«Жасыл желек» республикалық акциясы: Жетісуда 8 мыңнан астам ағаш отырғызылды

Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Жасыл желек» республикалық ағаш егу акциясы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен телекөпір байланысы арқылы өткен шара еліміздің барлық өңірін қамтыды. Осы күні Жетісу облысында акцияға 15 мың адам қатысып, 8 мыңнан астам ағаш егілді,  — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Осы күні Талдықорғандағы орталық бассейн алаңындағы ағаш отырғызу шарасына облыс әкімі Бейбіт Исабаев және жастар ұйымдарының өкілдері, эко-белсенділер қатысты. Спорт нысанының алдына 150 көшет егілді.

Өңір басшысы акцияға келген жастармен әңгімелесіп, олармен пікір алмасты.

— Бүгінгі жастардың өз-өзін дамытуға мүмкіндігі көп. Қазір білімділердің заманы. Гаджеттерді неғұрлым пайдалы, тиімді жағынан пайдалану керек. Әсіресе тілдерді үйренуге, ІТ-технологияны меңгеруге көбірек көңіл бөлсеңіздер, оның болашақта игілігін көресіздер, — деді Б. Исабаев.  

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметінше, облыс көлемінде акцияға мекеме-ұйымдар қызметкерлері, коммуналдық қызметтер, кәсіпорындар, елді мекендер тұрғындары, эко-белсенділер, еріктілер мен жастар жалпы саны 15 мың адам қатысып, 125 техника жұмылдырылған, 8 мыңнан астам ағаш отырғызылды.

Талдықорғандағы акцияға қатысушы жастар пікір білдірді.

— Талдықорған индустриалды колледжінің 1-курс студентімін. Бұған дейін Текелі қаласында да осындай тазалық және ағаш егу шарасына қатысқанбыз. Өзіме қоғамдық жұмыстарға қатысқан ұнайды. Мұндай шараларда жастар бір-бірімен араласып, танысып, жақсы орта табамыз. Әрі табиғатқа қамқорлық жасауға бірлесіп жұмыламыз. Бұл бізді ұйымшылдыққа, экологиялық мәдениетімізді қалыптастыруға көмектеседі, — деід Дархан Жұмаев.

Ағаш егуге жастар ұйымдарында белсенділік танытып жүрген оқушылар да бар.

— Мен екі жылдан бері Unisef жастар ұйымының мүшесімін. Өзім Назарбаев зияткерлік мектебінде 10-сыныпта оқимын. Біз балалардың құқығын қорғау бағытында ақпараттандырумен айналысамыз. «Jetisu Jastary» ұйымымен бірге осындай экологиялық акцияларда белсендіміз. Біздің эко-волонтерлық туралы арнайы курстарымыз бар, мүшелерімізді сол курстарла оқытамыз. Яғни әр эко-волонтер өзінің білгенін басқаларға да айтып, жеткізіп, білімімен бөлісіп үйретеді, — дейді Нұрай Қожекенова.

Атап өтсек, осы күні Астанада «KazEcoPatrol» қоғамдық бірлестігінің волонтері Давид Виргки Президенттің қолынан Алғыс хат алды.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз