Жетісуда 5 мың жастың басын қосқан жастар форумы өтті

Жетісулық жастар «START: ЖЕТІСУ ЖАСТАРЫ – ТАҢДАУ УАҚЫТЫ!» патриоттық форумын өткізді. Бұл шара жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған. Бұл ретте Талдықорған қаласындағы «Жастар» Спорт сарайында өткен форумда өңірдің  аудан-қалаларымен тікелей эфир арқылы байланыс орнатылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір жастары өкілдерінің айтуынша, форум жастардың қоғамдық үдерістерге жауапкершілікпен қатысуына ықпал етуді мақсат еткен. Іс-шараға облыстық мәслихаттың төрағасы, конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Гүлнар Тойлыбаева, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Болат Керімбек және Анас Баққожаев қатысты.

Кештің арнайы спикері актер әрі кинорежиссер Ерлан Қасымжанұлы ашық диалог барысында қатысушылармен кәсіби және өмірлік тәжірибесін бөлісіп, көшбасшылық, жеке жауапкершілік және елжандылық қасиеттерін шыңдау мәселесіне ерекше тоқталды.

Іс-шараға облыстағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, жастар ұйымдарының өкілдері және белсенді жастар қатысты. Солардың бірі І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті, «Ассамблея жастары»  қоғамдық бірлестігінің мүшесі Жанбота Айдынқызы да бар.

— Мен әртүрлі жастар ұйымдары өткізетін түрлі іс-шараларға үнемі қатысамын. Өйткені осындай қоғамдық шаралар арқылы біздің көзқарасымыз, танымымыз қалыптасады, жастар бір-бірімен араласып, білімі мен тәжірибесін бөліседі, сөйтіп бірге өсеміз, бірге дамимыз. Бүгінгі шараға да сондай игі ниетпен келдім. Біз, Жетісу жастары белгіленген күні жаңа Конституция бойынша өтетін референдумға қатысу арқылы ортақ болашаққа үлес қосамыз деп сенемін, — деді ол.

Кеш қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз