысымызда 260 дәріхана болса, оның 99-ы Талдықорған қаласында орналасқан. Қазіргі уақытта дәрілік заттардың 4 994 саудалық атауына шекті баға бекітіліп, 1 707 рецептісіз берілетін дәрілер мемлекеттік реттеуден алынып, нарықтық бағамен сатылуда. Ай сайын негізгі топтарға жататын: вирусқа қарсы, жүрек-қантамыр, асқазан-ішек препараттарына барлығы 70 дәрілік затқа мониторинг жүргізіліп отырады. Шекті бағадан асыру-заңбұзушылық ретінде танылып, ӘҚБтК 426 бабының, 1 тармағы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Осы ретте 70 заңды тұлғаға, 100 лауазымды тұлғаға, 130 шағын кәсіпкерлік субъектісіне, 200 орта және ірі кәсіпкерлік субъектісіне 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған. Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан дәрілік заттардың бағасына қатысты көптеген сауалдар қойылып, жауапты сала өкілдері тарапынан назарға алынатын болды. «Әрбір тұрғын дәріханаларға барғанда өз құқығын қорғап, дәрі-дәрмек бағаларына қатысты мәселе туындаса, бақылаушы органдарға хабарласуына болады. Байланыс телефондары дәріханалардың барлығында бар»,- дейді мамандар.





























