Жетісу облысында жас кәсіпкер қолдан пісірілетін нан өндірісін жолға қойды. Мамандығы экономист бола тұра, наубайшы кәсібін өз бетінше меңгерген ол «тірі» қол ашытқыларды ғана пайдаланып, ашытқы (дрожж) қоспай дайындалатын «пайдалы» нанның жеті түрін өндіруде. Қазіргі таңда кәсіпорында жергілікті ұнды пайдалана отырып, күніне 350-ге жуық өнім дайындалады. Дайын өнім облыс орталығындағы 25 дүкенге жеткізіледі. Алдағы уақытта кәсіпкер өнім түрлерін көбейтіп, өндіріс көлемін ұлғайтып, республикалық деңгейге шығуды жоспарлап отыр, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ерболат Еренталов жұмыс күні ыстық нанның аңқыған иісінен басталатынын айтады. Он сегіз жасынан бастап кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан ол шағын болса да, өз наубайханасын ашуды ұйғарды. Нарықтағы сұранысты зерттеп, нан-тоқаш өнімдерін өндірумен айналысқан жөн деп шешкен. Алдымен алты ай бойы Алматы қаласында білім алып, тәжірибе жинақтап, нағыз үй нанының дәмін сезіндіретін өнім дайындаудың қыр-сырын меңгерді.
– Нан өндірісі саласында жаңалық ашу мүмкін емес сияқты көрінеді. Бірақ мен Талдықорған қаласының нарығын зерттей келе, өз орнымды тауып, қаламызда жоқ қол наны өндірісін жолға қойдым. Яғни, баршаға таныс өнімді жаңартып, табиғи әрі пайдалы ете түсуге болады. Менің құпиям қарапайым, бар болғаны табиғи ашытқы, қоспасыз, тек табиғи ингредиенттер ғана қолданамын. Біздің шағын наубайханамыз жаз мезгілінен бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда тұрақты түрде алты адам еңбек етеді. Барлығымыз бірлесіп, бұл бастаманы үлкейтуге, пайдалы іске айналдыруға күш салып жатырмыз, – дейді жас наубайшы.
– Нан бізді отбасымыздың тарихымен, салт-дәстүрімізбен, мәдени мұрамызбен байланыстырады. Сондықтан наубайханама атамның есімін бердім, – деп сөзін жалғастырады Ерболат. – Қол ашытқымен дайындалатын нан пісіруге көбірек уақыт кетеді, өйткені үдерістің басым бөлігі қолмен атқарылады. Біз тек қамыр илейтін құрылғыны ғана қолданамыз. Ашытқының орнына табиғи ашытқы пайдаланамыз. Қамырдың ұзақ уақыт ашытылуының арқасында өнімнің ішкі құрылымы кеуекті, қыртысы қытырлақ, ал иісі ерекше әрі қанық болады. Қазіргі таңда біз тартин нанын, дәнді және мүкжидек қосылған нан, дәнді багет, бородино наны мен қара бидай нанын, чиабатта және қарақұмық чиабаттасын пісіреміз. Сонымен қатар күн сайын 60 бөлке әлеуметтік нан пісіреміз. Сұраныс болса, круассан, синнабон, прәндік, самса және басқа да түрлі нан-тоқаш өнімдерін дайындауға мүмкіндігіміз бар. Қажетті құрал-жабдықтарымыз да, өсіп-өркендеуге деген ниетіміз де жеткілікті.
Тағы бір ерекшелігі – наубайханада дайын нан қарқынды мұздату әдісінен өткізіледі. Соның арқасында өнімді алыс жерлерге тасымалдауға мүмкіндік бар.
– Қазіргі уақытта наубайханамыздың өнімі тек Талдықорған қаласында сатылып жатыр. Алдағы уақытта облыстық, республикалық деңгейге шықсақ дейміз. Ол үшін ең алдымен сапалы әрі пайдалы өнім өндіруге бар күшімізді салып келеміз. Әрине, мемлекет тарапынан қолдау болса, өндірісті кеңейтіп, ассортиментті ұлғайтуға дайынбыз. Әр адам өмірде өз орнын тауып, табысқа жете алады деп санаймын. Ол үшін өз ісіңді сүйіп, оны жан-тәніңмен беріле істеуің керек, – деп түйіндеді сөзін Ерболат.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























