Аида Балаева Жетісу жұртшылығымен жүздесті

363

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Талдықорған қаласында халықпен кездесу өткізді. Жетісу облысының орталығы Талдықорғандағы Оқушылар сарайында өткен жиынға кітапхана, театр, БАҚ өкілдері, жастар,  тұрғындар қатысты.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып жатқан реформалар, мәдениет пен әдебиет, бұқаралық ақпарат құралдары саласында іске асып жатқан жұмыстардың   барысы турасында айтылды.

— Мемлекет үшін ең алдымен береке мен бірлік қажет. Тыныштық орнаған жерде даму да болады. Қаңтар оқиғасына екі жыл өтсе де, өздеріңіз көріп отырсыздар, сот отырыстары әлі жалғасып жатыр. Қираған дүниелер енді ғана ретке келуде. Осының барлығына қыруар қаржы жұмсалды, — деді министр.

Азаматтық қоғамда реформалардың жүзеге асырылуына әрқайсымыз өз күш-жігерімізді жұмсай білуіміз керек.  «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»  қағидатына сәйкес жұмыстар жүйеленуде. Референдум өткені белгілі.  Сондай-ақ,  ауыл әкімдерін халықтың өздері  сайлайды.  Бұларды  сайлау жүйесі мен  мемлекеттік басқарудағы оң өзгеріс деуге болады. Қазір креативті орта қалыптастыруға бет бұруымыз қажет. Креативті индустрия деген кең ауқым. Ол зияткерлік қабілет, сондықтан жаңаша ой, идеялармен жұмыс жасай білу арқылы қоғам дамуына үлес қосамыз. Шымкент, Алматы қаласында креативті индустрияның іске асуына үлес қосушылар баршылық. Министрдің пікірінше, Жетісу аймағында да  жүзеге асырылатын жаңашылдық жұмыстар бар.

Кездесуде Аида Балаева қатысушылардың сауалына жауап беріп, оған сай атқарылатын жұмыстарды таныстырды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз