Жетісу облыстық мәслихатының кезекті XXXVІ сессиясы өтті

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті XXXVІ сессиясы өтті.

Сессияның күн тәртібінде мәслихаттың «Жетісу облысының 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, өңірдің 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы, құқық бұзушылықтың профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамын бекіту және басқа да бірнеше мәселе қаралды.

Бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов баяндады. Ол бұл ретте денсаулық сақтау, соның ішінде медициналық нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға, цифрландыру саласында ІТ мамандарын даярлауға, саябақтарды абаттандыру, экопарктер құруға, туризм инфрақұрылымын жақсартуға және басқа да маңызды салаларға бағытталатынын жеткізді.

Сол сияқты өңірдің даму қорытындылары жайлы баяндады. Облыс құрылғаннан бергі негізгі экономикалық көрсеткіштерді атап өтіп, басым бағыттарға тоқталды. Соның ішінде өндірісті дамыту, агроөнеркәсіпті өркендету, газдандыру, жол құрылысы, әлеуметтік саланы ілгерілету, басқа да бағыттардағы маңызды жобалар жайлы айтты.

Өз кезегінде өңір басшысы Бейбіт Исабаев депутаттарға облыстың алдағы даму жоспарлары туралы қысқаша баяндап берді. Атап айтқанда,  елді мекендерді, соның ішінде Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарындағы ауылдарды газдандыру, Талдықорған мен Үштөбе арасындағы жолды жөндеу, туризмді дамыту, соның ішінде Балқаштағы жағажайлар құрылысы және басқа да іргелі жобаларға кеңінен тоқталып, алдағы жұмыстардың мәслихат депутаттарымен бірлесіп атқарылатынын жеткізді.

— Облыс құрылғаннан бері өңірде ауқымды жұмыстарды өздеріңізбен кеңесе отырып, атқардық, сол үшін баршаңызға алғысымды білдіремін. Газдандырылған елді мекендер санын 5-тен 110-ға жеткіздік. Әлеуметтік нысандарды жаңғырту едәуір жақсарды. Алакөл жағалауының инфрақұрылымын жақсартуда жүйелі жұмыс жасалып, жол, ауыз су, электр желісі, кәріз жүйелелері мәселесі шешіліп, жағалауды бекіту жұмыстары, кәріз тазарту құрылғыларын салу қолға алынды. Балқаш жағалауын дамытуды да жалғастырамыз. Мұның бәрі қорыта келгенде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Алдағы жоспарымыз да аз емес, оны әрдайым өздеріңізбен кеңесе отырып, бірлесе орындаймыз деп сенемін, — деді Б. Исабаев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.    

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз