Биыл 13–23 наурыз аралығында республика көлемінде ұйымдастырылып жатқан «Наурыз FEST» акциясы Наурызнама онкүндігінің аясында Жетісу облысында да кең ауқымда өтуде. Бұл бастама халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлаумен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға, отандық өндірушілерді қолдауға және тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
— Республикалық акцияға өңірдегі ірі сауда желілері мен сауда орындары белсенді қатысуда. Атап айтқанда, «TOIMART», «SMALL», «Magnum» сауда желілері, сондай-ақ «Шаған», «Евразия», «Керуен», «Қарағаш», «ЦУМ», «Айзере», «Magnit», «As-mart» секілді сауда үйлері мен минимаркеттер тұрғындарға жеңілдетілген бағамен тауар ұсынып, мерекелік сауданың қызуына үлес қосып отыр. , — деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Азамат Жаңбырбаев.
Наурыз мерекесінің биылғы тағы бір ерекшелігі – өңірдің әр аудан-қалаларында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Оларда жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары тұрғындар үшін ет, сүт өнімдерін және басқа да түрлі азық-түлік тауарларын тиімді бағада ұсынуда.
— Наурыз аясында жәрмеңке өткізу өпайдалы әрі игі шара. Өйткені осы мерекелік күндерде үйге ағайын-туыс, дос-жаран, қонақ келеді, дастархан жайылады, сондықтан азық-түлікті мол аламыз. Осындай кезде жәрмеңкеде қолжетімді бағадағы жергілікті өнімдердің сатылуы бізге көп көмегін тигізіп отыр, — дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Зәуре Тұрарқызы.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов




























