Жетісу облысында қант қызылшасын себу жұмыстары аяқталды

Жетісу облысында қант қызылшасын себу жұмыстары толық аяқталды. Екі қант зауытының өндірістік қуатын ескере отырып, биыл тәтті түбір 13,0 мың гектар алқапқа егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 708 гектарға артық, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы өңірде қант қызылшасын егу жұмыстарына 124 сепкіш жұмылдырылды, оның 47-сі сервистік-дайындау орталықтарының сепкіштері. Барлығы 17,5 мың себу бірлігі пайдаланылды, оның 12,7 мың бірлігі Ақсу және Көксу қант зауыттары тарапынан қамтамасыз етілді. Сондай-ақ диқандарға қажетті көлемде минералды тыңайтқыштар мен дизель отыны берілді. Өңірде қант қызылшасын өсірумен жалпы саны 540-қа жуық шаруашылық айналысады.

Солардың бірі Көксу ауданындағы «Жалайыр» шаруа қожалығы өткен жылы 40 гектарға қызылша ексе, биыл тәтті түбір егістігінің көлемін 82 гектарға жеткізіп отыр. 

— Шаруашылықта биыл қант қызылшасымен қатар, жүгері, майбұршақ, күздік бидай, көп жылдық жоңышқа септік. Өткен жылы қант қызылшасының өнімін уақытылы жинап, Көксу қант зауытына өткіздік. Шаруашылыққа  заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын лизинг арқылы сатып алдық, соның арқасында өзім ғана пайдаланып қоймай, басқа шаруашылықтарға да көмек көрсетіп келеміз. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 49 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау алдық. Сол сияқты селитра, нитроаммофост, арзандатылған жанар-жағармай бәрі уақытылы сатып алынды, — деді шаруа қожалығының басшысы Мақсат Абдрахманов.

Атап өтсек, ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша биыл шамамен 585 мың тоннаға жуық қант қызылшасы жиналады деп күтілуде. Бұл өнім Ақсу және Көксу қант зауыттарында өңделеді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Қанат Өмірәлинов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз