«Таза Қазақстан»: келесі жылы Талдықорғандағы орталық саябақ жаңғыртылады

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Жетісу облысында саябақтар мен скверлерді абаттандыру және жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл ретте жасыл желектерді сапалы күтіп-баптау үшін автоматты суару жүйелерін орнатуға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, облыс құрылғаннан бері аудан орталықтарындағы жасыл аймақтар кезең-кезеңімен абаттандырылып келеді. Ал келесі жылы Талдықорған қаласындағы орталық саябақта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың облыс орталығындағы құрылыс нысандарын аралауы барысында белгілі болды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Биыл Талдықорған қаласындағы үш саябақта: «Жастар» саябағында, Ардагерлер саябағында және Қаратал өзенінің жағалауында автоматты суару жүйесі орнатылды. Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Ардагерлер саябағында атқарылған жұмыстардың барысымен танысты.

Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, автоматты суару желілерінің жалпы ұзындығы 6,8 км. Сонымен қатар көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 200-ге жуық қылқан жапырақты және жапырақты ағаш отырғызылған.

Жалпы, биыл Талдықорған қаласында 13 мың ағаш отырғызу жоспарланса, бүгінгі таңда оның 12 400-і егілді. Қалған 600 ағаш қараша айының соңына дейін отырғызылады.

— Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Жетісу облысында барлық дерлік аудан орталықтарында заманауи саябақтар кезең-кезеңімен салынып, қолданыстағы жасыл аймақтар жаңғыртылуда. Саябақтардағы жасыл желектерді күтіп-баптап, уақытылы суару қажет болғандықтан, автоматты суару жүйелері де енгізілуде. Сонымен қатар келесі жылы Талдықорған қаласындағы орталық саябақта күрделі жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде мүлдем жаңа саябақ пайда болады. Қаланы көгалдандыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылады. Әсіресе, қалаға кіреберістегі аркадан бастап айналма жолға дейінгі аумақ абаттандырылады. Жолдың оң және сол жағына көгал төселіп, ағаштар отырғызылады, суару жүйесі мен жарықтандыру орнатылады. Сондай-ақ орындықтар, демалыс орындары мен спорт алаңдары салынады, — деп атап өтті облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Ардагерлер саябағын аралау қорытындысы бойынша облыс әкімі орындықтарды, кіреберісті ретке келтіріп, көгалдандыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз