Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының машина жасауды дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмалары аясында Еуропа, Канада және АҚШ-тың ауылшаруашылық техникаларын шығаратын жетекші компаниялары басшыларымен кездесу өткізді. Кездесуге қатысушылар өнеркәсіп кооперациясын тереңдету, өндірісті локализациялау және отандық кәсіпорындарға заманауи агротехнологиялар енгізу мәселелерін талқылады.
Премьер-министр аграрлық сектордың өсіп келе жатқан қажеттіліктері ауыл шаруашылығы техникасының тұрақты және болжамды нарығын қалыптастыратынын атап өтті. Қазақстан ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі бойынша әлемде алтыншы орында. Егіс алқаптары шамамен 24 млн гектарды құрайды. Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 9 трлн теңгеден асып, 6%-дан астамға өсті. Астық жинау 26 млн тоннаға, майлы дақылдар 5 млн тоннаға жетті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласының технологиялық әлеуетін дамыту мен оны арттыру мәселесіне айрықша мән береді. Өндіріс көлемінің өсуі, өнімділіктің артуы және экспорттық жеткізілімдердің кеңеюі шаруаларды техникалық жабдықтауға қойылатын талаптарды күшейтуде. Сондықтан техниканы жаңарту, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету, отандық өндірушілерді ынталандыру саланың әрі қарай дамуының негізгі шарттары ретінде қарастырылады.
Қазақстанның жетекші шетелдік өндірушілермен серіктестігі тұрақты әрі өзара тиімді сипатқа ие және ұзақмерзімді кооперацияға бағдарланған. Үкімет жобаларды локализациялаудан бастап сыртқы нарықтарға шығуға дейінгі барлық кезеңде қолдау арқылы жаңа өндірістер құру үшін қолайлы жағдай жасауға дайын»,
— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Еліміздің егіс алқаптарында 130 мыңнан астам трактор, шамамен 30 мың комбайн және 200 мыңнан астам тіркемелі және аспалы техника бірлігі пайдаланылуда. Бұл ретте өткен жылдың қорытындысы бойынша техника паркін жаңарту деңгейі 6,5%-ды құрады. Нысаналы мақсат – бұл көрсеткішті жыл сайын 10%-ға дейін жеткізу. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау шараларының жүйелі тетігі қалыптастырылған, оның ішінде техника сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30%-на дейін субсидиялау, кредиттер мен лизинг бойынша жүктемені төмендету, сондай-ақ отандық өндірістегі техника үшін 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру ұсыну қарастырылған. Қабылданып жатқан шаралар қазірдің өзінде нәтиже беруде – соңғы екі жылда отандық техника сату көлемі 35%-ға артып, 7,7 мыңнан 10,4 мың бірлікке дейін өсті.
Сонымен қатар сұраныс құрылымы анағұрлым күрделі әрі жоғары технологиялық машиналарға қарай ауысуда. Бүгінде жыл сайын 8 мыңнан астам трактор және 1,2 мың комбайн шығаратын 8 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ішкі нарықтағы отандық техниканың үлесі шамамен 90%-ға жетті.





























