Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті Үкімет мүшелері және жиынға қатысушылар!

Бәріңізге мәлім, Қазақстан өтпелі кезеңге аяқ басты. Біз ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында конституциялық реформаның маңызды тұстары туралы айтқанымды білесіздер. Қоғамда кеше ғана емес, жарты жылдан бері Конституцияға қатысты жан-жақты пікір алмасу жүріп жатыр. Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы Комиссия құрамында шетел мамандары жоқ.

Жалпы, былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз пікірін білдіруге толық мүмкіндік берілді. Сол уақыттан бері eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түсті. Комиссия өтініштің бәрін мұқият қарап, қорытып, тиісті түзетулерді әзірледі. Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді. Мұны айтып өту өте маңызды. Себебі еліміздегі реформалар бұрын-соңды ешқашан дәл осылай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылықтың назарына ұсынылмаған.

Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде цифрлық платформаларды кеңінен қолдандық. Конституциялық реформаға байланысты азаматтармен байланыс желілері тиімді жұмыс істеді. Соның арқасында шын мәнінде жалпыұлттық ауқымдағы талқылау болды десек, дұрыс болар. Бұл – Әділетті Қазақстан құрылысының айқын көрінісі.

Осыған дейін Конституциялық комиссияның он отырысы өтті. Комиссия мүшелері түзетулердің аса көптігін ескере отырып, ортақ пайымға келді. «Ата заңға жекелеген өзгеріс енгізу жеткіліксіз, қазіргі жағдайда жаңа Конституция қабылдаған жөн» деген байлам жасады. Соған сәйкес қаңтар айында жаңа Конституцияның алғашқы нұсқасы жарияланды.

Бұл бастама қоғамның айрықша назарын аударды. Мен мұны өте жақсы үрдіс деп санаймын. Азаматтарымыз Конституция жобасының түрлі баптарын қызу талқылап жатыр. Қоғамның саяси мәдениеті және белсенділігі артып келеді. Бұл – менің саяси бағдарымда көрсетілген негізгі міндеттердің бірі.

Еліміз үшін «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» және «плюрализмге – ашықпыз, экстремизмнен – қашықпыз» қағидаттары өте маңызды. Сол арқылы қоғамдық диалогтің дамуына, еліміздің үздіксіз алға басуына жол ашылады. Қазірдің өзінде бір нәрсені күмәнсіз айтуға болады: жұртшылық назарына мүлде жаңа құжат ұсынылып отыр. Бұл құжат мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түскенін, яғни сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Жаңа Конституция жобасына енген нормалар Қазақстанның саяси жүйесінің даму қисыны мен бірізділігін бекітеді. Ол, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделеді.

Соңғы жылдардағы саяси реформаларға кеңінен қарасақ, Қазақстан суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшкеніне көз жеткізуге болады.

Ұсынылып отырған өзгерістер – осы үдерістің заңды жалғасы. Соңғы жылдардағы саяси жаңғыртулар, соның ішінде 2022 жылғы конституциялық реформа мемлекетіміздің конституциялық негізін толық қайта құру қажет екенін көрсетеді.

Шын мәнінде, бұл – мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру деген сөз.

Ұсынылған түзетулер билік құзыреттерін қайта бөлуге, тежемелік және тепе-теңдік жүйесіндегі теңгерімді күшейтуге, ең бастысы, барлық саяси институттардың тиімділігі мен орнықтылығын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түсті. Біз 2019 жылдан бері дәйекті түрде осы жолмен жүріп келеміз.

Түптеп келгенде, ұсынылып отырған өзгерістердің арқауы – бір. Бұл – адамдардың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Бұл – жалаң сөз емес. Біз адам құқығының қорғалуына кепілдік беретін және оның нақты жолдары айқын көрсетілетін біртұтас жүйе қалыптастырамыз.

Мысалы, адвокаттардың ұсынысымен Ата Заң жобасына адвокатура туралы жеке бап қосылды. Жаңа Конституция жобасында білім беру жүйесіне баса мән беру арқылы мемлекеттің зайырлы сипаты да нақтылана түсті. Ал «Неке – еркек пен әйелдің ерікті және теңқұқылы бірлестігі, яғни одағы» деген тұжырым арқылы қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу мақсаты көзделді. Конституция жобасында табиғатты қорғау мәселесіне де назар аударылды. Меніңше, бұл – өте маңызды нәрсе.

Түзетулердің ішіне тағы бір аса қажетті норманы енгізу керек деп санаймын. Қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн.

Меніңше, бұл – жаңа Конституцияның сипатына толық сай келетін әлеуметтік норма. Конституциялық комиссия мүшелерінен осы ұсынысты қарауды сұраймын. Тұтастай алғанда, Негізгі Заң жобасында Қазақстанның қарқынды дамуына, ұлтымыздың ұйысуына қажетті іргелі қағидаттар мен құндылықтар толық қамтылған.

Әділетті Қазақстан, Заң мен тәртіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатыны сияқты негізгі қағидаттар нақты көрсетілген. Білім, ғылым, инновациялар және мәдениет еліміздің теңдессіз басымдықтары ретінде айқындалды. Тәуелсіздігіміз, егемендігіміз және аумақтық тұтастығымыз мызғымас құндылықтар болып қала береді және еліміздің унитарлығы, жерінің тұтастығы мен басқару нысаны ешқашан өзгермейді деген аса маңызды сөздер бар. Ата Заңымызда бірлік пен келісімнің негіздері нығая түседі. Бас құжатта жауапты әрі жасампаз отаншылдық ұғымы нақты жазылады.

Бір сөзбен айтқанда, жаңа Конституция жобасын шын мәнінде озық, яғни түбегейлі жаңарған, әрбір тұсы сарапталған, сапалы жазылған мәтін деп атауға толық негіз бар. Онда конституциялық құрылысқа қатысты әлемдегі үздік тәжірибелер көрініс тапқан, адам құқықтары және ұлттық мүддеміз толық қорғалған.

Әрине, қазіргі Конституциямыздың мән-маңызын ешкім жоққа шығармайды. Соңғы 30 жылда жеткен барлық жетістігіміздің бастауында Ата Заңымыз тұрғаны сөзсіз. Бұл – тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы.

Дегенмен бұл құжат еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылданғанын ескерген жөн. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар. Солай болуы да заңды.

Сол кезден бері еліміз адам танымастай өзгерді. Болашағымызға көбі күмәнмен қараса да, Қазақстан халықаралық беделі жоғары, мықты мемлекетке айналды. Қазір әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық, технологиялық ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр. Соңғы жылдары Қазақстан да көптеген өзгерісті бастан өткерді. Бұл өзгерістер ұлт санасына ықпал етті, тіпті, зор сілкініс әкелді десек, қате болмас. Сондықтан еліміздің мақсат-міндеттерін, құндылықтары мен қағидаттарын заман талабына сай, конституциялық деңгейде жаңғырту айрықша маңызды.

Жаңа Конституцияның жобасы жекелеген түзетулер енгізілген жоба емес. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – жаңа тарихи дәуірде мемлекеттің негіздерін түбегейлі қайта құру, қоғамдық сананы жаңғырту. Жаңа Конституцияның жобасына аса қажетті әрі озық нормалар енгізілген. Біз бәріміз бір ел болып ырыс-ынтымағымызды, береке-бірлігімізді сақтай отырып, эволюциялық, яғни табиғи жолмен дамып келеміз. Бұл – өте маңызды. Бұдан басқа жол жоқ.

Жаңа Конституция Қазақстанды тың қарқынмен өркендетуге, әр азаматтың әлеуетін арттыруға жол ашады деп сенемін. Қалай десек те, Ата Заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады.

Біздің басты мақсатымыз – қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және халықаралық әлеуетін арттыру.

Сарапшылар әлем экономикасының өсімі баяулап, халықаралық сауда қарқыны әлсірейді деген болжам жасауда. Дамушы елдерге салынатын жаһандық инвестиция көлемі азайып барады. Қаржы саласы тоқырауға ұшырауы мүмкін. Бүгінде көптеген ел өз нарығын қорғау шараларын күшейтіп жатыр. Мемлекеттер арасында өзара тарифтік шектеу қою үрдісі белең алды. Жаһандану үдерісі кері сипат ала бастады. Мұның бәрі әлемдегі геосаяси ахуалды өзгертіп жатыр. Бірақ негізгі әрі шешуші оқиғалар әлі алда.

Дүние жүзінде мүлде жаңа үдерістер пайда болуда. Мемлекеттің тұрақты дамуы үшін біз осы өзгерістерге экономикалық және саяси тұрғыдан бейімделуіміз қажет. Бұл – аса маңызды міндеттің бірі.

Бұрынғы тәсілдер қазір тиімсіз болып қалғанын көріп отырмыз. Озық мемлекеттер әлем экономикасын дамытудың жаңа үлгісін әзірлеуге кірісіп кетті. Біз де бұл үдерістен шет қалмауымыз керек.

Ұлт мүддесін қорғау үшін экономиканы нығайтуға және дамытуға арналған нақты жоспар болуға тиіс. Дүние жүзіндегі экономикалық ахуалға қарамастан, былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Біздің миссиямыз – айқын: экономикалық өсім жоғары сапаға ие болуы керек, яғни, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға тиіс. Басқаша айтсақ, ішкі жалпы өнім артқан сайын азаматтардың нақты табысы да көбеюі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндет.

Аталған мақсатқа жету үшін бізге бұған дейінгі өсімді қанағат тұтпайтын, қазіргі сын-қатерлерге жедел жауап беретін, басымдықтар егжей-тегжейлі ойластырылған экономикалық саясат қажет.

Басқаша айтқанда, бізге тұрақты өсім моделі керек. Оған сәйкес, мемлекет нарықтық экономиканың стратегиялық даму векторын нақты анықтап, қолда бар қаржы ресурстарын экономикалық өсім әкелетін басты салаларға бағыттауы қажет. Мұндай тәсіл ұлттық табысты азаматтарымызға анағұрлым тиімді әрі әділ бөлуге мүмкіндік береді.

Ашығын айтқанда, мен бұл жайында күнде ойланамын, мамандармен кеңесемін, арнайы экономикалық сараптамаларды оқимын. Экономикалық және қаржылық саясатты қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр.

Үкіметтің таяу арадағы міндеті – өнімділікті арттыру, технологиялық жаңару және адами капиталды дамыту есебінен өсімді қамтамасыз ету, табысты ел игілігіне жұмсау.

Мұндай моделді тек инвестиция саясатын жандандыру, бизнестің мүддесін тұрақты қорғау арқылы құруға болады. Яғни бұл саясаттың түпкі нәтижесі халық табысын арттыру, экономикалық дербестікті нығайту болуға тиіс.

Үкіметтің алдында уақыт оздырмай шешетін бірқатар міндет бар. Атап айтқанда, тұрақты әрі қалыпты инфляция көрсеткішін және мемлекет қаржысының теңгерімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ былтырғы Жолдауымда жарияланған жаңа инвестициялық кезеңді толығымен жүзеге асыру.

Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу көмекші қызмет атқарумен шектелмей, экономикалық дамудың басты арқауы болуы керек.

ЖИ негізінде цифрландырудың бірқатар басты міндеттерін орындау қажет. Бұл – еңбек өнімділігін арттыру, экономиканың экспортқа бағдарланған секторларын қалыптастыру, қосылған құны жоғары өнім шығару және Қазақстанды жаһандық цифрлық экономика тізбегіне кіріктіру.

Жаңа инвестициялық кезеңді іске асыру еліміздің индустрия, энергетика, көлік салаларындағы заманауи жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллектіні дамыту, бұл – ұран емес, бұл экономикалық идеологияның негізгі тірегі, тіпті ұлттық идеологиямыздың мызғымас тұғыры болуға тиіс. Осындай жауапты сәтте дұрыс, батыл әрі тиімді шешімдерді дер кезінде қабылдау өте маңызды. Шынайы өмірге түк қатысы жоқ «құрғақ» ұсыныстар беру, қысқасы, нәтижесі жоқ іспен айналысу мүлдем болмауы қажет.

Бүкіл мемлекеттік аппарат нақты нәтижеге жету үшін жұмыс істеуі керек және оның игілігін бүкіл қоғам көруге тиіс. Осы орайда, қазіргі таңдағы аса өзекті мәселелерге тоқталайын.

БІРІНШІ. Инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет. Оның шарықтап кетуіне жол бермеу керек.

Инфляцияның не себепті жоғары болып тұрғаны белгілі, кеселдің себебі анықталды. Енді осы мәселені шешу керек. Бірақ ұсынылатын шаралар елдің дамуына кері әсерін тигізбеуі қажет. Дәл осы тұста түрлі пікір айтылып жатыр.

Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырамын. Осы маңызды жұмысқа барлық мекеме өкілдері мен сарапшылар қатысуға тиіс. Тағы да қайталап айтамын: қолайсыз ахуалды шұғыл ретке келтіру қажет.

Биылдан бастап үш жыл қатарынан инфляцияны төмендету үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын сапалы орындау айрықша маңызды. Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз «жол карталарын» әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ескерту: ондай жағдайда қатаң шара қолданылады. Халықтың табысы артса ғана, нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады.

ЕКІНШІ. Жаңа Салық кодексінің тиімді енгізілуін қамтамасыз ету керек.

Жаңа салық-бюджет саясаты теңгерімді сипат алып, экономиканы орнықты дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағдарлануы қажет.

Биыл күшіне енген Салық кодексі экономикадағы ашықтық пен тәртіпті күшейтуге ынталандырады. Қазірдің өзінде алғашқы оң нәтижелерін көріп отырмыз. Экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа салық режимі іске қосылғалы бері 180 мыңнан астам жаңа салық төлеуші заң аясында әрекет ете бастады.

Үкіметтің бағалауынша, салық реформасының нәтижесінде биыл бюджетке қосымша 4,4 триллион теңге түседі.

Жоспар, әлбетте, көңілге сенім ұялатады. Бірақ қайталап айтамын: белгіленген көрсеткіштерге шамадан тыс салық салу, бизнесті заңсыз немесе негізсіз қыспаққа алу есебінен жетуге болмайды.

Бюджетті тиімді салықтық әкімшілендіру арқылы толықтыруға болады деп ойлаймын. Сондықтан салық жүйесін жаппай цифрландыруға шұғыл кіріскен жөн.

Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек. Мұндай серіктестік әділдікке, өзара тиімділікке, тіпті экономиканы дамытудың маңызын түсіну тұрғысынан алғанда жауапкершілікке құрылуға тиіс деп ойлаймын.

Бұл жөнінде жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады. Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне мәтінді, кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар. Бұл өте қауіпті. Сондықтан көп оқыңыздар.

Банктер, агрегаторлар мен маркетплейстер салықтық әкімшілендірудің әрекет ету аясына толықтай еніп, салық агенттері міндетін атқаруға тиіс.

Мемлекеттік кірістер комитетіне толық цифрлық режимде жұмыс істейтін «фискальдық деректер фабрикасына» айналу міндеті жүктелді. Бүкіл мәселені шешудің жалғыз дұрыс жолы – осы.

2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет.

Сонымен қатар Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілері реестрін жедел іске қосып, тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін кеңейткен жөн. Бірақ тауар таңбалауды жоспарланған өндіріске зиянын тигізбей жасау керек. Министрліктер қабылдаған жаңа ережелер мен шешімдер шетелдік және отандық компаниялардың қызметіне кері әсер етпеуге тиіс. Мұндай жайт еліміздегі инвестициялық климатты нашарлатады. Отандық және шетелдік компаниялар бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, маған хат жазып жатыр.

Фискалдық саясаттың тиімділігіне, ең алдымен, бюджетті ретке келтіріп, қаржы тәртібін қатаң сақтау арқылы қол жеткізуге болады.

Мемлекеттің тиімсіз шығындарын барынша қысқарту үшін қолданыстағы бюджет бағдарламаларын бастан-аяқ қайта қарау қажет. Біз бұл жайында бұған дейін айтқан болатынбыз, тағы қайталауға тура келіп тұр. Бұл – өте маңызды міндет. Мұны орындауды созбалаңға салмаңыздар. Бұл істе Қаржы және Экономика министрліктері қатаңдық пен табандылық, кәсібилік танытуы керек. Басымдықтардың қайсысы бірінші, қайсысы кейін екенін нақты белгілеп алу қажет.

Бюджет қаржысын игерудің қазіргі критерийінен бас тартып, мемлекеттік инвестицияның тиімділігін басқаруды күшейткеніміз дұрыс. Бұл – маңызды міндет. Жалпы, бюджетті асығыс игеру дұрыс емес. Мұны кім шығарып жүр? Жылдың соңында бюджетті игеру керек деген жарыс басталады. Басқаша айтсақ, бұл қаржыны оңды-солды шашу деген сөз. Жұмыс тәртібін қайта қараңыздар. Өйткені қазір заман басқа.

Үкімет пен әкімдер бюджеттің игерілмей қалуынан қауіптеніп, жобаларға қаржы бөлу тәжірибесін доғаратын кез келді. Ең сорақысы, мұндай шешімдер субъективті түрде қабылданып, қаржы таңдаулыларға ғана беріледі. Тоқетері, әркім өз білгенін жасағанды қою керек.

Енді мұндайды мемлекет мүддесіне қасақана қарсы әрекет ету деп қарастырамыз.

Бюджет қаржысы азаматтарымызға нақты пайда әкелетін және ұлттық экономиканың дамуына септігін тигізетін жобаларға берілуге тиіс.

Үкіметке биыл 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізіп, мемлекет есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу механизмін жетілдіру тапсырылады. Бұл квазимемлекеттік секторға да қатысты.

Мен Жолдауда бұл мәселе туралы айттым: бюджеттік шығындардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін, яғни қаржының қайда, қалай және не үшін жұмсалып жатқаны айқын болуы үшін цифрлық теңгені белсенді пайдалану қажет.

Қазіргі таңда бұл тәсіл мемлекеттік сатып алу жүйесінде, субсидиялау кезінде, сондай-ақ Ұлттық қордан ірі жобаларға қаражат бөлу барысында тиімді қолданылып жүр. Бұл құралды басқа да салаларға енгізіп, аясын кеңейту керек.

Тағы бір маңызды мәселе. Аймақтардағы бюджеттік жоспарлауды сапалы жүргізуге баса мән беру қажет. Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары аймақтардың кіріс қоры айтарлықтай артты, бірқатар салық пен төлем түрлері республикалық деңгейден аймаққа берілді. Соның салдарынан жеткілікті қаржы бөлмей, жергілікті бюджетке қосымша шығындарды артып қою жағдайлары жиілеп кетті. Мұндай тәжірибе бюджетаралық қатынастардың қисынына қайшы әрі қабылданып жатқан шешімдерге сенімді жоғалтады. Сондықтан жергілікті атқарушы органдарға берілетін қаржы ресурстары мен олардың міндеттемелері бір-бірімен мөлшерлес болуын ескеру өте маңызды. Егер біліктеріңіз жетсе, мұны орындау аса қиын емес.

Қазақстан – бір орталықтан басқарылатын унитарлы, біртұтас ел. Сол себепті еліміздің әлеуетін нығайтуды, халқымыздың әл-ауқатын арттыруды басты мақсат етіп, ақыл-парасатпен, бір қолдың саласындай жұмылып жұмыс істеу қажет.

Жаңа Бюджет кодексінде бюджетаралық қатынастар нақтылық және барлық бюджет деңгейіндегі жауапкершілік тұрғысынан қайта қаралды. Енді осы нормалар өңірлерде іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін байқап көру керек. Егер қолданыстағы құралдар тиімсіз екенін көрсетсе, оны түзету қажет. Түптің түбінде, бұл киелі кітап емес қой. Мұнда ешқандай күмән жоқ. Шешімді тез әрі батыл қабылдау қажет. Уақыттың талабы сондай.

Жаңа ережелер өңірлердің қаржылық дербестігіне тұсау болмауға тиіс. Ең бастысы, олардың кіріс көздерін ұлғайтуға деген ынта-жігеріне кері әсер етпеуі керек. Мұның маңызы зор. Егер өңірлердің кіріс базасын ұлғайтуға кедергі келтірсек, оның салдары қиынға соғады. Осыны да ойлаңыздар.

Үкімет аймақтардың қаржылық орнықтылығын нығайту шараларын қабылдауға міндетті. Бұл – стратегиялық сипаты бар мақсат. Басқарудың түрлі деңгейі арасындағы жауапкершілікке салғырт қарауға болмайды.

Менің тапсырмаммен былтыр 2030 жылға дейін аймақтарды дамытуға арналған тұжырымдама бекітілді. Басты мақсат – өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайтып, халықтың әл-ауқатын арттыру.

Өткен жылғы даму қорытындысы туралы айтар болсақ, аймақтардың экономикасы тұрақты өсіп-өркендеп келеді. Бірақ шешімін таппаған мәселелер бар. Аймақтардың инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі орташа есеппен алғанда – 64,1 пайыз. Бұл көрсеткіш әр өңірде әртүрлі, айтарлықтай алшақтық бар.

Қажетті инфрақұрылымның болмауы облыстардың дамуына және халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарында инфрақұрылым жеткіліксіз. Алматы облысында да ахуал мәз емес. Бұл аймақтардың дамуына айрықша назар аудару қажет.

Аймақ басшылары экономиканы әртараптандыруға және азаматтардың табысын арттыруға баса мән беруге тиіс. Инфляцияны төмендету үшін тиімді шаралар қабылдап, сапалы инвестиция тартуы керек, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуы қажет.

ҮШІНШІ. Цифрлық мемлекет құру мәселесіне айрықша көңіл бөлу керек. Бұл Қазақстанның болашағына тікелей әсер етеді.

Жаңа ғана бұл саланың еліміз үшін стратегиялық маңызы туралы айтып кеттім, баршаға түсінікті деп ойлаймын. Сондықтан жұмысқа селқос қарап, жайбарақат жүруге болмайды. Әйтпесе, қолдағы мүмкіндіктен айырылып қаламыз.

Цифрлық тәсілдер арқылы артық шығынды қысқартып, әкімшілік кедергілерді еңсере аламыз. Басқару ісіндегі тиімсіз шешімдерді барынша азайтуға болады.

Жасанды интеллектіні толыққанды енгізу бүкіл цифрландыру саясатының өзегі болуға тиіс. Жасанды интеллектіге негізделген аса маңызды цифрлық жобаларды жүзеге асыру мәселесін айрықша назарда ұстау керек. Үкімет мұндай жобаларды толық әрі уақтылы қаржыландыру үшін негізгі басымдықтарды нақты белгілеп алуы қажет.

Әйтпесе, ауқымды жоспардың бәрі қағаз жүзінде қалып қояды. Алдымызда айқын бағдар болмаса, қандай стратегиямен де мақсатқа жету оңай болмайды.

Сонымен қатар тағы бір кемшілік көзге анық көрінеді. Үкімет мүшелері мен әкімдер өздеріне сеніп тапсырылған салалар мен облыстардағы барлық олқылықты цифрландыруға «жаба салады». «Жаппай цифрландыру енгізілсе, Сіз көрсеткен олқылықтар мен кемшіліктер өздігінен жойылады» дейді. Бұл арада не айтуға болады? Адамдар өзін қорғаудың, басын арашалап алудың небір құйтырқы әдісін табады.

Тағы бір маңызды мәселе. Сапалы цифрлық даму үдерісін жеке сектормен тығыз байланыста қараған жөн. Үкімет бизнес саласына цифрлық тәсілдерді белсенді түрде енгізуге мүмкіндік беретін арнайы қолдау шараларын әзірлеуге тиіс.

Қазір мемлекет көрсететін қызметтерді цифрландыру, мемлекеттік базаларды өзара кіріктіру жұмысы жүріп жатыр. Бірақ мұның бәрі мәліметтерді басқару ісінің сапасын жақсарта алмай отыр. Әзірге оң өзгерістер көрінбейді.

Бірыңғай стандарт енгізіп, мәліметтерді мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде басқаруға көшу өте маңызды.

Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен, сондай-ақ Ұлттық банкпен бірлесіп жыл соңына дейін мемлекеттік мәліметтерді басқарудың біртұтас жүйесін құруды тапсырамын.

Соңғы кезде мемлекеттік цифрлық жүйелердің жұмысынан ақау шығып жүр. Бұл қазіргі ІТ-тәсілдердің технологиялық жағынан ескіргенін және басқару сапасының төмендігін көрсетеді. Мұндай олқылықтар мемлекеттің бизнес өкілдерімен және азаматтармен қарым-қатынасына кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ тиімді цифрлық орта қалыптастыру жұмысын тежейді.

Цифрлық өзгерістің бәрі QazTech платформасының негізінде жасалуға тиіс. Бүгін бұл мәселені біраз талқыладық.

Үкіметке бірыңғай цифрлық платформаға көшуге тура келеді. Бұл – маңызды міндет. Бұған дейін ведомстволардың бәрі цифрландырумен ешқандай бақылаусыз, өз бетінше айналысып келді. Бұл техникалық проблемаларды көбейтіп қоймай, қазына қаржысын оңды-солды шашуға әкеп соқты.

Бас прокуратурада өткен жиында Үкімет мүшелері шашыраңқы жүйелердің басын біріктіруге қанша қаржы қажет екенін жария етті. Басын ашып айтайын, мұндай ақша жұмсалуы мүмкін емес. Ел аузында жүрген бір құрылысшы-шенеунік айтқандай, ақшасы болса, ғимаратты ақымақ та салады, ал осы міндетті қаржысыз шешуге шеберлік қажет. Ал шеберліктеріңізді көрсетіңіздер. Үкімет бюджеттен қыруар қаражат шығындамай, тапсырманы орындаудың жоспарын ұсынуға тиіс. Проблеманы қолдан жасап, оны шешу үшін мемлекеттен ауқымды инвестиция бөлеміз. Бұлай болмайды.

Цифрлық трансформация кезеңінде, ең алдымен, жеке адамның мүддесіне нұқсан келуі мүмкін. Сондықтан дербес деректердің сенімді қорғалуын қамтамасыз етуге айрықша назар аудару керек. Дербес деректердің тарап кетуі, онлайн-алаяқтық, жасанды интеллектіні қылмыс құралы ретінде пайдалану – мұның бәрі біздің елде де, шетелде де қалыпты жағдайға айналды.

Біз Қаржылық мониторинг агенттігі мен басқа да құқық қорғау органдарын жұмылдырып, киберқылмыспен және алаяқтықпен күресу үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Ұлттық антифрод-орталығы 90 мың азаматты алаяқтардың арбауынан сақтап қалды.

Үкіметке тиісті мекемелермен бірге киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың деректерін қорғау мәселесін кешенді түрде мұқият саралап, қарауды тапсырамын. Бұдан бөлек, жақында Ұлттық құрылтайда атап өткенімдей, цифрлық дербес деректерді қорғау мәселесі конституциялық деңгейде бекітіліп, айқындалуы керек.

Әлеуметтік саланы цифрландыру мәселесі де өте маңызды. Былтыр республикалық бюджеттің 40 пайызға жуығы осы салаға бөлінді. Бірақ бұл қаражат қаншалықты тиімді жұмсалды деген орынды сұрақ туындайды. Сондықтан Үкімет үй шаруашылықтарының әлеуметтік цифрлық профилін қалыптастыруға тиіс. Сонда әлеуметтік көмек те шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға беріледі.

Қаржылай төлемақыдан бастап, азық-түлік, дәрі-дәрмек, баспана немесе білім алуға берілетін ваучерлерге дейінгі қолдаудың барлық түрі банк және төлем инфрақұрылымымен тығыз байланысқан «Әлеуметтік әмиян» арқылы берілуге тиіс.

Үкімет әкімдіктермен бірге осы тәжірибені барлық жерде кеңінен қолдануы керек. Сондай-ақ бұл тәсілді жыл соңына дейін тездетіп іске қосуы қажет.

Менің байқауымша, Үкімет отандық Aitu мессенджеріне тиісті деңгейде көңіл бөлмей отыр. Тіпті оны мемлекеттік қызметкерлер де пайдаланбайды.

EGov AI деп аталатын әмбебап жасанды интеллект-көмекшісін (ассистентін) әзірлеу керек. Барлық азаматқа қолжетімді болатын осы жүйе біртіндеп Халыққа қызмет көрсету орталықтарының орнын басады.

Әлеуметтік қолдау шараларын басқаратын инфрақұрылымды, яғни Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қорғау платформасын нақты айқындап алу қажет.

Білім саласында бірқатар жүйелік проблемалар бар екенін Ұлттық құрылтай отырысында айттым. Олар жекеменшік білім беру ұйымдарын қолдауға да, мемлекеттің мектептер мен жоғары оқу орындарын қаржыландыру тетіктеріне де қатысты.

Білім саласындағы «экономизация», яғни қаржыны текке шашпай, жүйелі жұмсау үдерісін жалғастырған жөн. Бұл ретте балабақшадан бастап университеттерге дейінгі барлық деңгейде мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін түбегейлі арттыруға баса мән беру қажет. Жаңа деректер анықталғаннан кейін бұл маңызды міндетке айналды.

Маман даярлау ісі экономиканың нақты секторларында жасанды интеллекті мен жаңа технологияларды игеру қарқынына ілесе алмай отыр. Оқу бағдарламалары мен стандарттары жаңарып үлгергенше, мамандықтар өзгеріп кетіп жатыр. Демек жай ғана IT-мамандардың санын көбейту және жалпы цифрлық дағдыларды үйрету жеткіліксіз.

Елімізге жасанды интеллектіні кез келген салада қолдана білетін кәсіби мамандар қажет. Олар нақты жұмыс орындарындағы еңбек өнімділігін арттырады.

Осыған орай Үкіметке жетекші компаниялармен бірлесіп, мемлекет пен жеке серіктестік негізінде Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құруды тапсырамын. Ол орталықты мемлекеттік емес компаниялардың консорциумы басқарғаны дұрыс. Өйткені бизнес тезірек бейімделеді әрі нарық талаптарын жақсы біледі.

Өз кезегінде, Үкімет ережелерді айқындап, ашықтық пен сұранысты қамтамасыз етуге, тиімді шешімдерді жаппай таратуға көмектесе алады.

Денсаулық сақтау саласында жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе бар. Аталған жүйелерді бір-біріне толыққанды байланыстыруды бұған дейін қанша талап етсек те, сол күйі жасалмады. Бюджет қаржысын жымқырудың басты себептерінің бірі – осы.

Салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық істер жасалғаны таңғалдырады. Оның үстіне бұл әлеуметтік салада орын алып жатыр. Бас прокуратура мен басқа да өкілетті органдар қылмыстың қашан жасалғанына, оны кімдердің жасырғанына қарамастан, істі егжей-тегжейлі тексеріп, ақиқатты анықтауға міндетті. Тергеу процесін өз бақылауымда ұстаймын.

Үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысын аяқтауды тапсырамын. Бұл барлық үдеріске бақылау жасап, басынан аяғына дейін қадағалап отыратын жүйе болуға тиіс.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің де барынша ашық болуын қамтамасыз ету керек. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған құжат толтырып, деректерді бұрмалайтын қитұрқы жолдар бар екені анықталды. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым.

Тағы да айтамын. Бас прокуратура және тиісті құқық қорғау мекемелері барлық жымқыру әрекеттеріне қатысы бар адамдарды заң тұрғысынан жауапқа тартуы қажет.

Білім саласында да неше түрлі алаяқтық әрекеттер бар болып шықты. Заңды бұзған азаматтарды міндетті түрде жазаға тарту керек.

Үкіметке жыл соңына дейін Қордың жұмысын толық цифрландыруды тапсырамын. Сонда ғана жұмыс ашық жүргізіледі, ал қаржы тиімді жұмсалады.

Басқа маңызды мәселе. Электр қуаты тұрақты әрі жеткілікті көлемде өндірілмесе, жасанды интеллектіні енгізу және жаппай цифрландыруды жүзеге асыру мүмкін болмайтыны анық. Бұл мәселе жөнінде мен Ұлттық құрылтай отырысында пікірімді анық айтып кеттім.

Еліміз электр энергиясының ішкі тапшылығын жою үшін оны жыл сайын импорттауға мәжбүр. Былтыр 3,7 миллиард киловатт-сағат энергияны сырттан алдық. Қуат көздері мен электр желілерінің әбден ескіруі де бұл саладағы ахуалды ушықтырып тұр.

Өткен үш жылда «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында энергетика саласына 1 триллион теңгеден астам қаржы салынды. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі, яғни, 900 миллиард теңгеден астам қаржы жөндеу жұмыстарына жұмсалды.

Жаңа қуат көздерін іске қосуға 140 миллиард теңге ғана бөлінген. Бұл ұзақ уақыт бойы тұрақты энергожүйені қамтамасыз етуге жетпейтіні анық. Электр қуаты жеткіліксіз болса, еліміз ойдағыдай дами алмайды. Осы маңызды мәселені ескермей жоспар құру – еш қисынға келмейтін шаруа.

Энергетика министрлігінің бұрынғы басшылары тек мұнаймен шұғылданған сияқты, электр қуаты өндірісі екінші қатарда назардан тыс қалды. Енді бұл олқылықты тез арада түзетуіміз қажет.

Қазіргі кезде Қазақстанда 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Бұл еліміз үшін мүлдем жеткіліксіз.

Үкімет 2029 жылдың соңына дейін 13,3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосамыз деп жоспарлап отыр. Оның 5,9 гигаваты жаңартылатын қуат көздерінен алынбақ. Сондай-ақ Үкімет келесі жылы электр қуатына деген сұранысты толық өтеуді көздеп отыр. Тіпті, 1,3 миллиард киловатт-сағат қуатты артық өндіре аламыз деген болжам бар. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін міндеттеменің бәрі уақтылы орындалып, жеткілікті қаражат бөлінуге тиіс.

Сонымен қатар бізде қуат көздерін іске қосу мерзімін қайта-қайта кейінге қалдыру әдетке айналды. Мысалы, Алматыдағы 2-ші және 3-ші жылу электр орталығын жаңғырту мерзімі бірнеше рет шегерілді. Жұмыс әлі күнге дейін жүргізіліп жатыр. Сондықтан Үкімет жоспарланған қуат көздерінің толық іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс. Бұдан былай соза беруге болмайды.

Менің ойымша, мәселе – нағыз энергетика мамандарының болмауында. Энергетика саласындағы мәселелермен «алып бара жатқан не бар дейсің?» деп, «азды-кем білімі бар, бірақ өзіне деген сенімі мол» кез келген адам айналысатын болды.

Мен Ұлттық құрылтай отырысында Үкіметке екі айдың ішінде «таза» көмір өндірісі бойынша Ұлттық жоба әзірлеуді тапсырдым. Осы бағытта Қытайдың тәжірибесін ерекше атап көрсетуге болады. Олар «таза көмірден» жалпы көлемі 55 гигаватт болатын 85 энергетикалық блок салу жұмысын бастап кетті. Бұл – әлем бойынша көмірден алынатын энергия көздерінің 90 пайызы деген сөз.

Бір сөзбен, көршілес ел шын мәнінде тиімді, яғни энергетикалық қауіпсіздік және экономикалық өсім тұрғысынан пайдалы шешім қабылдап отыр. АҚШ та көмір игеру және оны пайдалану саясатына көшетін болды.

Жалпы, ұлттық электр желісінің сенімді жұмыс істеуіне баса назар аудару қажет.

Үкіметке келесі жылдың соңына дейін Оңтүстіктегі электр желілерін дамыту жобаларын жүзеге асыру тапсырылады. Сондай-ақ Батыстағы қуат жүйесін еліміздің бірыңғай ұлттық энергия жүйесімен біріктіруге тиіс.

Заманауи цифрлық тәсілдерді енгізбесек, электр қуатын үнемдеу қиын, энергия жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі екіталай. Осы салада жасанды интеллект көмегімен онлайн-мониторинг жүргізуді жедел қолға алған жөн.

ТӨРТІНШІ мәселе. Біз толыққанды жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет.

Жалпы, қазір елдегі инвестициялық ахуал жақсы деп айтуға болады. 2022 жылдан бері жинақталған тікелей инвестиция көлемі 84 миллиард доллардан асты. Негізгі капиталға салынған инвестиция шамамен 50 пайызға артты.

Бірақ былтыр елімізге тартылған тікелей инвестицияның көлемі өссе де, оның қарқыны әлі де баяу болып тұр.

Мемлекет жеке капитал рөлін өзіне алудан бас тартуы қажет. Жеке капитал тартуға қолайлы жағдай жасау үшін біраз еңбектену қажет. Ал қаржыны қазынадан алып, оны инвестиция деп көрсете салу әлдеқайда оңай. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, нарықтық экономика қағидаттарына бағыну қажет.

Бізге жаңа әрі сапалы инвестиция тартуға арналған біртұтас стратегия қажет. Бұл стратегияда, ең алдымен, жоғары технологиясы бар заманауи өндірістер ашуға басымдық берілуге тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жеке бизнес айрықша рөл атқарады. Кәсіпкерлер экономикамызға сапалы инвестиция салу арқылы жұмыс орындарын ашады, жұрттың табысын арттыруға үлес қосады.

Біз «Бәйтеректі» инвестициялық холдинг ретінде қайта құрдық. Мұндай қадамның нақты себебі болды. Холдинг нарықтық экономикаға серпін беруде, бірақ бұл қадам жеке бастамаларды шектемеуге тиіс.

«Самұрық-Қазына» қорына да дәл осындай талап қойылады. «Самұрық-Қазына» қоры және бірқатар ұлттық компания басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Менің ойымша, қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей «Сол жағалаудың» адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды.

Инфляция деңгейі тұрақталып, төмендегеннен кейін нарық қағидаттарын күшейту керек болады. Даму институттары бизнеспен және қаржы секторымен тиімді қарым-қатынас орнатуы қажет. Бұл қатынас бәсекелестікке емес, өзара серіктестікке негізделуі керек.

Елімізде инвесторлардың қызығушылығын арттыратын салалар көп. Осы салаларды дамыту үшін мемлекет пен бизнес арасында сындарлы ынтымақтастық болуға тиіс. Әсіресе, сирек кездесетін металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік және агроөңдеу салаларына баса мән берген жөн.

Мысалы, қазір технологиялар қарқынды дамып жатқан кезде аса қажетті материалдарға, яғни, сирек металдарға сұраныс күрт артып келеді. Қазақстанда мұндай жобаларды жүзеге асыруға Батыс елдері және басқа да дамыған мемлекеттердің инвесторлары зор қызығушылық танытып отыр. Бұл – Қазақстанның жаһандық бәсекедегі артықшылығы. Осы артықшылықты тиімді пайдалануымыз керек, оны ел игілігіне жарату қажет.

Бірақ ашығын айтуымыз керек, инвесторлармен жұмыстың қазіргі тәсілдері сапалы инвестиция тартуға кедергі келтіріп отыр. Қағазбастылық әлі көп, бір міндет бірнеше органға қатар жүктелген. Мен былтырғы Жолдауымда бұл мәселеге арнайы тоқталдым. Осындай тиімсіз жұмысты доғару қажет. Мекемелер арасында біртұтас әрі өзара келісілген байланыс жүйесін қалыптастыру керек.

Бір сөзбен, шешім қабылдау және үйлестіру жұмысы бір жерден жүзеге асырылуға тиіс. Шешім қабылдау үдерісін созуға болмайды, оны тездету керек. Инвестициялық штаб Роман Склярдың арқасында өз жұмысын жалпы тиімді атқарып отыр.

Көп нәрсе бірінші басшыға байланысты. Олар инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс. Жоба іске қосылғаннан кейін де инвесторға қолдау көрсете беру керек. Жұмыс барысына үнемі мониторинг жүргізіп, әкімшілік кедергілерге жол бермеу қажет.

Мен инвестициялар мәселесімен айналысатын арнайы көмекшіні тағайындадым. Шетелдік немесе отандық инвесторлардың сұрақтары болса, Мұрат Нұртілеуге «Focal point» ретінде шағымдануға болады.

Ал халықаралық қаржы институттарымен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – Президенттің кеңесшісі Әсет Ерғалиев байланыста болады.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды тәсілдің бірі – ұзақ мерзімге арналған офтейк-келісімшарттар жасау. Бірақ қазір елімізде мұндай келісімшарт жасаудың бірыңғай әрі түсінікті ережесі жоқ. Оның үстіне, мемлекеттік органдар селқостық танытуда. Соның салдарынан стратегиялық маңызы бар бірқатар инвестициялық жоба іске аспай жатыр.

Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне осы мәселені шешу үшін тиімді шаралар қабылдауды тапсырамын.

Мен Жолдауда арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін толық пайдалану қажеттігі туралы айттым. Қытайда және Вьетнамда мұндай аймақтар экономиканың қозғаушы күші саналады. Ал біздің елдегі арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігі әлі күнге дейін төмен. Бұл мекемелер экономиканың құрылымын өзгертуге қауқарсыз.

Ширек ғасырға жуық уақыттан бері арнайы экономикалық аймақтардың ішкі жалпы өнімге қосқан үлесі 1 пайыздан сәл ғана асады. Оның 0,3 пайызы – экспортқа, 0,9 пайызы шетел инвестициясына тиесілі. Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі жұмыс тәсілі мүлде жарамсыз деуге болады. Олар инвестиция тартатын алаң болуға тиіс. Жаңа нормалар, құралдар, сервистік шешімдер сол жерде сынақтан өтіп, одан әрі кең таралуы қажет. Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі инфрақұрылымын дамытуға үш жыл ішінде бір триллион теңге займ қаражатын жұмсау ұсынылып отыр. Алдымен олардың даму моделін қайта құру керек деп санаймын. Онсыз мұндай ауқымды инвестиция жүйедегі қордаланған мәселелерді шеше алмайды.

Түптеп келгенде, егер нақты нәтижеге жетемін деген ниет болса, бұл мәселені Түркістан облысының бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалды сияқты қолда бар қаржымен де шешуге болады. Астанада да жақсы тәжірибе бар.

Үкімет үш айдың ішінде арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа үлгісін бекітуі керек.

Менің шетелге сапарларым және инвесторлармен кездесулерім барысында қол жеткізілген келісімдердің орындалуына баса мән беру қажет. Коммерциялық келісімдердің жалпы құны былтырдың өзінде шамамен 75 миллиард доллар болды. Жұмысты созбалаңға салу және қол қойылған келісімдерді орындамау деген мәселе болмауға тиіс. Бұл жұмысты орындауға Президент Әкімшілігі де жауапты.

Ашығын айту керек, бізде мынадай жағымсыз үрдіс пайда болды: жоғары басшылық деңгейіндегі келіссөздердің алдында өте белсенді жұмыс жүргізіледі, ал кейін тым-тырыс болып қалады.

Мекемелер арасындағы бітпейтін өзара келісу әрекетін доғару керек. Үкімет мейлінше дербес болуды сұрады, дербестік берілді, енді іс жүзінде соны дұрыс қолдануы керек. Қол қойылған әрбір құжат алдын ала сапалы түрде дайындалып, орындалу мерзімдері нақты айқындалуы қажет. Жұмыстың нәтижесі үшін бірінші басшыларға жеке жауапкершілік жүктеледі.

Мемлекет инвесторлар алдындағы міндеттемелерін толық орындауы керек. Елге сенім, іскерлік бедел осылай қалыптасады.

Үкімет Қазақстанның инвестициялық әлеуетін көтеруге, бәсекелік артықшылықтарын дамытуға баса мән бергені жөн.

Мемлекет пен жеке серіктестік – экономикаға инвестицияның келуін ынталандыратын маңызды құралдың бірі. Бұл тетікті оңтайлы пайдалана алсақ, инвестициялық тәуекелді мемлекет пен бизнес арасында тиімді бөлуге мүмкіндік туады.

Бірақ еліміздегі мемлекет пен жеке серіктестік әлеуеті дұрыс игерілмей отыр. Инфрақұрылымдық жобалардың көбі бұрынғыдай тікелей бюджет қаржысына тәуелді. Жеке капитал, банк секторы және халықаралық қаржы ұйымдары оған айтарлықтай атсалыспайды.

Бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан мұндай тәсіл көптеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бөгет болып отыр. Әлбетте, кез келген қаржы құралы сияқты мемлекет пен жеке серіктестіктің де өз құны бар. Алайда, ол өзін-өзі ақтаса, Үкімет аталған механизмді белсенді қолданғаны жөн. Қажет болса, заңнамаға да тиісті өзгеріс енгізуге болады.

Жедел даму жолына түскен Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңнің негізгі жобасы болуға тиіс. Бұл – Smart City қағидатына сәйкес барлық салаға озық инновациялар енгізу, жасанды интеллекті мен цифрлық технологияны қолдану деген сөз. Онда капитал тарту үшін теңдесі жоқ жағдай жасалып, жаңа, батыл шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін үздік реттеу режимін қалыптастыру қажет.

Осы маңызды мәселе бойынша менің тапсырмаммен Конституциялық заң әзірленіп, Парламенттің қарауына ұсынылды.

Маған Ұлттық банк пен Қаржылық мониторинг агенттігі бұған қарсылық танытқаны туралы баяндалды. Бұл Конституциялық заң қабылдауға мүмкіндік бермейді. Алайда менің төрағалығыммен өткен жиында мұндай пікір айтылмаған еді. Ойларыңызды сол кезде неге айтпадыңыздар? Егер сіздерде қандайда бір қауіп не қарсылық болса, маған қағаз жүзінде ұсыныс беріңіздер. Жұмысты алға ілгерілету үшін тиісті тапсырма беремін. Бірақ, менің ойымша, бұл шындыққа жанаспайтын бос әңгіме секілді. Мен жауапкершілік алудан қашпаймын, ал сіздер түрлі конференцияларда ділмәрсіп, сөз сөйлеп жүре беріңіздер. Қазір қорқыныштан қалтырап отыратын емес, нақты жұмыс істейтін заман.

Бұл – еліміз үшін бірегей жоба. Сондықтан Үкімет оның басы артық бюрократиясыз, кідіріссіз әрі сапалы дамуын қамтамасыз етуі керек. Шэньчжэнь секілді қалаларды баршаңыз көрдіңіздер. Мен бұл қалаға 1988 жылы алғаш рет барған болатынмын. Ол кезде балықшылардың шағын ауылы еді. Қазір онда заманауи технологияның бәрі бар, 10 миллионнан аса адам тұрып жатыр. Қытай билігі жеңілдіктер беріп, тәуекелге бел буды. Дэн Сяопин «Батыл реформа жасаңыздар» деді. Бұл сөйлем қытай тілінде төрт иероглифтен ғана құралады.

Жаңа инвестициялық кезеңнің тиімді жүзеге асуы көбіне қаржы секторының белсенді атсалысуына байланысты. Бүгінде еліміздің қаржы нарығындағы жиынтық активтердің 84 пайызы банк саласына тиесілі. Дегенмен бизнеске берілетін қарыз үлесі төмен деңгейде қалып, 38 пайызды құрады. Ал екінші деңгейлі банктер былтыр «шыбық басын сындырмай», еш қиналмай 3 триллион теңгеге жуық табыс тапты.

Банктер экономиканың негізгі қаржыландыру көзі ретінде өзінің заңды рөліне оралуы үшін жағдай жасау қажет деген сөз талай рет айтылды. Бірақ сылтау таусылмайды.

Нәтижесінде банк жүйесіндегі алаяқтық әрекеттерге куә болдық. Ірі, жүйе құраушы банктер мемлекет тарапынан орасан зор көмек берілгеніне қарамастан, дағдарысқа ұшырап, тура мағынасында 1 долларға сатылды. Қазір банктердің өзіне тартатын қаржы ресурстарының құны жоғары деген әңгіме айтыла бастады. Олардың экономиканы қаржыландыруына осы кедергі келтіріп отыр-мыс. Демек экономиканы қолжетімді кредитпен қамтамасыз етудің жалғыз жолы – инфляцияны тұрақтандырып, деңгейін төмендету, содан кейін нарықтық мөлшерлемені азайту.

Тағы да қайталап айтамын: бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің жүйелі, үйлесімді әрі кәсіби тұрғыда жұмыс істегені маңызды. Халықаралық валюта қорының кеңесіне құлақ асып, түрлі терминологияны оңды-соңды қолдануға аса көп ақылдың қажеті жоқ. Аздап ойланып, тым болмаса көптеген түйткілді шешуге талаптанып көру, бұл – басқа мәселе.

Әлемде банктермен қатар сақтандыру және құнды қағаздар нарығы ұзақ мерзімді капиталдың көзі саналады. Отандық қаржы жүйесіндегі сақтандыру секторының үлесі мардымсыз – 5 пайыз ғана. Мұндай жағдайды місе тұтуға болмайды.

Әңгіме цифрлық технологияларды пайдалану арқылы сақтандыру өнімдерінің түрін көбейтіп, олардың қолжетімділігін арттыру жөнінде болып отыр.

Сақтандыру нарығын мемлекеттің, азаматтар мен бизнестің ықтимал тәуекелдерге ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыратын маңызды институт ретінде қарастырған жөн. Мұндай тәсілге көшу үшін дамыған елдердің үлгісіне сай міндетті сақтандыру түрлерін көбейту қажет. Банктер мен сақтандыру компаниялары ұзақ мерзімді қор жинауды күшейтсе, бұл құнды қағаздар нарығының дамуына тың серпін береді.

Құнды қағаздардың дамыған нарығы – макроэкономикалық тұрақтылықтың маңызды көрсеткіші. Ал оның ауқымы инвесторлардың сенім деңгейі қандай екенін білдіреді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке 1 қыркүйекке дейін сақтандыру және қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Оны тиімді іске асыру үшін сақтандыру және құнды қағаздар туралы жаңа заңдар қабылдау қажет деп санаймын.

БЕСІНШІ. Жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек.

Бұл салада біраз жетістікке жеттік. Былтыр өңдеу өнеркәсібі тұрақты дамып, 6,4 пайызға өсті. Бірақ өңделген тауар экспорты 2,7 пайызға төмендеді. Бұған жалпы экспорттың 4,2 пайызға азайғаны да әсер етті. Өнеркәсіп саясатының басты кемшіліктері дәл осы тұста анық байқалды.

Бұл салада шикізат өндірушілердің үлесі әлі де басым. Бірақ бұл оларға кедергі жасауға болады деген сөз емес, керісінше, оларға көмегімізді әлдеқайда күшейтуіміз қажет. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіне баса назар аудару керек.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің 40 пайыздан астамы металлургияға тиесілі. Ал металлургия секторында экспортқа шығарылатын тауардың жартысынан көбі – төмен деңгейде өңделген өнімдер. Соның салдарынан, шикізатты сыртқа шығарамыз да, одан жасалған дайын өнімді басқа елдерден сатып аламыз. Парадокс. Мұндай тәжірибені доғару керек.

Шикізат экспорттағаннан гөрі, одан дайын өнім өндіріп, сыртқа шығару әлдеқайда пайдалы. Әрине, бұл оңай міндет емес. Бірақ үлгілі кәсіпорындар бар, мысалы, «Qarmet». Қанша қиындыққа тап болса да, ондағы өндірістік және әлеуметтік процестерде оң өзгерістер орын алып жатыр.

Бұл мәселеде «артық қылам деп, тыртық қылуға да» болмайды. Өңдеу саласын дамытамыз деп, шикізат өндіру ісіне зиян келтірмеу жағын ойлау керек. Үкіметтің саясаты ақылға қонымды, байыпты болуға тиіс.

Еліміздің импортқа тәуелділігі туралы айтқанда мұнай саласындағы күрделі ахуалға тоқталмай кетуге болмайды. Қазақстанда жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндіріледі, бірақ елімізде соның тек 18 миллион тоннасы ғана қайта өңделеді. Соның салдарынан біз мұнай өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып жатыр, авиациялық керосин бойынша да импортқа тәуелді болып отырмыз.

Сондықтан отынға деген сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, елімізде жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту керек. Бұл жұмысты жедел орындау қажет. Аталған қадам бір жылда өңделетін мұнай көлемін 9 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді (18,4 миллион тоннадан 27,4 миллион тоннаға дейін). Бұл – министрліктің мәліметі.

Үкімет жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты байыпты шешім қабылдауы қажет. Ең алдымен, мұнай өңдеу зауытына шикізат қайдан жеткізілетінін, қандай өнімді және қанша көлемде өндіретінін дұрыс есептеу керек. Бұл жобаны іске асыруға (егер жүзеге асса) жеке инвестор тарту керек болады. Бүгінде мұндай ірі жобаны тек мемлекет қаржысына салу өте тиімсіз. Жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысы жөнінде әлі де ойлану қажет. Меніңше, жобаның құнын мұқият есептеген абзал.

Қажетті жағдай болса да, осы кезге дейін елімізде мұнай-газ химиясы өз алдына жеке сала болып қалыптасқан жоқ.

Менің тапсырмаммен полиэтилен, бутадиен, карбамид және басқа да өнімдер шығарып, осы саланы жаңа деңгейге көтеретін бірқатар жоба іске қосылды. Үкімет бұл жобаларды уақтылы аяқтауға тиіс. Осындай мұнай-газ химиясы саласындағы ірі жобаларды іске асыру арқылы еліміздің негізгі химия өнімдеріне (полиэтилен, полипропилен) деген сұранысын өтейміз.

Өзімізде шығарылатын полимерді барынша өңдеу ісі жолға қойылмаған. Бұл материалдан автобөлшектер, тамшылап суаруға қажетті құралдар, медициналық жабдықтар, ыдыс-аяқ және басқа да көптеген өнім шығаруға болады. Осы орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсету керек. Соның ішінде лизингпен құрал-жабдық, жеңілдікпен несие беру қажет. Бұл қадам азық-түліктен өзге өнімдердің бағасын төмендетуге зор мүмкіндік береді.

Мұнай-газ химиясы және басқа да негізгі салалардағы өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін ресурстар қорын толықтыру өте маңызды.

Қазір Үкімет тікелей мемлекеттік инвестицияға үміт артып отыр. Алдағы үш жылда бюджеттен геологиялық барлау жұмыстарына 500 миллион долларға жуық қаржы бөлу жоспарланған. Бұл өткен отыз жылда жұмсалған қаражатпен тең. Бұл, әрине, дұрыс, бірақ бәрібір жеткіліксіз.

Геология саласын дамытуға жеке капитал тарту Үкіметтің аса маңызды міндеті болып қала береді. Онсыз геологиялық барлау жұмыстары әрдайым қазынадан бөлінетін қаржыға тәуелді бюджеттік жоба болып қалуы мүмкін.

Шикізатты терең өңдеу – ауыл шаруашылығына да қатысты өте өзекті мәселе. Агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары қордаланған мәселелерді шешу үшін емес, тек осы саладағы жалпы өнімді арттыру үшін қабылданып жатыр деуге болады. Соның салдарынан әлі күнге дейін азық-түлік импортына тәуелді болып отырмыз, баға да өсуде.

Атқарушы билік бұған тосқауыл қою үшін негізінен әкімшілік шараларға жүгінеді. Үкімет осыған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тікелей реттеуден бас тартатыны туралы айтты. Соған қарамастан, мұндай тауарлар саны 19-дан 31-ге дейін көбейді. Үкімет бұл шешімді уақытша шара деп түсіндірді. Бірақ уақытша деп басталған шара әдеттегідей тұрақты сипатқа ие болып кетпеуі керек.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына да нарыққа қайшы шектеулер қойылған. Шешімді қабылдар алдында оның салдары қандай болатынын ешкім ойламайды. Не себепті бұлай жасалып жатқанын түсіну қиын емес. Себебі нарықты дамытқаннан гөрі оған шектеу қою – әлдеқайда оңай. Мұндай әрекетті тоқтату керек.

Үкімет бизнес қауымдастығымен бірлесе отырып, тамақ өнеркәсібін дамытуға қатысты жүйелі шаралар қабылдауға тиіс.

Елімізде мал шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Бұл айқын нәрсе. Бірақ біз осы әлеуетімізді дұрыс пайдаланбай отырмыз. Мал шаруашылығының даму стратегиясы да, қарқыны да мардымсыз, түсініксіз, кешенді жүйе жоқ. Бұл салада шешімін таппай тұрған мәселе көп. Өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда және шаруа қожалықтарында өндіріледі. Еттің 60 пайызы, сүттің 80 пайызы – солардың еншісінде. Бұл жағдай өнімділікті арттыруға кедергі болып отыр.

Елімізде жем-шөп қорын даярлаудан бастап, өнімді өңдеу, жеткізу, сату үдерісі біртұтас жүйе ретінде жолға қойылмаған. Басқаша айтсақ, осының бәрін басқарудың бірыңғай жүйесі жоқ. Өкінішке қарай, 2026 жылы осындай мәселелер туралы айтуға мәжбүр болып отырмыз.

Биыл Мал шаруашылығын дамыту жоспары жасалды. Бұл құжат осы саладағы олқылықтарды жойып, оның дамуына жол ашуға тиіс. Енді ақыры не болатынын көреміз. Мен Жолдауымда және «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда шағын шаруашылықтарды кооперацияға біріктіру қажеттігін айттым. Бұл жерде шетелдік тәжірибені үлгі ретінде алуға болады. Мысалы, Нидерландының жүйесін алсақ, онда шаруалар кооперациясының нақты әрі бірізді жүйесі бар. Соның арқасында олар құны 130 миллиард доллар болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттап отыр.

Шаруаларды жаңа үлгідегі кооператив құруға ынталандыру керек. Ол үшін Үкімет батыл шаралар қабылдауға тиіс. 1 қыркүйекке дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы жаңа заң дайындауы қажет.

Шаруаларды мемлекеттік қолдау жүйесі барынша ашық болуы керек. Қазір бұл жүйенің күмәнді, көлеңкелі тұстары көп. Үкімет жыл соңына дейін ақпараттық жүйелерді кіріктіру жұмысын аяқтауға тиіс. Бұл қадам субсидиялау үдерісін цифрландырып, шаруалардың міндеттемелерін бақылауға алуға мүмкіндік береді.

Мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін ветеринарлық қауіпсіздік жүйесі сапалы болуға тиіс. Ашығын айтқанда, Қазақстанда бұл сала кенжелеп тұр. Еліміздегі 168 зертхананың жиырма жетісі ғана халықаралық стандартқа сай келеді. Мал дәрігерлерінің жұмысы толық бақылауға алынбаған. Соңғы үш жылда малға екпе салдық деп 30 мың жалған құжат жасалды.

Бұл саланы біржола тәртіпке келтіру қажет. Үкімет ветеринария саласын дамытудың кешенді бағдарламасын үш айдың ішінде қабылдауға тиіс.

Құзырлы мекемелер биыл кейбір аймақта алдымен су тасқыны, содан соң құрғақшылық болатынын айтуда. Үкімет қазірдің өзінде нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеп қоюы керек.

Тағы да айтарым, табиғи апаттарды болжау үшін цифрлық тәсілдерді пайдаланбасақ, жұмыстың бәрі босқа кетеді. Бізде қажетті технологияның бәрін пайдалануға мүмкіндік бар. Тек соның барлығы қаншалықты жауапты әрі жүйелі түрде қолданылады деген сұрақ туады. Мәселе – сонда.

Егіс алқаптары мен инфрақұрылымды қорғауға қажетті шаралар алдын ала қабылдануы қажет. Әр жолы мәселе пайда болған кезде ғана жанталаспай, қиындықтың алдын алған жөн. Бұрынғы қателіктерге жол бермеу керек. Көктем де келіп қалды. Үкімет әкімдіктермен бірге су тасқынына қарсы шараларды сапалы жүзеге асыруға тиіс.

АЛТЫНШЫ. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану кәсіпкерлікті қарқынды дамытуға зор мүмкіндік береді.

Жалпы ішкі өнімінің 40 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестицияның 70 пайызға жуығы шағын және орта бизнес саласына тиесілі. Бұл – кейінгі жылдары жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі. Дегенмен қазір табысқа риза болып отыратын заман емес. Елімізде азаматтардың бизнеспен жаппай айналысуына мән беріліп, оған барынша жағдай жасалып жатыр. Бірақ мұндай шара бүгінгі таңда аздық етеді. Үкімет кәсіпкерлікті дамыту ісінде енді, ең алдымен, сапаға айрықша көңіл бөлуі керек.

Мемлекеттік көмекті бизнестің технологиялық деңгейіне және санатына қарай саралап беру қажет. Шағын бизнесті қолдау шаралары нақты әрі тиімді болуға тиіс. Кәсіпкерлерді «күнкөріс режимінен» шығып, тұрақты даму жолына түсуге ынталандыру маңызды.

Шикізаттық емес сектордағы даму әлеуеті жоғары орта бизнесті қолдау шаралары дайын өнім сататын нарық ауқымын кеңейтуге ықпал етуі қажет.

Үкімет «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, шағын және орта бизнесті қолдау саясатын түбегейлі өзгерту туралы ұсыныс әзірлеуі керек. Ұсыныстар 1 сәуірге дейін енгізілуге тиіс.

