Волейболдан еліміздің 9 дүркін чемпионы, Азия чемпиондар лигасының жеңімпазы (2025 жыл), Қазақстан Суперкубогының 5 мәрте иегері «Жетісу» әйелдер командасы референдумға команда болып қатысып, Талдықорғандағы №429 сайлау учаскесінде дауыс берді.
– Келешек үшін әр саяси науқаннан қалыс қалмай, өз ойымызды айтып, таңдауымызды жасауымыз керек деп білемін. Бүгін жасалған іс – болашаққа деген нық қадам. Әр жас өз елінің ертеңі үшін алаңдап, бүгіннен іске кірісуге тиісті. Қоғамда болып жатқан өзгерістерге бей-жай қарамай, әр іске салқынқанды қарап, тиянақты әрекет ету керек, – дейді «Жетісу» волейбол клубының ойыншысы Перизат Нұрбергенова.
«Жетісу» волейбол клубы екі күннен кейін Петропавлда болатын ел чемпионатының соңғы турына аттанады. Одан кейін сәуірдің басында Астанада плей-офф сатысында сынға түседі. Ал сәуірдің аяғында Азия волейбол қауымдастығының (AVC) арнайы шақыртуымен Кореяда өтетін Азия чемпиондар лигасына қатысады.





























