Биыл Балқаш көлінің жағалауында 3 коммуналдық жағажайдың құрылысы жүргізіледі, оның 1-еуі алдағы шомылу маусымында ашылады деп жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Сарқан ауданының тұрғындарымен өткізген кездесуі кезінде айтылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сарқан аудандық мәдениет үйінде өткен кездесу жиынында өңір басшысы тұрғындарға облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Соның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді қолдау, ирригациялық жүйелерді жөндеу, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару, сол сияқты «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мәселелеріне тоқталды. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 5 млрд. теңге қарастырылып, 271 несие беру, 540 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның 2 млрд. теңгесі 58 кооперативті қаржыландыруға бағытталады.
Сонымен қатар Бейбіт Исабаев өңірдегі жол инфрақұрылымын дамыту тақырыбын да назардан тыс қалдырған жоқ.
— Өткен жылы өздеріңізбен кездескенде, «Лепсі-Мұқан Төлебаев» жолын жөндеу мәселесі көтерілген болатын. Биыл жобаны бастауға қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, былтырғы кездесудегі сұрауларыңыз бойынша «Алматы-Өскемен» автожолын күрделі жөндеу барысында Алмалы, Абай, Бақалы, Қойлық, Қарабөгет ауылдарына кіреберіс жолдар жарықтандырылып, жол жиегі қоршалды. Республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың жағдайын жақсарттық, ендігі кезекте ауылішілік жолдарды жөндеуге көңіл бөлеміз, оған биыл қомақты қаржы қарастырылды. Алдағы жылдары бұл жұмыстар жалғасады, — деді Б. Исабаев.
Оның айтуынша былтыр «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы аяқталып, Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 84 елді мекенін табиғи газбен қамтудың құжаттамасы әзірленген. Соның ішінде Сарқан ауданының 19 ауылына биыл газ тарту жұмыстары басталады.
Облыс басшысы өз сөзінде Балқаш көлі жағалауын дамыту шараларына ерекше тоқталды. Белгілі болғандай, былтыр көлге апаратын 137 шақырым жол қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ Лепсі станциясында жаңа теміржол вокзалының құрылысы биыл аяқталады. 2025 жылы Лепсі ауылынан көл жағалауына дейін электр және су желілері тартылды.
— Балқаш көлінің жағалауында 3 коммуналдық жағажай салынады. Бірінші жағажай бойынша жұмыстар басталды. Оның біреуі шомылу маусымында іске қосылады деп жоспарланған. Екінші жағажай тамыз айында салынып бітуі тиіс. Үшінші жағажайдың құрылысы биыл басталып, келесі жылы жазғы маусымда беріледі. Бұдан бөлек, көл жағалауындағы коммерциялық мақсаттағы жер учаскелерiн аукцион арқылы инвесторларға беру жұмыстары басталды. Ендігі кезекте жағалауды абаттандырып, демалыс аймақтарын салу және жеке инвесторларды тарту міндеті тұр, — деп атап өтті Б. Исабаев.
Облыс әкімі сондай-ақ тұрғындарды әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру жайынан да хабардар етті.
Мұнан соң аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев сөз алып, аймақтың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен биылғы жоспарлары туралы айтты. Оның айтуынша, өнеркәсіпте 16,4 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, негізгі капиталға 50,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен бюджетке түскен салық көлемі былтырғымен салыстырғанда 1,4 есеге артты. Биыл егістік 98,2 мың гектарға егін егіледі, ол үшін 46 шаруашылық «Кең дала-2», «Агробизнес» бағдарламалары арқылы несие алды. Ал тұрғын үй құрылысы 136,8% артық орындалып, 16,4 мың шаршы метр үйлер пайдалануға берілген. Сол сияқты биыл Басқан өзені бойында 3 ГЭС-тің құрылысы басталады. Әлеуметтік салаға келсек, өткен жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Ақтұма, Қарғалы және М.Төлебаев ауылдарында үш ФАП қолданысқа берілген. Білім саласында былтыр Қойлық ауылындағы бөбекжай жөндеуден өткізілсе, биыл Ақтұма ауылындағы орта мектепті жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп отыр. Аудан әкімінің баяндамасында осы және басқа да жобалар жайлы кеңінен баяндалды.
Жиын соңында облыс әкімі аудан басшылығының алдына халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында бірқатар міндеттер қойды. Бұл ретте мал бордақылау алаңдарын, тауарлы сүт фермаларын, ет комбинаттарын салу, мал өнімдерін және жеміс-жидекті терең өңдеу туралы бірнеше жыл қатарынан айтылып, тапсырылғанымен әлі күнге қайта өңдеу өндірісін дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілмегенін қадап айтты. Сол сияқты балық шаруашылығын қолға алуды, «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдаланып, жаңа өнеркәсіптер ашуды, аудан қорына қайтарылған 19,2 мың гектар ауыл шаруашылық жерлерін 1-ші шілдеге дейін айналымға қосуды тапсырды.
— Сіз халық сайлаған әкімсіз, тұрғындар сізге үлкен сенім артты. Сондықтан ауданды дамытудағы жауапкершілігіңіз де аса үлкен. Жалпы ауданда біршама оңды жұмыстар атқарылды. Дегенмен алда әлі де үлкен міндеттер бар. Туризм саласын дамытуға мұнда мүмкіншілік көп. Осыны кеңінен пайдаланып, туризм бағытын жандандыру арқылы аудан экономикасының өсімін ұлғайту керек. Ең бастысы – халықтың әл-ауқатын арттыру, өңіріміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Осы жолда әрқайсымыздың үлесіміз маңызды, — деді Бейбіт Исабаев.
Осы жиын барысында өңір басшысы аты аңызға айналған палуан Әбілсейіт Айхановтың есімін есте қалдыру бағытында аудан тарапынан нақты ұсыныстар беруді тапсырды. Сарқан ауданында туған атақты спортшының есімін ұлықтау кейінгі жас спортшыларға үлгі екені анық.
Бұдан соң тұрғындар өз сауалдарын қойды. Атап айтқанда, олар Алмалы ауылындағы мектепке жөндеу жүргізу, сол сияқты Қарабөгет ауылындағы ескі медициналық нысанның орнына жаңа ғимарат салу туралы өтініштерін жеткізді. Бұл мәселелерге байланысты облыс әкімі тиісті басқармаларға және аудан әкіміне аталған ғимараттардың жағдайын зерделеп, олардың шешімі бойынша нақты ұсыныстар беруді тапсырды. Бұл мәселелер облыс әкімінің жеке назарында болады.
Осы күні Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келгендер жол жөндеу, ауыз су сапасын жақсарту, тұрғын үй мәселелері бойынша жүгінді. Бұл мәселелердің шешіміне байланысты белгіленген жоспарлар баяндалып, нақты жауаптар берілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























