4

Оқырман хаты

Мен, қазақ ауылында дүниеге келіп, қазақ мектебінде оқып, білім ордасының тыныс-тіршілігін бойыма сіңіріп өскендіктен, қазақ тілінің қазіргі күйіне қатты алаңдаймын. Тіл мәселесінде халқымыздың дара тұлғасы,заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!»- деген сөзінің қажеттілігі бүгінде өте жоғары.

Балаларымыздың тілін жастайынан түзу жолға қою аса маңызды екеніне назар аударатын уақыт жетті. Бұл ретте күрделі әрі өзекті мәселе-қаламызда таза қазақ мектептерінің жоқтығы. Облыс орталығындағы 30 мектептің саусақпен санарлықтайы ғана таза қазақша, қалғаны қазақ сыныптарының санын көбейту үшін ашылған аралас мектептер. Ондағы қазақ сыныптарында оқитын балалардың сөздеріне құлақ түрсең, орысша араластырып немесе бір бірімен таза орыс тілінде сөйлесіп жатады. Өйткені, онда орыс тілді орта басым. Сондықтан да  таза қазақ мектептерінің санын көбейту маңызды деп ойлаймын. Айналаға көз салсақ, көше бойы тізілген дүкендер, дүңгіршектер, түрлі қызмет көрсету орындарындағы жарнамалары небір келеңсіз қателіктермен, немесе мүлдем аудармасыз жазылып тұрады. Бұрын осыны реттеп, тосқауыл немесе ескертпе жасап, аздап болса да қозғау салып, анда-санда рейдтер жасап, ықпал етіп жүрген Қазақ тілі қоғамының өзін қысқартып, оны 2-3 адамнан тұратын бөлімдерге жүктеп қойдық. Олардың тілді өркендетуге, ықпал жасауға қауқары да, уақыты да, мүмкіндігі де жетпейді. Ағылшы тілін үйрету курстарын әр көпқабатты үйлерден іздемей-ақ  табасыз. Солардың қатарында арамыздағы  мемлекеттік тілді үйренуге ниеттенген «шала қазақ» жастар үшін қазақ тілін үйрету курстары тұрса артық болмас еді. Бұл көпшіліктің ойында жүрген көкейтесті мәселе. Қаладағы зәулім сарайлардың қатарында саналатын «Достық үйі» мен «Тіл сарайы» атты ғимараттарда әртүрлі ұлт өкілдеріне көңіл бөліп, орталықтар аштық. Бұл ұлтаралық қатынасты нығайтудың жолы десек, солардың бәрін біріктіре отырып, қазақтың ұлттық қасиеттерін, ұлттық құндылықтарын дәріптеуге, беделін көтеруге, салт-дәстүрін өз мәртебесінде насихаттауға бағыттайтын басты тетік-қазақ тілі орталығы болуы керек деп ойлаймын. Өз тілімізді өзіміз қолға алмасақ, дамытпасақ сырттан келіп біреу түзеп бермейді, ағайындар!

Қаламқас Тұрдығұлова, зейнеткер

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз