2026 жылғы 11 сәуірде Текелі қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Қаланың табиғатын аялап,экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған шараларға жергілікті билік өкілдері, ардагерлер мен қала тұрғындары бір кісідей атсалысты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Акцияның маңызды бөлігі Қора өзенінің жағалауын абаттандыруға арналды. Тау суы сыңғырлаған көркем аймақта 50 дана қылқанжапырақты және 200 дана жапырақты ағаш егіліп, жаңа жасыл белдеу пайда болды.Көшет отырғызу шарасына қала әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы арнайы қатысып, тұрғындармен бірге еңбек етті. Сондай-ақ «Абзал ана отауы» халықтық әжелер ансамблінің мүшелері де белсенділік танытып, ағаш егу жұмыстарына өз үлестерін қосты.
– Бүгінгі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы іс-шаралар – қаламыз үшін аса маңызды. Біз тек тазалық жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, өскелең ұрпаққа табиғатты аялаудың үлгісін көрсетудеміз. Өзім де ағаш отырғызу және сенбілік жұмыстарына қатыстым. Мұндай шаралар қала тұрғындарын біріктіріп, ортақ жауапкершілікті арттырады. Алдағы уақытта да осындай игі бастамалар жалғасын табады деп сенемін, – деді қалалық мәслихат төрағасы Бауыржан Тұғылбаев.
Көгалдандырумен қатар, қала аумағында жаппай тазалық жұмыстары жүргізілді. Негізгі сенбілік Тәуелсіздік және Әуезов көшелерінің белгіленген аумақтарында, сондай-ақ Қора өзенінің жағалауында жалғасын тапты. Сенбілікке 500-ге жуық адам қатысып, 5 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде қала аумағынан шамамен 23 тонна қоқыс шығарылды.
– Мен бүгінгі сенбілікке ерекше ықыласпен қатыстым. Қаламыздың тазалығы – әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Ағаш отырғызу жұмыстарына да қатысып, өз үлесімді қостым. Осындай шаралар жиі өткізілсе, қаламыз одан әрі көркейе түседі деп ойлаймын, – деді қала тұрғыны Әсет Тобаев.
Өткізілген игі шаралар қаланың тазалығын сақтап қана қоймай, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға зор ықпал етті.«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай жұмыстар Текелі қаласының экологиялық мәдениетін нығайтудың маңызды тетігіне айналды.





