Әрбір кәсіпкер смартфон арқылы тікелей қолдана алатын біртұтас цифрлық экожүйе жасалуы қажет. Қазіргі реттеу шаралары кәсіпкерлерге әкімшілік кедергі туғызады, материалдық шығын келтіреді. Осы кедергілер мен шығындарды азайту үшін кезінде шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге мораторий жарияланды. Бірақ мораторий мерзімі аяқталған сәтте бәрі қайтадан бұрынғы қалпына түсті. Мысалы, 2020 жылы 70 мың тексеру жасалса, былтыр бұл көрсеткіш 92 мыңға дейін артқан. Тіпті, оның 85 пайызы жоспардан тыс жүргізілген. Шаш ал десе, бас алатын мұндай әрекетті доғару керек. Мұндай тексерулердің орнына медициналық қорды немесе жекеменшік мектептерді, әлеуметтік жеңілдіктер беру жүйесін тексеру керек еді.

Реттеушілік реформаның жаңа кезеңіндегі басты міндет – блокчейн мен жасанды интеллектіні пайдалану арқылы цифрлық модельге толық өту.

Бұл ретте «Реттеуші сары парақтар» (Regulatory Yellow Pages) қағидаты басшылыққа алынуға тиіс. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі аталған жұмысты жыл соңына дейін аяқтауы қажет.

Енді «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлықты орындау мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жұмыс іс жүзінде емес, қағаз жүзінде ғана орындалып жатыр деуге болады. Құзырлы органдар құжатта көрсетілген тапсырмаларға атүсті қарайды. Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауды емес, құр есеп беруді ойлайды. Соның салдарынан Жарлықта айқындалған басты міндеттер толығымен орындалған жоқ.

Мысал ретінде мемлекеттік активтерді жекешелендіру үдерісін алып қарайық. Үкімет жеке меншікке өтуге тиіс 473 кәсіпорынның тізімін былтыр қазан айында бекітті. Бірақ активтерді саудаға шығармақ түгілі оны сатуға дайындық шараларының өзі әлі басталған жоқ.

«Мемлекеттік мүлік туралы» жаңа заң да қабылданбады. «Қандай кедергі пайда болды? Мемлекеттік органдар неліктен өз активтерінен айырылғысы келмейді?» деген сұрақтар болуы мүмкін. Нақты себептер бар шығар, бірақ олар туралы бейхабармын. Шынын айтқанда, маған тиісті мағлұмат немесе ақпарат түскен жоқ.

Себебі бұл активтер мемлекет бюджеті есебінен қамтамасыз етіледі, яғни, оған қазынадан қомақты қаражат жұмсалып жатыр. Бұл жағдай жеке кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп, бәсекелестікті тежейтінін ұмытпауымыз қажет.

Үкімет Жарлықты орындауға қатысты ұстанымдарды бір айдың ішінде қайта қарауға тиіс. Басты мақсат – бизнеске шын мәнінде қолайлы жағдай жасайтын нақты шаралар қабылдау.

ЖЕТІНШІ. Жаңа экономикалық үлгіге көшу барысында көлік логистикасын дамытуға жете мән беру қажет. Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет.

Қазақстанның Еуразия құрлығындағы бірегей орнын тиімді пайдаланбасақ, бұл халқымыз кешірмейтін стратегиялық олқылық болуы мүмкін. Сондықтан бұл міндеттің мән-мағынасы ерекше.

Көлік-тасымал саласы өнеркәсіп және инвестиция саясатымен бірге біртұтас жүйе ретінде қаралуы керек. Осы кезге дейін инфрақұрылымдық рөлі басым болған транзит саласы енді экономикалық сипатқа ие болады. Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда, бұл – өте маңызды қадам.

Қазір еліміздегі тауардың 60 пайызы теміржолмен тасымалданады. Сондықтан теміржол желілерін барынша дамыту – айрықша маңызды міндет. Бүгінде бірқатар ірі инфрақұрылым жобасының құрылысы аяқталды. Теміржол арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігі едәуір жақсарып, теміржолдың жалпы жағдайы тұрақталды. Десек те, еліміздің теміржол транзиті саласындағы әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет. Алайда бұл маңызды мәселе бойынша анық, айқын стратегия әлі жоқ сияқты. Тозығы жеткен теміржол инфрақұрылымы әлі де көп. Кейбір жерлердегі ахуал тіпті күрделі деуге болады.

Биыл «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» бағытындағы жаңа теміржол желілерін іске қосу керек. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» теміржолын жаңғырту жұмыстарын аяқтау қажет. «Бақты – Аягөз» желісін уақтылы пайдалануға беру керек. Аталған мәселелер туралы жиі айтатын болдық, енді нақты нәтижеге куә болайық. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды.

Үкімет биыл транзиттік тасымал көлемін шамамен 65 пайызға, яғни 55 миллион тоннаға дейін көбейтеміз деген ауқымды міндет қойып отыр. Ал «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы өз ақпаратында бұл жоспарға күмән келтіріп отыр.

Мәселе – бізде емес, іргелес мемлекеттердің жоспарлары мен мүмкіндіктерінде. Бұл мәселені енді анықтау қажет. Осыған орай, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы қажетті шараның бәрін қабылдауға тиіс. Соның ішінде цифрлық жаңғырту, яғни трансформация жұмыстарын аяқтау қажет.

Жүк тасымалдаушылардың бәріне ашық және бірдей қолдау көрсетілуге тиіс. Ол үшін ұлттық оператордың жүк вагондарын беру жұмысын толық цифрландырып, ретке келтіру керек.

Теміржол саласындағы тариф саясатын реформалау – кезек күттірмейтін міндет. 1 қыркүйекке дейін жаңа тариф саясатының тұжырымдамасына қатысты түпкілікті шешім қабылдануға тиіс. Тариф саясаты, бұл – аса маңызды тақырып, көлік стратегиямыздың өзегі саналатын мәселе.

Үкімет теміржолмен қатар автокөлік тасымалын дамытуға қатысты ірі жобаларды да жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алуы қажет. Мен «Қарағанды – Жезқазған», «Орталық – Батыс», «Ақтөбе – Ұлғайсын» бағытындағы жолдың және Қызылорда, Сарыағаш, Рудный қалаларының сыртындағы айналма жолдың құрылысы туралы айтып отырмын.

Автокөлік тасымалын дамыту туралы айтқанда, ең алдымен, жолдың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелер шешімін табуға тиіс. Жаңа жылға дейін жасанды интеллектіні пайдалана отырып автокөлік қозғалысын реттейтін цифрлық платформаны іске қосу керек.

Біз жүк және жолаушылар транзитін барынша тиімді ету үшін шекарадағы өткізу бекеттерін жаппай жаңғырта бастадық. Былтыр 9 бекет іске қосылды. Келесі жылдың соңына дейін тағы 33 бекет толық жаңғыртылады. Бірақ бекеттердің сапасына да қарауымыз керек.

Цифрлық тәсілдер және жасанды интеллектінің көмегімен кедендік рәсімдерді оңтайландыру керек. Бірақ бақылау да әлсіреп кетпеуге тиіс. Еліміздің және көрші мемлекеттердің ақпараттық жүйелерін өзара байланыстыру керек.

Мен Жолдауымда жүк тасымалын басқаратын «Smart Cargo» цифрлық платформасын, сондай-ақ кеден рәсімдерін жасайтын «Keden» жүйесін енгізуді тапсырдым. Қазір осы жүйелер пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.

Барлық мекеменің ақпараттық жүйесін өзара кіріктіріп, бұл платформалардың толық іске қосылуын тездету керек. Осылайша, біртұтас интеллектуалды көлік экожүйесі қалыптасады.

Қорыта келе тағы да айтып өткім келеді: алдымызда ауқымды, маңызды міндеттер тұр. Біз әрдайым бір қадам алда жүруіміз керек. Ойланып-толғанып отыратын уақыт жоқ. Батыл, тиімді шешім қабылдап, оны жедел жүзеге асыру қажет. Шынын айтқанда, бүгінгі қаралып жатқан мәселелер – белгілі, олар Жолдауымда да, Ұлттық құрылтайда да көтерілді.

Үкімет мүшелері, иә, айналамызда жүрген «сарапшылар» ел экономикасының алдында тұрған түйткілдерді шешу жолын тез арада ұсынады деп күтудің қажеті жоқ деген сияқты пайымдаулар бар екенін біз жақсы білеміз.

Біз бәсекеге қабілетті ел болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті болсақ, болашағымыз да жарқын болады. Негізгі басымдықтарымыз өзгермейді. Азаматтардың табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту басты міндет болып қала береді.

Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар өз жауапкершілігін толық сезініп жұмыс істеуге тиіс. Үкіметтің бірінші кезектегі міндеті – батыл, күмәнсіз шешімдер қабылдау үрдісін жаңғырту.

Ел игілігі және азаматтардың мүддесі үшін еңбек ету қажет. Әрбір тапсырма уақтылы әрі сапалы орындалуы керек. Ең бастысы, елге пайдасы тиетін нақты нәтиже болуға тиіс.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі — Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз