Бейбіт Исабаев Жетісу облысын дамытудың алты басым бағытын талқылады

Жетісу облысында Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктеген тапсырмаларының негізінде облысты дамытудың алты басым бағытын талқылады. Жиында облыс әкімі Бейбіт Исабаев әлеуметтік-экономикалық орнықты өсімді қамтамасыз етіп, халықтың табысын, өмір сүру деңгейін жақсарту басты міндет болып қала беретінін айтты, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, сапалы инвестиция тарту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану арқылы кәсіпкерлікті қарқынды дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу қажет.

Жетісу облысының аграрлы аймақ екенін ескере отырып, Бейбіт Исабаев ауыл шаруашылығын дамыту бағытында тиісті сала басшылары мен аудан-қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.  

— Бірінші, Президент ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруді тапсырды. Яғни ауыл шаруашылығын дамыту – тек қаржы бөлу емес, оның қайтарымын ұлғайту. Ендігі мақсат – мал шаруашылығын күшейтіп, ауыл еңбеккерлерінің табысын арттыру. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және аграрлық әлеуетті толық пайдаланудың басты шарты. Оған «Ауыл аманаты» жобасы үлкен ықпал етеді. Жоба аясында 2026-2028 жылдары облысқа 22,6 млрд. теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Оның ішінде биылғы жылға 5 млрд. теңгеге 400-ге жуық жобаны іске асыру көзделіп отыр, — деп атап өтті Б. Исабаев.

Осыған байланысты заманауи агротехнологиялар мен техниканы пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейін көтеру міндеті қойылды. Бұл ретте ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, пайдаланылмай бос жатқан алқаптарды айналымға енгізіп, олардың өнімділігін арттырудың маңызы зор. Сол сияқты ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартып, тауарлы сүт фермалары мен мал бордақылау алаңдарын, құс фабрикасын салу, жылыжайларды іске қосу мен балық шаруашылығын дамыту тапсырылды.

Екіншіден, өнеркәсіпті өркендету бағытында әрбір аудан-қалалардың ерекшелігіне және басым бағыттарына мән бере отырып, жаңа инвесторлар тартып, өндірістік және сервистік кәсіпорындар ашу, шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана отырып, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру, сол арқылы қосымша тұрақты жұмыс орындарын құру міндеттелді.

Облыс әкімі сол сияқты үшінші және төртінші мәселе ретінде құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларындағы мәндеттерге де  тоқталды. Яғни барлық құрылыс, күрделі жөндеу объектілері мерзімінде, сапалы аяқталып, бөлінген қаражат толық игерілуі тиіс екенін қадап айтты. Сондай-ақ сумен, газбен, жылумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету және автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарын қадағалау мен белгіленген мерзімде сапалы аяқтау қажет.

Сонымен қатар өңірді абаттандыру мен экология мәселесіне де тоқталды. «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында биылға жоспарланған Ақсу, Көксу, Қаратал аудандарындағы саябақтар жаңғыртылып, Талдықорған, Текелі, Сарқан қалаларындағы экопарктердегі жұмыстар жыл соңына дейін бітуі тиіс.

Бесінші, халықтың денсаулығын сақтау саласында көрсетілетін медициналық қызметтердің, ауруларды ерте анықтау үшін жүргізілетін скринингтердің сапасын арттыру, сол сияқты тәжірибелі медицина кадрларын облысқа тарту жұмыстары жалғастырылады.

Жиын қорытындысында өңір басшысы бюджет шығыстарын қайта қараудың маңыздылығына назар аударды.

— Алтыншы, бюджет қаражатын оңтайландыру үшін шығыстарға талдау жүргізуіміз керек. Бюджет тиімді игерілуі тиіс. Жалпы, облысымыздың өткен жылы қол жеткізген жетістіктерінде барша облыс тұрғындарының үлесі зор. Биылғы жылы да жұмысымызды одан әрі ширата түсуіміз керек, – деді Б. Исабаев сөзін қорытындылап.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фототілші: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз