Қаратал өзенінің жағалауынан 60 тонна қоқыс шығарылды

5

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Талдықорған қаласында көктемгі санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру айлығы басталды. Сәуір мен мамыр айларына жоспарланған екі айлық науқан шеңберінде қала тазалығын сақтауға бағытталған 1 жалпықалалық, 8 локалдық сенбілік пен 2 ірі эко-акция өткізу көзделіп отыр.

Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы хабарлайды.

Табиғатты қорғауға бағытталған осы бастаманың алғашқы қадамдары ретінде 11 сәуір күні Қаратал өзенінің маңында локалды сенбілік ұйымдастырылды. Шараға қаланың 195 тұрғыны мен мекеме қызметкерлері қатысып, тазалық жұмыстарын тиімді жүргізу үшін 780 дана шаруашылық керек-жарағымен (тырма, күрек, аша, қап және қолғап) толық қамтамасыз етілді. 5 бірлік арнайы техниканың жұмылдырылуы нәтижесінде өзен маңынан 60 тонна қоқыс жиналып, қала сыртындағы полигонға шығарылды.

Айтулы іс-шараға «ЖетісуСуҚұбыры», «Талдықорғанжылусервис» кәсіпорындары, Өтенай ауылдық округінің Мәдениет үйі, «JetysuJastary» КММ, Талдықорған мансап орталығы, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі және әлеуметтік бейімдеу орталығының ұжымдары белсене атсалысты. Қала бойынша тазалық айлығы жалғасуда және әрбір өткізілген шара облыс орталығының экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз