«Таза Қазақстан»: Алакөл мен Балқаш жағалауы жанданады

12

Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы нәтижелі жүзеге асып, өңірдің инфрақұрылымы мен экологиялық жағдайы айтарлықтай жақсарды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.

2025 жылы облыс көлемінде ауқымды абаттандыру жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, өңірде 21 саябақ пен аллея, 2 орталық алаң және 49 аула жаңартылып, тұрғындардың игілігіне берілді. Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуі үшін 81 спорттық ойын алаңы бой көтерді. Тұрғын үй қорын жақсарту мақсатында көпқабатты үйлердің 77 шатыры мен 33 қасбеті жөндеуден өтті. Инфрақұрылымды дамыту бағытында 16,5 шақырым арық желісі тазартылып, 72 ескерткіш қалпына келтірілді. Сонымен қатар 315 шақырым көшеге заманауи жарық шамдары орнатылды.

Экологиялық науқанға 227 мыңнан астам тұрғын атсалысып, бірлескен күшпен 14 425 тонна қоқыс шығарылды. Өңірді көгалдандыру мақсатында 134 901 түп жас көшет отырғызылып, белгіленген жоспар артығымен орындалды. Тұрғындармен кері байланыс орнату үшін іске қосылған арнайы телеграмм-бот өз тиімділігін көрсетті. Өткен жылы келіп түскен 279 өтініштің 215-і оң шешімін тауып, коммуналдық мәселелер жедел реттелді.

2026 жылы «Таза Қазақстан» бағдарламасы жаңа қарқынмен жалғасады. Биыл 9 саябақ, 25 аула және 18 балалар алаңын абаттандыру көзделіп отыр. Тұрғын үйлердің 61 шатыры мен 49 қасбеті жөнделіп, тағы 200 км көше жарықтандырылады. Биылғы жоспардың басты бағыттарының бірі – туристік аймақтардың тазалығы. Жаңадан құрылған «Алакөл-Тазалық» және «Балқаш-Тазалық» кәсіпорындарына арнайы техникалар сатып алынып, көл жағалауындағы коммуналдық жағажайлар заманауи үлгіде жабдықталады. Бұл қадамдар өңірдің экологиялық мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз