Жетісу жастары «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында ЖИ көмегімен фотоматериалдар жасады

Жетісу облысында «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында жасанды интеллект көмегімен дайындалған «Құқықбұзушылыққа жол жоқ!» атты фотосуреттер байқауы ұйымдастырылды. Бұл шара жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ ЖИ технологияларын әлеуметтік салада тиімді қолдануға бағытталған маңызды алаңға айналды, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Байқауға қатысушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, заң мен тәртіп, азаматтық жауапкершілік, құқық бұзушылықтың салдары және қоғамдық тәртіптің маңыздылығы тақырыптарын шығармашылық тұрғыда ашып көрсетті.

Қазылар алқасы ұсынылған жұмыстарды мазмұны, идеяның өзектілігі, шығармашылық тәсілі және техникалық орындалу критерийлері бойынша бағалады.

– Байқауға барлығы 22 адам қатысты. Келіп түскен фотоматериалдардың бәрі қоғамда заң үстемдігін насихаттауға қосқан үлесі тұрғысынан жан-жақты талданды. Жасанды интеллектті қолдану қазіргі жастардың «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілетуде жаңа тәсілдерге деген ізденісін көрсетті, – деді қазылар алқасының мүшесі, «Jetisu jastary» КММ PR бөлімінің жетекшісі Аяжан Нұрахметова.

Конкурс нәтижесінде 1-орынды Шұғыла Ержанқызы, ІІ орынды Мейрам Бакдәулетұлы, ІІІ орынды Аружан Бақытжанқызы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталды.  

Байқау жеңімпазы Шұғыла Ержанқызы пікір бөлісті:

– Бұл байқау мен үшін жай ғана жарыс емес, өз көзқарасымды білдіруге жасалған мүмкіндік болды. Жасанды интеллектпен жұмыс істеу маған ерекше шабыт сыйлады. Қатарластарыма «Заң және тәртіп» қағидатының маңыздылығын жеткізе алғаныма қуаныштымын, – деді ол.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз