Баршаға белгілі, жаңа оқу жылы басталғалы мектеп оқушылары қоғамдық көлікте бұрынғыдай жол жүру билеттерін пайдаланбайтын болды. Оқу басталғалы да бір айдай уақыт өтті. Бұл мәселе қалай шешімін тапты деген сауалды Талдықорған қалалық білім бөлімі мамандарына жолдаған едік. Соның жауабын оқып көрелік.
«2023 жылдың қыркүйегінен бастап бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында Талдықорған қаласында қоғамдық көлікте оқушылар мен студенттерді электронды жол жүру билеттеріне көшу жұмыстары жүргізілуде.
Білім бөлімінде көлік карталарын сатып алуға қаражат қарастырылмаған, тек оқушылар мен студенттердің қоғамдық көліктерде тегін жүруін қамтамасыз ету үшін қаражат бөлінген.
Мектеп және студенттік пластикалық көлік карталары ЖСН бойынша тіркеуді талап етеді. Тіркеусіз көлік карталары жарамсыз, оқушылар мен студенттердің пластикалық көлік карталарын тіркеу «Алемпей» ЖШС қолға алған».
Әрине, мамандардың айтуынша, бұл рәсім қоғамдық көліктің нақты пайдаланушыларын анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесі қоғамдық көлікте электрондық картаны пайдалануына қарай жол жүру санын тіркейді, осы деректердің негізінде Білім бөліміне нақты жол жүру ақысын төлеуге шот-фактура қойылады. Ата-аналар көлік карталарын толтырмайды, көлік карталары нақты жол жүру санын тіркеу үшін қажет.
Айта кету керек, бұрын жол жүру билеттері қағаз түрінде болған және студенттер мен оқушылардың барлық санына сатып алынатын, осылайша жол жүру билеттерінің нақты пайдаланушыларын анықтау мүмкін болмады.
Электронды жол жүру билеттері — тек жеке пайдалануға, жол жүру санын тіркуге арналған (билетке қаражат салынбайды) және пайдаланушы билет арқылы басқа тұлға үшін төлем жасай алмайды.
Көлік карталарын сату және тіркеу бойынша орын алған жағдайға байланысты үлкен кезектерді болдырмау мақсатында«Алемпей» ЖШС 2023 жылдың 14 қыркүйегінен бастап кезек тәртібімен әрбір білім беру ұйымында (мектептер, колледждер мен университеттер) көлік карталарын сатуды және тіркеуді жеке-жеке жүргізуде.