Жетісу облысының Кербұлақ ауданында соңғы үш жылда 34 жаңа әлеуметтік нысан салынып қолданысқа берілді, соның 17-сі — «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында, тағы 17-сі жергілікті бюджет есебінен қолданысқа берілген. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Кербұлақ ауданының активімен кездесуі барысында белгілі болды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, жаңа әлеуметтік нысандардың 30-ы – денсаулық сақтау, 2-і – спорт , 2-і – мәдениет саласында.
— Облыс аумағында «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында денсаулық сақтау саласында ең көп нысан Кербұлақ ауданында салынды. Соның ішінде дәрігерлік амбулаториялар Басши, Сарыбастау, Ақтөбе, Малайсары, Қызылжар, Шұбар, Қарағаш, Қарашоқы, Алтынемел, фельдшерлік-акушерлік пункттер Жаңалық, Қоянкөз, Нұрым, Қарымсақ, Байғазы, Шаған, медициналық пункттер Беріктас, Доланалы ауылдарында тұрғызылды, — деп атап өтті облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Сол сияқты Қоғалы, Жаңалық, Беріктас, Басши, Алтынемел, Қаспан, Қарашоқы елді мекендеріндегі мектептер ағымдағы жөндеуден өткізілген. Тағы бір атап өтерлігі, «Алацем» ЖШС-нің демеушілігімен Сарыөзекте орталық саябақ халық игілігіне берілді. Қазіргі кезде Көксай ауылында 60 орындық орта мектептің және Сарыөзек ауылында кітапхананың құрылысы жүргізілуде.
— Сарыөзек ауылында тұрып жатқаныма 30 жылдан асты. Соңғы жылдары ауданымыз көркейіп, дамып келеді. Ауыз су мәселесі шешілді, табиғи газ келді. Аудандық ауруханамыз жаңадан салынды. Емханада денсаулығымызды тексеруге қажетті заманауи медициналық аппараттар бар, сондықтан қаралуға басқа өңірлерге барудың қажеті жоқ. Немерелеріміздің денсаулығын емханада тұрақты бақылап отырады. Жалпы халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалғанына қуаныштымыз, — деді Қасира Қуандықова.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев, сол сияқты бірқатар фотосуреттерді Кербұлақ ауданының әкімдігі ұсынды.





























