Бейбіт Исабаев жаңа Конституцияның жобасын талқылау жиынын өткізді

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қоғам өкілдерімен жаңа Конституцияның жобасын талқылауға арналған жиын өткізді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынға қоғамдық кеңестер мүшелері, жергілікті мәслихаттар төрағалары, зиялы қауым өкілдері, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, түрлі сала мамандары — жалпы жүзден астам адам қатысты. Атап өтсек, жиынға облыстық мәслихаттың төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, өңірлік коалиция төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева модераторлық етті.

Жиынның кіріспе сөзінде Бейбіт Исабаев Конституцияда ұсынылып отырған өзгерістердің негізінде жатқан басты қағидаттарға тоқталды.

— Атап айтқанда, біріншіден, Парламент пен өкілді органдардың рөлін күшейту. Бұл – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға, шешімдерді ашық әрі институционалдық диалог арқылы қабылдауға бағытталған қадам. Екіншіден, азаматтардың мемлекетті басқару процесіне қатысуын кеңейту. Қоғамдық бақылау тетіктерін дамыту, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту, азаматтық қоғам институттарының шешім қабылдау үдерісіне нақты ықпал етуіне жағдай жасау көзделіп отыр. Үшіншіден, адам құқықтары мен бостандықтарын нығайту. Конституция әр азаматтың қадір-қасиетін қорғаудың нақты тетігіне айналуы тиіс. Заң алдындағы теңдік, әділ сот төрелігі, әлеуметтік құқықтардың қорғалуы – бұл қағаз жүзіндегі ұран емес, мемлекеттік саясаттың өзекті міндеті. Төртіншіден, жауапты және күшті мемлекет қалыптастыру. Билік қоғам алдында есеп беретін, институттар ашық әрі кәсіби жұмыс істейтін жерде ғана сенім қалыптасады. Ал сенім – бүгінгі таңда үлкен күш және стратегиялық даму ресурсы, — деп атап өтті Б. Исабаев.

Бұдан кейін сөз алған жиынға қатысушылар Ата Заңдағы өзгерістердің мән-мазмұнын әр қырынан ашып, ой-пікірлерін жеткізді.

— Бүгінде еліміз дұрыс бағытта дамып келеді. Мәселен, облыс құрылғалы бері мәдениет саласында қаншама нысан салынып, жөндеуден өтті, бізге алаңсыз жұмыс істеуге барлық жағдай жасалуда. Жалпы, Конституциядағы жаңа өзгерістердің бәрі халық үшін жасалып отыр. Мемлекет басшысының игі бастамаларын іске асыру, адал еңбек ету, бір мақсатқа жұмылу – бәріміздің ортақ міндетіміз, — деді Қазақстанның халық әртісі, Б. Римова атындағы академиялық драма театрының актрисасы Алмахан Кенжебекова.   

Сол сияқты Ал «Ерлік» қимыл қозғалысы кем мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Роза Ақжаркенова референдумға кедергісіз қатысу үшін сайлау учаскелерінің мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді болуы маңызды.

Конституциялық реформалардың негізінде әр адамға түсінікті әрі жақын идея – әділдік, тең мүмкіндіктер мен әрбір азаматтың мүддесін қорғау қағидаты жатыр. Біздің Жетісу өңірінде мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға ерекше көңіл бөлінген. Қолжетімді инфрақұрылым дамытылып,  білім алу мен еңбекке орналасуда тең жағдай жасалып, әлеуметтік қызметтердің сапасы артып келеді. Қарапайым ғана мысал: облыс құрылғаннан бері инватакси саны 18-ден 32 бірлікке артты. Бұл арнайы көлік рефрендум күні үздіксіз жұмыс істейді. Жалпы алғанда, жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі алдағы референдумды әділетті әрі тұрақты мемлекет құру жолындағы дер кезінде әрі сенімді қадам деп есептеймін, — деді Роза Ақжаркенова.

Сол сияқты өз сөзінде Жетісу облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Әсет Қыдырманов еңбек адамының құқығын қорғау мәселесі жайлы айтса, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев Ата Заңдағы өзгерістер мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсетініне тоқталды. Ал Жетісу университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Ермек Бөрібаев жаңа Конституция жобасында мәдениет пен білімге, ғылым мен инновацияға сүйенетін даму моделіне басымдық беріліп отырғанын тілге тиек етті.

Жиында Жетісу облысы «Ассамблея жастары» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Екатерина Подгорнова да ой бөлісті.

— Қазіргі саяси жаңғыру кезеңінде біз, Жетісу жастары, шетте қалмай, Ата заңымыздың жаңа өзгерістерімен белсенді азамат ретінде зерттеп шықтық. Қазіргі жастар – білімді, саналы, цифрлық әлемде еркін, өз ойын ашық айта алатын буын. Бүгінгі күні жетістікке жету жолы өте оңай, ең бастысы қоғамға пайдаңды тигізіп, еліне адал қызмет етіп, даму жолында ерінбей еңбек ету маңызды. Біз өзгерістерді қолдап қана қоймай,  соның белсенді қатысушысы болуға дайынбыз. Келешек бүгіннен басталады, — деді ол.

Өңірдегі қоғам өкілдері референдумға қатысу еліміздің алдағы дамуын қалыптастыратын маңызды қадам екенін айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Б. Исабаев:

— Орнықты мемлекеттер жауапкершілікке, әділеттілікке, заң үстемдігіне және адамға деген құрметке негізделеді. Жаңа Конституция жобасы осы құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Біздің ортақ мақсатымыз – әділетті, ашық әрі тиімді мемлекет құру, — деді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз