Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының өкілдері ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Амангелді Есбай, Ғалиасқар Сарыбаев және өңірлік коалиция өкілі Ришад Тұрғанбай «Биліктің ашықтығы және қоғамдық бақылау» тақырыбында диалог форматындағы жиын өткізді. Шараға БАҚ өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері қатысты.
Коалиция өкілдері конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттары, алдағы референдумның маңызы және реформалардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы туралы ақпарат берді. Алдымен сөз тізгінін тартқан Амангелді Есбайдың айтуынша, Жаңа Конституция жобасы – мемлекеттің құқықтық және саяси жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталған ауқымды құжат.
– Конституция — тек негізгі құқықтық құжат қана емес, сонымен бірге мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің негізі. Осы тұрғыда ұсынылып отырған өзгерістер билік пен азаматтар арасындағы алшақтықты қысқартуға, мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға және нақты қоғамдық сұраныстарға бағдарлануға бағытталған. Жалпы алғанда, ұсынылып отырған жоба әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, құқықтық мәдениетті дамытуға және мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған, — деді ол.
Мұнан кейін мінберге көтерілген Ришад Тұрғанбай Ата заңдағы өзгерістің уақыт талабынан туғанын дәйектеді.
– Заң жобасының 84 пайызына өзгерістер енгізілді. Денсаулық сақтау, құқық саласы, сот саласы, білім және ғылым салаларында айтарлықтай оң өзгерістер болғалы тұр. Себебі, комиссия мүшелері жаңа жобаны жазарда азаматтардың, сарапшылардың, саяси партиялардың ұсыныстарын егжей-тегжейлі қарап, талдап, ортақ пайымға келді. Шындығында, жаңа Ата заң жобасы жаңа Қазақстанның барлық қажеттіліктеріне сай жасақталған, — деді ол.
Ал, Ғалиасқар Сарыбаевтың сөзіне сенсек, жаңа Конституция бұл – болашаққа жасалған батыл әрі тарихи қадам.
– Конституция – қағаз жүзіндегі мәтін ғана емес. Ол – біздің бірлігіміздің, тұрақтылығымыздың, тәуелсіздігіміздің кепілі. Жалпы, Ата заңның өзегінде – адам, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен жеке жауапкершілігі қарастырылған. Дәстүр, бірлік пен рухани құндылықтар қоғамның орнықты дамуының негізі ретінде айқындалған. Конституция жобасында мемлекеттің зайырлы сипаты, сонымен бірге некенің ер мен әйелдің тең құқықты, ерікті одағы ретінде танылуы нақтыланған, — деді спикер.





























