Ұлтымыздың ұлы ойшыл, дана данышпаны Абай Құнанбаевтың ұрпаққа сыйлаған рухани мұрасы бүгінде күллі қазақтың ғана емес, жалпы адамзат баласының ақыл-ой айнасына айналғаны анық. Ғұлама сүбелі сөз, жауһар жыр құдіреті арқылы халқымыздың тарихын, тыныс-тіршілігін, дінін, ділін, рухын әйгілеп, дәстүрлі қазақ мәдениетін әлемдік өркениеттің биігіне көтерді. Міне, бұл – ақынның «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген дана тұжырымының айқын бір айғағы.

Қазір әлемнің көптеген тіліне аударылған Абай тағылымы – жалпыға ортақ рухани ілім, баға жетпес байлық. Осыған сай ұлы ойшыл шығармаларын әр халықтың тілінде сөйлеткен зиялы қауым өкілдерінің де еңбегі ерен. Солардың бірі – Түркия елінде тұратын қандасымыз, белгілі ғалым  Зейнеш Cмайыл. Ол – Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қара сөздерін, жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің еңбектерін, қазыналы қазақ ауыз әдебиетінің айшықты жанры – айтыс мәтіндерін тұңғыш рет түрік тіліне аударған дара дарын иесі. Бүгінге дейін Зейнештің 20-ға жуық аударма кітабы, 100-ден астам ғылыми мақалалары мен тағы басқа да еңбектері қазақ тілімен қатар түрік, қытай тілдерінде жарық көрген. Атап айтсақ, аудармашы 1995 жылғы хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында түріктің танымал ақыны, белгілі ғалымы Али Аббас Чынармен бірге ұлы ойшылдың 45 қара сөзін, таңдаулы өлеңдерін аударып, түрік оқырмандарының назарына ұсынса, кейін ұзақ еңбектеніп, әйгілі Жамбылдың отты жырларын, Мұхтардың «Абай жолы» романының екі томын, әңгімелері мен повесть, мақалаларын, қазақтың, түріктің айтыстарын аударып баспадан шығарған. Сондай-ақ, қаламгер «Қазақтар», «Қазақ мақал-мәтелдері», «Қазақша тілашар», «Түрікше-қазақша сөздік», «Түріктердің шыққан тегі», «Түрікше-қытайша-қазақша тілашар» сынды көптеген кітаптары арқылы ұлтымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін түбі бір түркі еліне және қытай халқына кеңінен таныстырған.

  Зейнеш Cмайыл 1959 жылы қараша айында Шығыс Түркістанның Еренқабырға өңірінде дүниеге келген. Орта мектепті бітіре салысымен алғашқы еңбек жолын мектепте қытай тілінен сабақ беруден бастаған ол, кейін Қытай астанасы Бейжіңдегі Ұлттар университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын қызыл дипломмен тәмамдап, сол білім ордасына оқытушы болып қызметке тұрады. Көп өтпей білімді де біліктілігімен танылған  жалынды жас ҚХР мемлекеттік стипендиясын еншілеп, Түркияға аттанып, Анкара университетінде түрік тілі мен әдебиеті саласында оқу-үйрену, ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады. 1991-1993 жылдар аралығында Зейнеш Анкарадағы Хаджеттепе университеті басшысының  арнайы ұсынысымен филология факультетінде қазақ, қырғыз, қытай тілдерінде сабақ береді. 1993 жылдың тамыз айынан 2002 жылдың тамыз айына дейін Анкара университетінің Төмер тіл орталығында,  сол  жылдың жаз айынан 2005 жылға дейін Солтүстік Кипр Түрік Республикасындағы Таяу Шығыс университетінде, содан қазірге дейін  Анкарадағы Білкент университетінде бірнеше тілде  білім беріп келеді. Сонымен қатар, тіл шебері қазір Түркия мемлекеттік радио-телевизия мекемесі «Түркия үні» радиосы қазақ тілі редакциясының бас редакторы, «Жібек Жолы» серіктестігінің төрағасы, Түркия Республикасының жоғарғы деңгейдегі мемлекеттік қызметкері. Осындай  орындарда елеулі еңбек етіп, ғылым-білім саласында жеткен жетістіктерінің нәтижесінде Зейнеш Смайыл бүгінде көптеген марапаттармен бірге Қытай Жилин мемлекеттік және Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеттерінің құрметті профессоры,  ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті академигі сынды  абыройлы атақтарға ие.

Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылы арнайы іс сапармен қазақ жеріне ат басын тіреген Зейнеш Смайылды қабылдаған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаев арнайы ақсарбас қой атап сойғызып, өз қолымен кәделі бас ұсынады. Міне, бұл Зейнештің жан-жақты дарынына ерекше сүйсінген дара тұлғаның ізгі ілтипаты мен ағалық сый-құрметі еді.

Биыл ұлы Абайдың дүниеге келгеніне 175 жыл. Осыған орай біз Түркия елінде тұратын қос аудармашымен хабарласып, Абай шығармаларының аудармасы туралы ой бөліскен едік.

                         Зейнеш Смайыл:

– Мейлі біз әлемнің қай түкпірінде жүрсек те,  ұлт мұрасын ұлықтап, ұлыларымызды мақтан етеміз. Абай сыйлаған рухани байлық – бар адамзат баласына ортақ асыл қазына.  Оны дүние жүзіне таныту –әрбір зиялы қауым өкілінің басты парызы. Мен 1995 жылы түріктің танымал ақыны Али Аббас Чынармен бірге Абай шығармаларын тұңғыш рет түрік тіліне, кейін қара сөздерін қытай тіліне  аудардым. Біз ұлы Абай шығармаларын өзге тілге аудару арқылы ұлтымыздың ерекшеліктерін, салт-дәстүр, мәдениетін әлем халықтарына таныта аламыз. Әрине, ұлы ойшыл шығармасын басқа тілге аудару екінің бірінің қолынан келе берер оңай-оспақ іс емес. Бүгінде Абай шығармалары көптеген тілге аударылса да, оның түпнұсқаға қаншалықты жақындығы беймәлім. Сондықтан әр аударма әлі біраз зерттеуді қажет ететіні сөзсіз. Ақын Али Аббас екеуміз Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін түрік тіліне аудару барысында әрбір шығарманың тіліне, мазмұнына, ойы мен құрылымына баса мән беріп, жан-жақты зерделеп, қалпын бұзбай аударуға тырыстық. Бұған қоса, кітапқа аудармасын  және латын әліпбиіндегі қазақша нұсқасын бірге басуды жөн көрдік. Себебі, осы арқылы кирилл әрпін білмейтіндер Абай өлеңдері мен қара сөздерінің түпнұсқасынан да оқи алады. Шығарманы аударған кезде біз Қазақстандағы көптеген ғалымдардың, зерттеуші-тарихшылардың Абай шығармалары туралы  ізденістері мен ой толғамдарына көп үңілдік. Өйткені, Абайдың әрбір өлеңі мен қара сөздерін философиялық тұжырымдардың айнасы деуге болады.

Абай өлеңдерінде кездесетін кейбір сөздер түрік тілінде де бар. Алайда мағынасы басқа. Бірақ, біз сол сөздерді пайдалана отырып, мүмкіндігінше ұқсас мағыналы сөздерді қолдандық. Әрі оқырманға түсінікті болуы үшін сілтеме жасадық. Сөздер бірдей айтылғанымен, Анадолы түріктері үшін түсініксіз болуы мүмкін. Сол себепті олардың түсінігі мен логикасына қарай аударылды. Мәселен, ақының:

«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да,

Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да», — деген жыр жолдарына келер болсақ,

«Нешеленмез кара гөнлум не олса да,

Семада ай иле гюнеш парласа да,

Дунияда сенин гиби бана иар иок,

Сана иар бенден устум булунса да» деп аударылды. Мұнда өлеңнің ойы, мазмұны еш өзгермеді. Ұйқасы тепе-тең, тігісі жатық болғандықтан, оқырман оңай түсіне алады.

