Жетісу облысында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тұрақты өткізілуде. Мәселен, биылғы жылдың үш айында осындай 10 жәрмеңке ұйымдастырылып, соның нәтижесінде 231 адам тұрақты жұмыспен, 248 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда, аудан-қалалардағы Мансап орталықтарының ұйымдастыруымен биылғы жылдың І тоқсанында өткізілген жәрмеңкелерде жұмыс берушілер 621 бос жұмыс орнындарын ұсынған.
— Жәрмеңкелердің нәтижесінде жеті жүзден астам адам ұсынылған бос орындар жөнінде қажетті кеңестер алды. Жәрмеңкеге қатысушылардың 231-і тұрақты жұмыспен, 248-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Соның ішінде олардың қоғамдық жұмысқа, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына «Күміс жас» бағдарламасы аясындағы орындарға, қысқа мерзімді оқытуға жіберілгенін атап өтуге болады. Мұндай жәрмеңкелерді аудан-қалаларда жыл бойы жалғастырамыз, — деді басқарма басшысы Ермек Мизамбаев.
Мәселен, жуырда осындай іс-шара Панфилов және Кербұлақ аудандарында ұйымдастырылды. Панфилов ауданында «Панфилов Су құбыры» МКК, «Мейірім» Жаркент арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ, «Empire Manufacturing» ЖШС, «Раушан» оқу орталығы сияқты бірқатар мекеме-кәсіпорындар бас технолог, бас инженер, бас механик, баптаушы, менеджер, өндіріс желісінің операторы, технолог, логист, аспаз және басқа да мамандықтар бойынша жұмыстар ұсынды. Жәрмеңкеге жұмыссыз азаматтар, Жаркент жоғары педагогикалық және «Диана» жоғары медициналық колледждерінің студенттері келіп қатысты.
Қатысушы жастар пікір білдіріп, мұндай іс-шаралардың әсіресе оқу орындарының түлектері үшін пайдалы екенін айтты:
— Бүгінгі жәрмеңкенің нәтижесінде «Empire Manufacturing» компаниясына өзімнің мамандығым бойынша, яғни тамақ технологы болып тұрақты жұмысқа орналастым. Осындай мемлекеттік қолдау шаралары бар болғанына қуандым. Сөйтіп бүгін тәжірибе жинақтап, өз білімім мен қабілетімді көрсетуге мүмкіндік алдым, — деді жас маман Шалимбаева Сара.
Ал Кербұлақ ауданындағы жәрмеңкенің көмегімен жұмысқа тұрғандардың ішінде Бахытгүл Бұхарова да бар.
— қазіргі уақытта 50-ден асқан адамдар үшін жұмыс табу қиын. Жұмыс берушілердің дені жас мамандарды жұмысқа қабылдайды. Сондықтан біз сияқты ересек адамдар үшін «Күміс жас» жобасы өте тиімді. Менің мамандығым – тәрбиеші. Өзім осы жоба бойынша жәрмеңкеде ұсынылған бос жұмыс орнына орналастым. Енді «Мирас» бөбекжай-балабақшасында тәрбиеші болып істеймін. Ұйымдастырушыларға осындай пайдалы іс-шара өткізгендері үшін алғысымды білдіремін, — деді ол.
Еске салсақ, жұмыс берушілерден түскен бос жұмыс орнындары туралы мәліметтермен www.enbek.kz/ru порталы арқылы күнделікті танысуға болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.





























