Жетісу облысында 2025 жылы мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметі 109 749 рет көрсетілген. Жалпы, өңірде инватакси саны облыс құрылғалы бері екі есеге өсіп, 32-ге жетті, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
— 2025 жылы инватакси қызметін көрсету үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен 275,8 млн. теңге қаражат қарастырылды. Облыс көлемінде осындай қызметті 7 үкіметтік емес ұйым жүзеге асырады, соның 2-еуі Талдықорған қаласының үлесінде, — деп атап өтті облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.
Мәселен, Талдықорған қаласының тұрғыны Мақсат Шәріпов инватакси қызметін бірнеше жылдан бері пайдаланып келеді.
– Менің I топтағы мүгедектігім бар. Қазіргі таңда Талдықорғанда тұрамын, инватакси қызметін шамамен 1,5 жылдан бері қолданамын. Осы арнайы көлік жұмысқа апарып, жұмыстан алып қайтады, қажет деген жерлерге де жеткізеді. Өте ыңғайлы, көмекші де бар. Қызмет көрсету сапасы жоғары, – деді ол.
Тағы бір талдықорғандық азамат Еркімбек Яхия да пікір қосты:
– Мүгедектік алғаныма 20 жылға жуықтады. Алғашында арбаға отыру мен үшін өте ауыр болды, бірақ өзімді қолға алып, ауылдан қалаға көшіп келдім. Мұнда мемлекеттік қолдаудың арқасында жұмысқа орналастым. Мен үшін инватакси қызметі де үлкен көмек болды. Ауа райына қарамастан, қыста да, жазда да көлік уақытында келеді, керек жерімізге апарады. Қызметкерлер қамқорлық танытып, өз ісіне жауапкершілікпен, жанашырлықпен қарайды. Сол үшін оларға шынайы алғысымды білдіремін, — деді ол.
Жалпы, Жетісу облысында кешенді қолжетімділікті қамтамасыз етуге және кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазіргі кезеңде «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасына енгізілген білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт мекемелері, мемлекеттік ұйымдар және басқа да объектілер санатындағы 1120 нысанның 948-і бейімделді, бұл жалпы көрсеткіштің 83%-ы. Бұл ретте бейімдеу жоспарланған нысандардың қалғаны жыл соңына дейін толықтай қамтылатын болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев (фотолар архивтен алынды).





























