Ақсу ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында «7 OZEN» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, кең көлемді сенбілік жұмыстары жүргізілді.
Акция аясында Бүйен өзенінің жағалауын санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары атқарылды. Аталған өзен Ақсу ауданындағы Арасан, Суықсай, Қарашілік және Б.Сырттанов ауылдық округтерінің аумағы арқылы өтетіндіктен, тазалық шарасына осы округтердің тұрғындары белсенді қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, су айдындарының тазалығын сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
Тазалық жұмыстарына аудан тұрғындары, еріктілер, мекеме қызметкерлері, жастар және белсенді азаматтар жұмылдырылды. Жалпы акцияға 300-ден астам адам қатысып, 5 арнайы техника тартылды.
Нәтижесінде Бүйен өзенінің жағалауы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Мұндай экологиялық шаралар аудан аумағында алдағы уақытта да өз жалғасын табады.






























