Тіл мәселесі мен халықтың саяси белсенділігі

4

Қазақстан үшін Конституция – жай ғана заң емес. Ол – халықтың тағдыры, мемлекеттің бағыты, ұлттың ертеңі. Сондықтан Ата Заңның жаңа жобасы қоғамда үміт пен күдікті қатар оятқаны заңды.

Көпшілікті ойландырған негізгі мә­селелердің бірі – 9-баптың 2-тармағы. Онда «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару орган­дарында орыс тілі қазақ тілімен тең қо­лданылады» деп көрсетілген. Бұл норма «ана тіліміздің қолданысына кері әсер етуі мүмкін» деген пікір туғызып отыр. Қоғамда тілге қатысты кейбір ке­леңсіз жағдайлардың да осы тар­мақ­пен байланысты айтылуы тегін емес. Сонымен қатар, Ата Заңның 43-бабында болашақта ел Президентінің қазақ тілін еркін меңгеруі міндеттелсе, 22-баптың 2-тармағында әр азаматтың ана тілін, ұлттық мәдениетін пайдалануға және кез келген тілді еркін таңдауға құқығы бар екені нақты көрсетілген. Демек, Конституция ешкімнің құқығын шектемейді, елімізде әр адам қысымсыз өмір сүруіне толық мүмкіндік бар. Осы орайда, «онда 9-баптың 2-тармағын қалдыру қаншалықты қажет?» деген ой мені де жиі мазалайды.

Қоғамдық қызмет пен негізгі жұмыс барысында түрлі этнос өкілдерімен жиі араласамын. Олар қазақ тілін үйренуге ниетті екенін айтады. Алайда арнайы тілдік ортаның жетіспейтінін алға тартады. «Қоғамдық орындарда мемлекеттік тілге басымдық берілсе, біз де тез меңгеріп кетер едік» деген пікірді де жиі естимін. Қазір қай тілде сұралса, сол тілде жауап беру үрдісі қалыптасқан. Бұл да жоғарыда аталған тармақпен байланысты. Сондықтан заңның осы тұсына өзгеріс енгізу қажет деген ұсынысты жиі айтып жүрмін. Дегенмен, мәселені тереңірек ой елегінен өткізсем, бұл тармақты тек даурығумен шешу де дұрыс емес екенін түсінемін. Түрлі этнос өкілдері тұратын өңірімізде ха­лық­тың бірден мемлекеттік тілге көшуі оңай шаруа емес. Оған қоса, бүгінгі өскелең ұрпақтың ғаламторға тәуелділігі ана тілімізді меңгеруіне кері әсер етіп отырғанын да жасыра алмаймыз. Сондықтан, ең алдымен, өзіміз қоғамда қазақ тіліне басымдық беріп, ұрпақ тәрбиесінде тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Сонда ғана оң өзгеріс болады. Бұл ретте геосаяси жағдайды да ескерген абзал.

Жаңа жоба бойынша Ата-Заңның 77 бабы толықтырылмақ. Бұл – жалпы мәтіннің 84 пайызы. Яғни, мазмұны жағынан жаңа Конституция деуге толық негіз бар. Онда азаматтардың құқықтарын қорғауға айрықша көңіл бөлінген. Мысалы, бұрын кейбір әлеуметтік топтардың мүддесі жеткілікті деңгейде қорғалмаса, жаңа реформаларда адамның қадір-қасиеті, жеке бостандығы, еңбек ету, білім алу құқықтары нақты бекітілмек. Бұл әр азаматтың өзін қауіпсіз әрі тең сезінуіне мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды мәселе – халық­тың саяси белсенділігі. Жаңа Конституция жобасы азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Референдум арқылы пікір білдіру, қоғамдық бақылаудың күшеюі, азаматтық қоғам институттарының дамуы – ашық әрі әділетті қоғам құруға жол көрсетеді. Халық өз дауысын еркін жет­кізе алғанда ғана қоғамда сенім мен тұрақтылық қалыптасады. Осыған бай­ланысты жетісулықтарды белсенділік танытып, өз ұсыныс-пікірлерін «Аза­маттарға арналған үкімет» мемле­кеттік корпорациясының «е-өтініш» пор­талы арқылы Конституциялық ке­ңеске жолдауға шақырамын. Алдағы рефе­рендумда да азаматтық ұстаным та­нытып, ел болашағына бейжай қарамайық.

Жаңа Ата Заң жобасы – тарихи мүмкіндік. Бұл – қоғамды жаңартудың, әділетті мемлекет қалыптастырудың нақты жолы.

Гүлназия МҰСТАПОВА,
облыстық мәслихат депутаты

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз