Экология саласындағы жауапкершілікті күшейту және қоршаған ортаны қорғау нормаларын Конституциялық деңгейде бекіту қажеттігін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында көтерді.
Комиссия отырысында ол экологиялық нормалардың өңірлер үшін, соның ішінде экологиялық ахуалы күрделі Арал маңы аймақтары үшін ерекше маңызға ие екенін айтты. Облыс әкімінің пікірінше, теңіздің тартылуы қоршаған ортаға ғана емес, аймақ халқының өмір сапасына, денсаулығына және әлеуметтік жағдайына да тікелей әсер етіп отыр.
«Арал теңізінің тағдыры – бүкіл адамзат үшін ауыр сабақ. Оның салдарын біз әлі күнге дейін сезініп келеміз. Сондықтан мемлекеттің қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету міндетін, азаматтардың экологиялық қауіпсіздікке қатысты құқықтарын Конституциялық деңгейде бекіту – уақыт талабы», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасында экологиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуге және қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған нормалар қарастырылған. Бұл өзгерістер экология саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтіп, өңірлерде алдын алу шараларын тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Нұрлыбек Нәлібаев жаңа Конституция жобасы мемлекеттің әлеуметтік бағыттағы рөлін арттыруға арналғанын атап өтті. Құжат әлеуметтік теңсіздікті қысқартуға, ауылдық аумақтарды қолдауға, жұмыспен қамтуды кеңейтуге және инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға құқықтық негіз қалыптастырады.
Оның сөзінше, білім беру саласын стратегиялық басымдық ретінде бекіту – адами капиталды дамытудың басты тетігі. Бұл жастарды сұранысқа ие мамандықтарға даярлауға және олардың әлеуетін туған өңірлерінде жүзеге асыруына жағдай жасауға бағытталған.
«Елімізде адами капиталды дамыту үшін білім беруді стратегиялық басымдық ретінде бекітеді. Біз жастардың болашағына инвестиция салуды, сұранысқа ие мамандарды даярлауды, жас азаматтардың өз әлеуетін туған жерінде іске асырып, болашағын туған елмен байланыстыруына жағдай жасауды толық қолдаймыз», — деп атап өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ, баяндамасында Нұрлыбек Нәлібаев жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, өкілеттіктер мен жауапкершілікті нақты ажыратуға және билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталғанын айтты.





