Аударма жасау – қиын жұмыс. Оған жасампаздық, тіл байлығы мен мол тәжірибе керек. Бұған қоса, аудармашының да ақындық қасиеті болуы шарт. Біздің аударманың тағы бір ерекшелігі – біреуіміз қазақ, біреуіміз түрік. Бұл екі ұлттың сүбелі сөздері бір-бірімізді толықтырып отырды. Осылайша қазақ тілі мен Анадолы түрік тілінің бірлесуі шығарманың сәтті аударылуына өз пайдасын тигізді. Осы орайда Абай шығармаларын тек аударып қана қоймай, Түркия еліне Абайды таныту, оқушыларға жеткізу, оның философиялық ойы мен тілдік ерекшелігін, ақылия сөздерін насихаттауға тырыстық. Бұл аударма әсіресе, Түркиядағы, Германия мен Еуропадағы қазақтар үшін үлкен жеңілдік болды. Себебі, кітаптың бір жағында Абайдың өлеңі мен қара сөздерінің түпнұсқасы болса, енді бір жағында аудармасы бар. Жалпы Абай шығармалары – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын құнды мұра.

                 Али Аббас Чынар:

– Абай Құнанбаев – дүние жүзіне танымал ұлы ойшыл, түбі бір түркі халықтарына ортақ тұлға. Профессор Зейнеш Смайыл екеуміз Абай шығармаларын 1995 жылы аудардық. Оған дейін Абай өлеңдері мен қара сөздері бұрын-соңды түрік тіліне аударылмаған. Біздің аударма тың дүние болғандықтан, кемшіл тұстарының болуы да бек мүмкін. Алайда, түрік оқырманына Абайды алғаш рет жеткізгеніміз үшін кеудемізді үлкен мақтаныш сезімі кернеді. Біз Абайдың өлеңдерін түрік тіліне жақындастыру мақсатында ортақ тілді қолдануға барынша күш салдық. Сонымен қатар, өлеңнің ерекшелігін, жанрдың мүмкіндіктерін қорғай отырып тәржімалауға күш салдық. Хакім Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін аударуда көптеген қиыншылықтар болды. Алайда, біз одан үлкен рухани ләззат алдық. Мәселен, әр шығармадан біз Абайдың  бай тілдік қорын, шебер сөз саптау ерекшелігін аңғардық. Басты мақсатымыз –Түркия әдебиеті мен қазақ әдебиетін жақындастыру еді. Қазақтың бас ақынын түрік тіліне аударғаннан кейін түрік халқы оған үлкен қызығушылықпен қарап, өте жылы қабылдады. Бұл да болса біздің аудармашылық еңбегіміздің жарқын нәтижесі екені анық. Аударма барысында 1990 жылдардың басында түркі ғалымдары бірлесе отырып қабылдаған латын графикасын қолдандық. Яғни бір жағында латын графикасымен қазақ тілінде, бір жағында аудармасы жазылды. Осындай екі нұсқаны бірге берудің ерекшелігі – екі тіл бір-біріне жақын болғандықтан оқырман аударманың жетпей жатқан жерін түпнұсқадан оқи алады. Қорытып айтқанда, Абай шығармаларының шоқтығы биік, ғасырлар бойы еш аласармасы анық. Торқалы той құтты болсын, қасиетті Қазақ елі!

Танымал  Түрік ғалымы, белгілі ақын Али Аббас Чынар Түркияда дүниеге келген. Кішкентайынан түріктің ауыз және жазба әдебиетіне қызығып, жастайынан қолына қалам алған. Әсіресе ол Анадолы түріктерінің ауыз әдебиетін, түрлі жанрларды және Түркияның танымал жазба ақындарының бірқатар өлеңдері мен шығармаларын көп зерттеген. 1984 жылы Анкара университеті тіл-тарих-география факультетін бітірген ол, әр салада елеулі еңбек етіп, 1991-1992 жылдары аралығында Түркия Мәдениет министрлігінде қызмет атқарған. 1991-1996 жылдары аралығында Хажеттепе университетінде магистр және доктор атағын қорғаған. 2002 жылы Қазақстандағы Қожа Ахмет Яссауи университетінде сабақ беріп, 2004 жылдан бүгінге дейін Мугла университетінде доцент, профессор болып қызмет атқарып келеді. Бүгінде қарымды қаламгердің  15-ке жуық кітабы,  80-нен астам ғылыми еңбектері жарық көрген. Көптеген сыйлықтардың иегері.

                                                                               Айдын КӘЛІМХАН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK