Депутаттық мандат — халық аманаты

2179

ҚР Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқаны  өтті. Ежелден көреген қасиеті бар халқымыз ел тыныштығы мен өркендеуді таңдады. Талдықорған қалалық мәслихатының  VII  шақырылымының бірінші ұйымдастыру сессиясы өтті.

Сайлау қорытындысына тоқтала кетсек, Талдықорған қаласы бойынша 129641 сайлаушы тіркелсе, соның 84414-і сайлау бюллетенін толтырды, яғни, 65,1 пайызды құрады.  Бұл науқанға «Nur Otan», «Ауыл», «Адал» партиялары қатысуға ниет білдірді. Басым дауысты нұротандықтар жинады.

Жалпы Талдықорған қалалық мәслихатының VII-шақырылымына 17 депутатқа квота бөлінген. 15 мандат «Nur Otan» партиясына, қалған екеуі сайлаушылардың 11,88 % иеленген «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына беріліпті.

Мәслихаттың VII шақырлымының бірінші ұйымдастыру сессиясына жаңадан сайланған депутаттар, қалалық атқарушы органдардың және БАҚ өкілдері қатысты. Талдықорған қалалық аумақтық  сайлау комиссиясының төрағасы Е.Қошанбеков, қала әкімінің міндетін атқарушы   С.Байназаров сөз алып,   жаңадан сайланған депуттаттарды құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Е.Қошанбеков  жаңадан сайланған депутаттарға куәліктер мен төсбелгіні табыстау рәсімін атқарды. «Сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Еңбектеріңіз жемісті болсын. Халық қалаулысы деген атақты абыроймен атқаруға сәттілік тілеймін» деді қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.

Алдыңғы VI шақырылымның депутаттарына зор алғыс білдірген қалалық мәслихат аппаратының басшысы Тимур  Биғожанов  Алғыс хат табыстады.

Ашық дауыс беру арқылы бірінші ұйымдастыру сессиясының төрағалығына Серік Жансеңгіров сайланды. Күн тәртібі мен регламент бекітілді.

Бірінші  мәселе бойынша Талдықорған қалалық мәслихатының хатшысын сайлау мәселесі бойынша Жамал Нұрлыбаева сөз алды.

«-Құрметті депутаттар!  Мен, қаладағы №7 орта мектептің директоры лауазымында жұмыс жасаймын. Халық сеніміне ие болып  IV, V, VI шақырылымдардың депутаты болдым. Жалпы дауыс нәтижесінде VII-шақырылымға да депутат болып сайландым.  Бұл сенім  маған  жүктелген үлкен жауапкершілік -деп ойлаймын.  Сондықтан,қала тұрғындарына шын жүректен алғысымды  айтамын.

Талдықорған қалалық мәслихатының алдыңғы шақырылымында қалалық мәслихаттың хатшысы болған Ахажан Темірболат Жанболатұлы өз міндетін белсенді атқарды. Сіздерден, қалалық мәслихаттың VII шақырылымына мәслихат хатшысы етіп сайлауға ұсыныс білдіремін».

Депутаттардың бірауыздан қолдауымен Т. Ахажан Талдықорған қалалық мәслихатының хатшысы болып сайланды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе- қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру және осы комиссиялардың төрағалары мен құрамы да бекітілді. Жалпы айтқанда, «Бюджет, құрылыс, инвестицияларды тарту және жер мәселелері жөніндегі»,  «Заңдылықтарды сақтау, азаматтардың құқықтарын және қоршаған ортаны қорғау, тұрғын үй шаруашылығы, жолаушыларды тасымалдау мәселелері жөніндегі» және де «Жастармен жұмыс, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік-мәдени даму  мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиялар жұмыс жасайды.  Алдын ала  таратылған жоба бойынша  ұсыныстар айтылды. Әр тұрақты комиссияның төрағасы мен мүшелері   бекітілді. Сондай-ақ, келесі сессия төрағалығына  кандидатура да ұсынылды.

Депутаттық мандат-атақ- абырой емес, халық аманаты! Депутат- халық пен атқарушы билік арасын жалғайтын алтын көпір.  Тұрғындардың әл-ауқатын көтеріп, көсегесін көгертуге қызмет етуге қызмет жасайды деген сенімдеміз.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK